Талибан қозғалысының идеологиялық сипаты мен негізі
Талибан қозғалысының идеологиялық сипаты мен негізі
24.08.2021
1084
0

Қазіргі таңда ел назарын өзіне аударған «Талибан» қөзғалысы қысқа мерзімде Ауғанстанның бүкіл аумағын жаулап алды. Ауғанстан президенті Ашраф Гани Кабулға тәліптердің енуіне байланысты президенттік өкілеттігін тоқтатып, елден кетті, ал мемлекеттің әскер сарбаздары американдық әскери техникалар мен жабдықтарды қалдырып, содырларға қарсылық танытпай жаппай берілуде. Естеріңізге сала кетейік, Ауғанстандағы жағдай АҚШ әскерінің елден шығарылуымен күрделене түсті. Жалпы «Талибан» деген кімдер?

«Талибан» қозғалысы Пәкістанның солтүстігінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан (1979-1989 жылдары) шығарылуынан кейін пайда болды. Бұл діни және саяси ұйымның негізгі мақсаты - Ислам шариғатының заңдарына бағынатын мемлекет құру. Әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда (Қазақстанда «Талибан» қозғалысы 2005 жылғы наурыз айында террористік ұйым деп танылды, оның қызметіне республика аумағында тыйым салынған) лаңкестік деп танылған және тыйым салынған ұйым өкілдері он жылдан кейін Ауғаныстан билігіне қайта оралуда.

«Талибан» сөзі пушту тілінде (Ауғанстандағы басым халықтың тілі)және араб тілінен аударылғанда  «ізденуші», «талапкер» немесе «медресе шәкірттері» дегенді білдіреді. Себебі, бұл қозғалыс көршілес Пәкістан медресесінде оқыған ауған босқындарының арасында пайда болды. Ал, «Талибан» қозғалысының көш басшысы ретінде молда Мұхаммед Омар тағайындалды. Бастапқыда «Талибан» қозғалысының мақсаты моджахедтер үкіметін құлатып, Ауғанстанды ислам мемлекетіне айналдыру еді. 1996 жылы талибтер билікті басып алып, жаңа мемлекет - Ауғанстан Ислам Эмиратын жариялады, олардың қанша күш салғанына қарамастан, халықаралық қауымдастық бұл мемлекетті мойындамады. Сол кезде жаңа мемлекет ретінде тек Пәкістан, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері ғана қабылдады.

Талибандар билікке келгенен кейін елдің көп бөлігінде өз режимін орнатуға тырысты. Кеңес әскерлері Ауғанстан аймағынан шығарылғаннан кейін азаматтық қақтығыстардан шаршаған ауғандықтар саяси сахнада Талибтерді қарсы алды. Олар бастапқыда жемқорлықты жою, заңсыздықты тежеу және қауіпсіздікті бақылау, бизнесті өркендету арқылы танымал болды. Алайда басқаратын елді-мекенде тұратын тұрғылықты ауғандықтардың өмірі енді шариғат заңына бағыну керек болды: кісі өлтіру немесе неке адалдығын бұзғаны үшін өлім жазасына кесілді, үкім көпшілік алдында, сотсыз орындалды. Ұрлықпен ұсталғандардың жазасы ретінде қолдары кесілді. Еркектерге сақал қою, ал әйелдерге паранжа кию міндеттелді; бұл режимге бағынбағандарды  түрмеге қамап немесе қамшымен ұрып қорқытты. Теледидар, фотосурет, музыка мен кино және т.б. тыйым салынды. Бүгінгі күні осы реформалық режимді ауған халқы қайтадан басынан кешіруге тура келеді.

Енді Талибан қозғалысының діни идеологиялық сипаты мен негізіне келетін болсақ, Ауған елінің күрделі тарихында болған тынымсыз реформалық қозғалыстар мен соғыстар  әсерінен талибан жақтаушылары ислам дінінің негізін де, саяси және әлеуметтік өмірін де өзгертті. 1994 жылы пайда болған «Талибан» қозғалысының құрылтайшылары өздерін исламды реформалаушы ұйым ретінде бағалады. Сонымен бірге, талибандардың исламды түсіндіруі оларды салафиттерден және «Мұсылман бауырлар» ұйымының радикалды исламшылдарынан (Қазақстан республикасында тыйым салынған ұйым), әсіресе сопылық жолдан немесе дәстүрлі сунниттік ханафилерден түбегейлі ерекшеленді. Талибандар исламның  «деобандтық» (оның кейінгі даму түрі – «Таблиғи жамағат») иделогиясын ұстанды, яғни – радикалданған ханафиттік бағытты. «Талибан» қозғалысының идеологиялық көзқарастары Деобанд мектебінің, сонымен қатар «Таблиғ жамағат» діни ағымының әсерімен қалыптасқан саяси-діни ұйым болды.

Деобандизм - ХІХ ғасырдың соңында Үндістанның Деобанд қаласында білім беру орталығы «Дар-ул-Улум Хаккания» медресесінде пайда болды. Медресенің құрылтайшылары шариғат заңдарына және сопылық тәжірибеге сүйене отырып, исламның бұрынғы даңқын жандандыратын жас мұсылмандарды тәрбиелеу мен оқытуды маңызды қадам деп санады. «Исламдық реформация» атын жамылған Деобанди қозғалысы дін туралы өзіндік идеясын насихаттады. Деобанд мектебінің түлектері Ислам дінін кез келген жаңашылдықтан (бидға) қорғауға тырысты, дәстүрлі исламның ережелерін қатаң түрде ұстанды.  Олар басқа діни ағымдарды мойындамады және оларды күпірлікпен айыптауға дейін барды, ал әйелдердің құқықтарын қатаң түрде шектеді, исламдық рәсімдерді, намаз оқу тәртібін қатаң сақтауды талап етті. Уақыт өте келе деобандистер ілімі ханафи мазхабы жақтаушылар арасында танымал болды, әсіресе Оңтүстік Азия елдерінде. 1947 жылы Пәкістанда көптеген деобандиялық медреселер ашылды. Медресе түлектері Пәкістанның әртүрлі провинцияларында, соның ішінде ауған босқындарының лагерлерінде өз көзқарастарын насихаттаумен айналысты. Талибан қозғалысының көптеген көш басшылары мен кейбір әскер командирлері деобандиялық «Дар-ул-Улум Хаккания» медресесінің түлектері. Дәл осындай медреселерде болашақ талибандар рулық, қауымдық, феодалдық иерархияны мойындамаумен және біртұтас мұсылман мемлекетін құруға деген ұмтылысты Деобанд мектептерінде үйренді.

Сонымен қатар Деобанд медреселерінде  «Таблиғи Жамағат» ұйымының жақтаушылары шыққан, олар деобанди ілімі мен «Талибан» қозғалысы арасындағы байланыстырушы буын болды. Деобандизм идеялары басым болғанына қарамастан, «Таблиғи жамағат» қозғалысының жақтаушылары өзара келісе алмай, байсалды және радикалды топтарға бөлінді. Олардың бөлінуіне себеп болған жиһад идеясының түсіндіруінде еді. Байсалды топтың өкілдері жиһадты өз бойындағы нәпсіге қарсы жеке күрес деп санады, ал радикалды топ жиһадты кәпірлерге қарсы күрес ретінде қабылдады. Р.Билалов атап өткендей, «Таблиғи Жамағаттың радикалды ізбасарлары кейіннен өздерінің әскерилендірілген ұйымдарын құрды»[1]. Дәл осы «Таблиғи жамағат» және Деобанд медреселерінің ықпалымен талибан қозғалысының идеологиялық көзқарасы қалыптасты. Алайда, негізгі деобанд ілімі ешқандай да экстремистік идеологиясы болып табылмайды, тек, оның жақтаушылар тарапынан фундаменталистік дін ретінде көрініс тапқанын ескергеніміз жөн.

Қорыта келе әлеуметтік желідегі мәліметтерге сүйенсек бүгінгі күні «Талибан» қозғалысы Ауғанстанда соғыстың аяқталғанын және тәліптердің толық жеңіске жеткенін хабарлауда. Алдағы уақытта «Талибан» қозғалысының елде қандай басқару формасы болатыны әзірге белгісіз, бірақ ауған халқының өмірі мен мүлкі үшін тәліптер жауапты екені белгілі.

 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы            А.Дүйсен



[1] Билалов Р. «От проповеди до джихада» [Электронный ресурс] // IslamToday. 2015. 21 янв. URL: http://islam-today.ru/islam_v_mire/ot-propovedi-do-dzihada/ (дата обращения: 11.02.2018).

0 пікір