Салт білмеген сауапты түсінбейді
Салт білмеген сауапты түсінбейді
16.03.2021
712
0

Дәстүр - әр халықтың сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, сан ғасырлар бойы ұлттық құрылым ерекшелігіне қарай жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптар жиынтығы, қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері болып табылады. Қазақ халқының да шығу тегі, этникалық тарихы мен ерекшеліктері өте күрделі және ұзақ кезеңдерді қамтитындығын білеміз. Тарихи қалыптасқан ұлттық құндылықтар, әдет-ғұрыптар, түрлі рәсімдердің пайда болуы мен дамуына бірнеше себептер тікелей және жанама әсер етіп отырады. Әсіресе, ұлттық салт-дәстүр мен ғұрыптарды дамытуда материалдық және рухани мәдениеттің, табиғи ортаның, экономикалық қатынастардың әсері ерекше орын алады. Уақыт өте келе, рухани мәдениет дамыған үстіне дами түсіп, ұрпақтан ұрпаққа аманат ретінде жетіп отырды. Қоғамның дамуына байланысты түрлі әдет-ғұрыптар мен ырымдар да өзгеріп, кейбірі іс жүзінде ұмыт қалдырылды. Күнделікті тұрмыста жаңа ғұрыптар пайда болып, уақыт сынынан  өтіп жатқаны да қаншама?!                       

Түрлі тарихи кезеңдерде еліміздің жергілікті тұрғындары қатарына өзге тайпалар мен ұлттар қосылып, қазақ елінің дәстүрлерін қабылдады және оған өз үлестерін қоса білді. Сонымен қатар, халқымыздың ежелгі ұлттық салт-дәстүрлері бүгінгі күнде ерекше дамып, дінге байланысты ғұрыптар, Ислам дінінен бөлек тыс рәсімдер, аза тұту мен некелесу (үйлену тойлары) халқымыздың өмірінің ажырамас бөлігіне айналуда. Егеменді еліміздің тарихы терең дәстүрлерінің ішіндегі қонақжайлылық – өзгелер жоғары дәрежеде бағалай алмайтын ерекше салтының бірі. Осы тұрғыда тілге тиек ете кететін жәйт: қазақ халқы келген қонағын құрметтеп, иығына шапан жауып шығарып салған. Ал, бұл мезетте үйдің кенжелері келген қонақтарға кедергі келтірместен, сыртта ойнаған. Үлкендерді құрметтеу халқымыздың әр отбасында қалыптасқан көркем мінезден болып, жеткіншектерге жастайынан: «Үлкенге құрмет, кішіге ізет»,-деп саналарына сіңдірген.                                                                                                                    

Орта Азияға Ислам діні енгеннен кейін қазақ халқының рухани баға жетпес құндылығы болып табылатын салт-дәстүрлеріне дінмен тікелей байланысты әдет-ғұрыптар қосылды. Олардың қатарына үйлену тойы, жаңа туған нәрестенің құлағына азан айту, сүндет той, туған күн мерекесі және басқалары жатады. Алайда, «ақша кетсе де, абырой кетпесін», - деп ысырапшылдыққа жол беріп өткізіп жатқан той-думандар жайында БАҚ беттерінде жаңалықтар күнде жарық көруде. Мұндай ысырап тек той-томалақта ғана емес, діни рәсімдерді өткізу барысында да байқалады. Мысалы, жаңа туған нәрестенің атына игі тілек білдіру үшін туыстарға берілетін ас (ақиқа) шарасын өткізудің орнына, бүгінгі жастарымыз «қуаныш үстіне қуаныш болсын», - деп жолдастарымен ішімдік ішіп тойлауда. Жалпы, Ислам дінінде мереке мен мейрамға ешқандай қарсылық жоқ. Тек, ондай жағдайда әдеп шекарасынан шықпай, ысырапшылдыққа жол бермеу қажет.  Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) немерелері Хасан мен Хусейн дүние есігін ашқанда екі қой сойып, ас берген. Асылында перзентінің келешекте аман-сау өсіп, Отанына және отбасына өз пайдасын тигізетін саналы ұрпақ болып жетілуі үшін баталы ауыз ақсақалдарды асқа шақырып, ақ тілегін алу- құптарлық іс.                    

Кейбірдеструктивті ағым жақтаушылары Наурыз мерекесін Аллаға серік қосу амалына жатқызып, атап өтуден бас тартады. Ал мұндай жаңсақ пікірге қарсы ғұламалар: «Әз-Наурыз – халықтың көңілін көтеріп, қуанышқа бөлеп, ізгі-тілектер айтысып, жақсылыққа үндейтін Алланың Хақ діні – Исламға қайшылығы жоқ халқымыздың ежелден тойлап келе жатқан дәстүрлі мерекесі»-деп, тұшымды жауап қайтарған.                                                                                      Алты алаштың дәстүрі сансыз, солардың тағы бірі – әр ру мен тайпаның таңбасы мен туы болғандығы. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) қандай да бір жорыққа аттанар алдында әр тайпаға өз туын белгілеп, ішіндегі ең сенімді әрі қайраттысына ұстатқан. Ал қазір халқымыздың туы бір, елтаңбасы белгілі. Мұндай дәстүрімізді қастерлеп, қадіріне жету әр азаматтың борышы деп есептейміз.                                                                                         

Қорытындылай келе, ескіден келе жатқан, санаға сіңген әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрдің барлығы дерлік адам тәрбиесінде өте маңызды рөл атқарады. Қайырымдылық, бауырмалдық, достық тұрғысында біздің рухани құндылықтарымызды ең жоғарғы деңгейге қоюға әбден болады. Сондықтан да ата-бабаларымыз: «Салт білмеген сауапты түсінбейді»,- деп бекер айтпаған.

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы         

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің 

Жетісай ауданындағы маманы Б.Шаймерден

0 пікір