Өз еліңді өгейсінбе
Өз еліңді өгейсінбе
27.10.2020
829
0

Баршамызға белгілі, 1992 жылы 7 – мамырда тәуелсіз елдің заңды құқықтарының негізінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы күштер өздерінің мүліктерімен қоса мемлекет қарауына өтті. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің құрылған күні болғандықтан, «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні», -  деп жарияланды.       

Отанды, отбасыны, халықты қорғау – әр азаматтың ерлік қасиеті, елге деген махаббаты мен абыройлы міндеті. Шекараны қорғау – Отанды қорғау. Ал, мұндай іске әрдайым дайын тұру – ер кісінің қанына сіңген қасиет болуы шарт.     Тәуелсіздіктің лебі ескен уақыттан бастап, елімізде әр сала өз кезегімен дамып келеді. Атап айтқанда, тарихы терең Түркістанның жеке облыс болып қалыптасуы, зәулім тұрғын үй кешендері  мен көркі көз тартар ғимараттардың, мешіттердің бой көтеруі – мұның айқын айғағы болмақ. «Алла Тағала қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүруімізге нені себеп қылды?», - дейтін болсақ, халқымызға берілген тыныштық пен бейбітшілікті, ынтымақты себеп етті. Сондай- ақ, шекарамызды күндіз – түні күзетіп, өз антына адалдық танытқан қарулы күштердегі қызметкерлердің жемісті еңбегінің арқасында құлшылық- ғибадаттарымызды еркін атқарып, түнде ұйқымыз тыныш болуда.                        

Бірақ, өскелең ұрпақ Отанға аянбай, адал қызмет етуі үшін патриотизмге тәрбиелеп, құс ұшса қанаты талатын мекенде туып- өскеніне мақтану қасиетін бойларына дарыта білуіміз керек.                                                                              

Отан – адамның кіндік қаны тамған, жастық шағы өтіп, тәлім – тәрбие алатын мекені. Өзге елге  сапарға шықса, ыстық топырағын сағынатын жері. Отансүйгіштік тек қана адамзатта ғана емес, жануарларда да бар сезім. Мысалы, балық суға, жануарлар ініне, құстар ұясына ынтық болып тұрады. Ақылы кем болса да, сол жануарлар өз інін таниды, онда өмір сүреді, сонда көбейіп, қажет болса оны қорғайды. Сол себепті, пікірлеуі бөлек, өзгелерден үстем етіп жаратылған пендеде бұл сезім ең жоғарғы дәрежеде болуы керек деп есептейміз. Имам Ғазали Отан жайлы: «Отанның да ақылары болады: «тыныштық пен ынтымақта өмір сүріп жатқанына шүкіршілік ету, кеткенде – оны сағыну. Отанды кемсіткенде – оған ашулану,  шабуыл жасалғанда – оны қорғау» - осы елде туылып – өскендердің мойнындағы міндет» - деп айтқан.                         

Мұсылмандар үшін ең қасиетті мекен болған ол – бес парыздың бірі өтелетін Мекке қаласындағы Қағба. Онда барып қажылық және Ұмра жасау әр мұсылманның арманы. Дегенмен, Отанға деген махаббаттың күштілігі соншалық, қажылық амалдары орындалып біткен соң, ол жерде бір күн де қалмай, әркім өз мекеніне, сүйікті еліне оралуын қалайды. Мінекей, осы сарқылмас сезім арқылы адам өзі өмір сүретін үйді, ауыл немесе қаланы көркейтеді, оны ұлықтап, қорғайды. Отанға деген сүйіспеншілікті материалдық және рухани тұрғыдан арттыруға болады. Мысалы, ұстаздардың балаларға дұрыс бағыт көрсетіп, тәрбиелеуі. Егер кімде – кім мұндай маңызды іске немқұрайлылық танытып, қиянат жасайтын болса, отбасына, халқының абыройына нұқсан келтірген болып есептеледі. Сол үшін әділетті халифа Омар (р.а): «Егер Отанға деген сүйіспеншілік болмаса, халық жоғалар еді», - деген.                               

Ардақты Елші Мұхаммедке (с.а.с.): «сені халқың өтірікшіге шығарады, көп қиындықтарға душар боласың» - деген хабарды естігенде, еш мұңаймады. Тек қана: «сені халқың қуып шығарады» - деген сөзді құлағы шалғанда: «мені жұртым өз мекенімнен қуады ма?», - деп көңілі құлазиды. Меккеден қоныс аударған сәтте: «Уа, маған сүйікті болған мекенім Мекке! Егер қауымың мені қумағанда сені ешқашан тәрк етпес едім», - деп көзіне жас алған.                                                   

Әттең, «қолда барда алтынның қадірі жоқ» - демекші, сапарға шыққанда ғана осы ұлық сезімді сезініп жатамыз. Кезінде бабаларымыз аштық уақытында, сұрапыл саясат жүргізілген шақтарда бірі жаны үшін, бірі малы үшін, ал бірі білімін сақтау үшін жер асып, шет мемлекеттерге қоныс аударған. Бірақ, кейбірі осы мекенде қалып қойды. Себебін сұрағандарға: «егер бірі малы, бірі жаны үшін кетсе, мына ыстық мекенді кімге аманат етіп қалдырамыз? Кім бұл мекеннің топырағын қорғап қалады», - дейтін. Тіпті, қуғынға ұшырағандардың қатарында ғалымдар болса, оның шынайы шәкірттері: «пәленше деген ғалым менмін», - деп ғалымның аман қалуына себепкер болатын. Сол ғалымға белгіленген жазаны өзі тартып, өзі болмаса да ұрпағы ғылымды игеруін, Отанына деген махаббатының берік болуын қалайтындар да табылған. Өзге елде шарасыздықтан бой тасалаған қандастарымыз туған жерін сағынған уақытта тау беткейлеріне шығып, байтақ қазақ даласынан келетін самал желдің лебін құшырлана иіскейтін де замандар болған деседі.

Тәуелсіздік туы желбіреп, көк байрағымыз көкке көтерілгенде, спорттан не өзге ғылыми саладан жерлестеріміз жетістікке жетіп жатса, өз ұрпағымыз жеңіске жеткендей қуанамыз, марқайып қаламыз. Бұл да патриотизмнің бір бөлігі. Өкінішке орай, осындай қастерлі болған сезімнің қадіріне жетпестен «өз елін өгейсініп», жат жұртқа жалған жиһадпен аттанғандар да аз емес. Сан соғып, тыныштық орнаған мекенінен кетіп, өлімге бір табан жақын жерге барғанын көргенде ішін алай – дүлей сезім билеп, өкінеді. Өз сенімін қолдамаған адамдарды күпірлікте айыптап, жолының қате екендігін сонда барғанда ғана түсінеді. «Сахих хадистерді» іздеуші «уаһһабилік» бағыттағы азаматтарға айтарымыз: Имам Бухаридың риуаятында келген Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Екі көз тозаққа күймейді: Алладан шынайы қорқып, жылаған көз. Екіншісі, Алла жолында шекара күзеткен көз», - деген сахих хадисін неліктен көрмейді?! Неге осы хадиске амал жасап, Отанымыз Қазақстан жолында түрлі салаларда адал қызмет етпейді?! Бұл сұраққа жауап табылуы бір сәрі, үнсіздік танытады...                       

Қорытындылай келе, Еліміздің тыныштығы мен Отанды қорғау жолында азаматтық борышын өтеп жатқан барша қызметкерлерге шыдамдылық пен күш- жігер, отбасыларына амандық тілейміз! Жаратушы Ие елімізді жамандықтардан сақтап, нағыз патриот, нағыз батыл және батыр ұрпақтарды тәрбиелеуді нәсіп қылғай!

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ - нің  

теолог маманы Б.Шаймерден

0 пікір