Медет тілеу дәстүрге қайшы ма?
Медет тілеу дәстүрге қайшы ма?
26.01.2022
883
0

         Медет тілеу деген Ислам діні бойынша адамдар Алладан «дұға, көмек» сұрау деген мағыналарға саяды. Жалпы адам баласының белгілі бір мақсатқа жету үшін Алладан дұға ету арқылы сол көздеген мақсатына қол жеткізу. Медет тілеуді арабша «тәуәссул» деп атайды. Ал, бұл тәуәссулдің бірнеше түрі бар.

         Қазіргі таңда бұл өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Себебі, кейбір топтар медет тілеуді жоққа шығарса, ал басқа бір топ медет тілеудің өзіндік шеңберінен шығып кетіп жатқанын байқаймыз. Асылында бұл мәселеге қатысты ислам шариғаты не деген әрі бұл қазақ халқының дәстүріне қайшы келе ма? сол тұрғысына тоқталып өтсек.

         Ғалымдар арасында тәуәссулдың мына түрлерін шариғатқа қайшы емес деп бірауыздан келіскен.

  1. Алла Тағаланың көркем есімдерін себепкер етіп, мысалы, «Рахман есіміңнің құрметіне» деп медет тілеу.
  2. Басқа бір салиқалы кісіден өзі үшін дұға етуін өтіну түрі. Қазақ халқындағы бата сұрау үрдісі де тәсәссулдің осы түріне жатады. Бұлай дұға сұрау Пайғамбар (с.а.с) заманында көптеп кездеседі. Яғни, қазақ дәстүрінде медет тілеудің өзіндік орыны бар екендігі айқын. Ата-бабамыз өзіндік ұстанып қалыптастырып әрі шариғат заңдылығына қарап шеңберден шықпай үрдіс қалыптастырғандығын байқаймыз.
  3. Салиқалы ізгі істерді себепкер етіп дұға жасау. Осыған қатысты Имам Бухари мен Муслимде келген сахих хадис дәлел бола алады. Бұл хадисте үңгірде қалып қойған үш жігіттің оқиғасы екендігі мәлім.

Ал енді кейбір ғалымдардың ғана қарсы шыққан тәуассул түрі мынандай: Пайғамбар (с.а.с) немесе аса тақуа бір кісінің Жаратушы алдындағы мәртебесі мен Алла Тағалаға деген жақындығын себепкер ету арқылы «Пайғамбардың құрметі немесе пәленше құлыңның мәртебесі үшін» деп тілек тілеу түрі.

Шынындығында тәуәссулдың бұл түріне байланысты айтылған қайшы пікір – сөзде ғана болып тұр. Себебі, барлық айтылған уәждер мен дәлелдердің арғы астары бір пікірде тоғысады. Олай дейтініміз, бұл түрдің де негізгі астарына үңілсеңіз, жоғарыда барлық ғалымдар бірауыздан қабылдаған «ізгі істерді себепкер етіп тәуәссул жасау» түрінің аясына кіретіндігін байқаймыз. Себебі, бір кісі «Пәленше құлыңның құрметі үшін» деп тәуәссул жасап дұға еткенде, «ол кісінің ерекше тақуа» екендігін себепкер етеді. Ал, ол тақуалыққа ізгі амалдарымен жетіп отыр. Ендеше, «құрметі үшін» деу арқылы тәуәссул жасау – тақуа кісінің ізгі амалдарының жиынтығын себепкер етіп тәуәссул жасау деген сөз. Ал ізгі амалдарды себепкер етіп дұға жасауға барлық ғалымдардың келісетіндігі сөзсіз. Яғни, дұға жасаған кезде салихалы кісіні ортаға қойып дұға жасаудың еш әбестігі жоқ екендігін көруге болады. Дегенменде, әулие кісіден сұрау емес сол әулие кісінің құрметіне деп дұға жасаған дұрыс. Осыған қатысты, Сахих Бухаридегі Әнастан риуаят етілген мына бір оқиғаны дәлелге алуға болады. Елде жауын-шашын болмай, құрғақшылық жайлаған кездерде Омар ибн Хаттаб Пайғамбар немере ағасы Аббастың құрметіне Алла Тағаладан былай деп жаңбыр сұраған: «Ей, Алла Тағала, Біз Сенің пайғамбарың Мұхаммедтің құрметіне жаңбыр сұраушы едік. Сен бізге жаңбыр беруші едің. Енді сол пайғамбарыңның немере ағасы Аббастың құрметіне бізге жаңбыр жаудыра гөр! Осыдан кейін оларға жаңбыр жауатын»[1] - деген сахих хадис келген.

Қорыта келе, жоғарыдағы медет тілеудің түрлеріне көпшілік ғалымдар қарсы пікір айтпай, құптағанын байқауға болады. Ал, қазақ халқының дәстүрінде бүл үрдістің бар екендігін айқын байқауға болады. Мәселен, жоғарыда келтірген үлкеннен бата сұрау секілді үрдіс тәуассулдың бір түрі екендігі анық. Яғни, бұлай медет тілеу дәстүрге қайшы келмейтіндігі анық. Дегенменде, қазіргі уақытта кейбір жастар бұлай медет тілеуде шеңберден шығып кететінін байқаймыз. Сол себепті, дұға тілеген кезде «пәленше әулиенің» құрметі үшін яки, Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың құрметі үшін деп тілеген абзал. Медет тілеудің өзі қазақ дәстүріне еш қайшы келмейтіндігі мәлім. Алайда, медет тілеудің өзіндік үрдісі мен тәртібі бар екендігі ақиқат, сол ақиқаттан көз жазбаған дұрыс.

 

Н.Әмзеев

Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу

орталығы» КММ-нің теолог маманы                                                                 



[1] Ахмад ибну Али ибни Хажарил-Асқалани, Фатхул-Бәри ли шархил-Бухари, Китабулистиска, 3-том, 182-бет. Дәрул-Фикр, Бәйрут. 2000 ж.

0 пікір