Мәдениет және өркениет
Мәдениет және өркениет
18.06.2021
1932
0

Дін - тарихи-мәдени таным ретінде өркениетке өмір сыйлады. Олардың бірлескен өзара әрекетінен, әлемдік тарихтың мазмұны құрылады. Мәдениет пен өркениет бастапқы жабайылықтан құтқарып, халықты адамгершілікпен мейірімділікке жетелеп, адамды түбегейлі өзгеріске ұшыратады. Дін – мемлекеттік бірлік пен билікті нығайтушы, адамдарды жақындастарушы, қоғам тамырындағы қан айналымын реттеуші, бауырмашылық пен ұйымшылдықты уағыздаушы. Дін - адамдарды білімділікке, еңбек етуге, сабырлылыққа, қайраттылыққа үндейді.

Орта Азия және қазақ топырағы сонау көне заманнан мәдениет пен өркениет ошағы болғандығы баршамызға мәлім. Ежелгі сақ-ғұн дәуірлерінен қалған «Алтын адам» сынды құнды жәдігерлерді айтпаған күннің өзінде Күлтегін, Орхон-Енисей жазулары мұның бірден-бір дәлелі. Сонымен қоса, әлем мәдениеті мен өркениетін байланыстырған Ұлы Жібек жолының қазақ даласы арқылы өтуі де оның ары қарай ілгерілеп дамуына зор ықпалын тигізді. Бұл тұста VII-VIII ғасырларда баcтау алып, Х ғасырдың екінші жартысында қазақ тайпалары ислам дінін қабылдап қана қоймай, өз салт-дәстүрле­рімен ұштастырып, ұлттық саналарының қазығы етті. Міне, осы кезеңнен бастап, қазақ жері ислам өркениеті тараған аймаққа айналды. Сунниттік бағыттағы мұсылман діні - қазақ халқының рухани байлығының ажырамас бір бөлігіне айналды. Негізінде, қазақ халқы мәдениеті мен тарихындағы ислам дінінің рөлін екі аспектіде қарастыруға болады. Бір жағынан алғанда, құлдырап бара жатқан нанымдардың орнына келген ислам діні адамдардың адамгершілік тұрғыдан биіктеуіне, екінші жағынан интеллектуалды және мәдени ілгерілеуіне себепші болды.

 Қазақ даласында «Құран», «пайғамбар», «шариғат», «ислам» сөздері үнемі қолданыста жүрді. Араб-парсы классиктерінің шығармалары қазақ ұлттық мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Өзінің бүкіл саналы ғұмырында  қазақ халқы араб жазуын пайдаланып келді. Соңынан мұны Ахмет Байтұрсынов реформалап, өзіндік «төте жазуға» айналдырды, оған қазақтың төл дыбыстарын білдіретін таңбалар ендірді. Қазақ мәдениетінің майталмандары атанған ақын-жыраулар, күйшілер, билер  ислам өркениетінің көрнекті өкілдері атанды. Олардың діни білімдері ерекше болды. Қожа Ахмет Ясауи мен Асан Қайғыдан бастап, Шәкәрім мен Міржақып Дулатовқа дейінгі қазақ мәдениетінің барлық өкілдері ислам руханиятының тасымалдаушыларына айналды. Қазақ зиялыларының барлық өкілдері, мұсылмандықты ұлттық-мәдени өмірдің қажетті бөлігі деп санады

Дала мәдениетінің өзіндік ерекшеліктері орын алды. Кейде «көшпенді мәдениет» пен «мұсылман мәдениеті» ұғымдарын шатастырып жатады, бұл екеуі дербес ұғым болып табылады. Өйткені, «көшпенді мәдениет» шаруашылық жүргізу және тұрмыстық салттарды, ал «мұсылман мәдениеті» дін аясында өмір сүруді білдіреді. Мәдениет (өркениет) рухани саламен, дінмен байланысты болды. Тарихи тәжірибенің көрсетуі бойынша сан ғасырлар бойы қалыптасқан көшпенділер мәдениеті ислам дінінен тыс қалыптасып үлгерген. Сондай-ақ, оның шеңбері аясында өмір сүре алады. Ислам діні көшпенді мәдениеттен отырықшылыққа көшуге мәжбүрлемейді. Мұның өзі қазақтардың ислам дінін қабылдауына да өзіндік әсерін тигізді.

Ағартушылық дәуірінің философтары тек қана дамыған мәдениеттен өркениеттілік туады деуден табжылмады. Ал осыған сәйкес, өркениет мәдениеттіліктің кемелдігінің көрсеткіші болып саналды. Дәл осындай ұстанымдарды біз А. Гумбольдтың және Э.Тайлордың еңбектерінен көреміз, олар «мәдениет» ұғымымен қатар «өркениет» ұғымын бір-бірімен жиі ауыстырып пайдаланды.

Мәдениеттің негізгі факторлары мыналар:
1. Дін: Иман және сенім жүйесі.
2. Тіл: Әр ұлттың өзіне тән сөйлеу және түсінісу құралы.
3. Өнер: Әр ұлттың өзіне тән сән, зауық және сезімдердің бейнеленуі және жасалуы.
4. Тарих: Әр ұлттың өзіне тән өмір сүру салтының, мәдени байлығының замана ағымындағы көрінісі, іс-әрекеттердің даму барысы.
5. Әдет-ғұрыптар: Құқықтық-қалыптық құжат еместігіне қарамастан, қоғам тарапынан есепке алынатын, іске асырылатын салт-дәстүрлер.

 Осы қасиеттердің барлығын зер сала зерттегенімізде, ислам дінінің қазақ халқының мәдениетіндегі ең маңызды бөлік екенін көреміз. Сонымен мәдениет пен өркениеттің парқы неде? Мәдениет ұлттық сипатта болғанымен, өркениет дегеніміз халықаралық, ғалами сипаттағы нәрсе. Жоғарыда айтып өткендей, бір мәдениетті, екінші мәдениетке тұтастай аудару мүмкін емес. Ал өркениет болса, жалпы адамзатқа тән байлық.

Неміс философы О.Шпенглер қазіргі заманымыздың өркениетінің жетістіктерін терістемейді, бірақ өркениет шынайы мəдениетті ығыстырып жібереді деп ескертеді. Өркениет дəуірінде философия мен өнерге ешқандай қабілеттері жоқ, тек материалдық құндылықтарды ғана көздеген хайуандық инстинктері басым жансыз адамдар рухани мүмкіндіктерін жоғалта бастап, тек тəндік кажеттіліктерін қанағаттандыруды, пайданы ғана көздеген адамдар саны өсті. Мұндай кұбылысты түсіндірген О.Шпенглер:    «Мəдениет бұл организм сияқты. Адамдар өркениеттің жетістіктерін тек пайдаланумен ғана шектеліп, өздері сияқты, ал əлемдік тарих - бұл осы организмнің коллективтік, ұжымдық биографиясы», - деген. Сонымен, жалпы алғанда, адамзат қауымының аяқ басып отырған XXI ғасырдағы мəдениетінің тағдыры, М.Шаханов айтқандай, тамырсыздық індетіне ұшырап отыр.

Қорыта келе, түркі даласын, оның ішінде сан ғасырлық өз тума мәдениетін жасап, оны өмірлік ұстанымы етіп жүрген қазақ халқы туралы, қалам толғағандар әлі де мұсылмандық мәдениет аясында жазылған және тарихи еңбектерде сақталып қалған мұраларымыз мол.

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ нің

дінтанушы  маманы        Б.Абдрахман              

0 пікір