Коуч-тренерлер неге дінді пайдаланады?
Коуч-тренерлер неге дінді пайдаланады?
18.08.2021
774
0

Қазіргі таңда халыққа түрлі бағытта дәріс оқитын, мотиватор тренер-коучтардың саны көбейді. Ал олардың сөзінен мотивация алғандар да, еш әсер етпей, көңілі қалғандар мен алданып қалғандар саны да аз емес. Дегенмен қазір кез келген жанның өз білгенін жұртпен бөлісуі қылмыс емес. Бастысы заңға қайшы келмесе болды.

Коучинг термині тиімді, әрі жаңа термин болып табылады. Дегенмен де, көптеген адамдар коучинг терминін жай ғана психотерапия немесе тренингтік жаттығулар деп санайды, алайда ол әдіс оқыту процесінде қолданатын тиімді, әрі қолжетерлік әдістердің негізгілері болып есептелінеді. Коучинг ілімі қазір әлемнің көптеген елдерінде табысты қолданылады. Алдымен коуч сөзін анықтап алайық, коучинг (ағылш. coaching-оқыту, жаттықтыру) консалтинг және тренинг әдісі; классикалық консалтинг пен тренингтен айырмашылығы - коуч кеңес және қатаң ұсыныстар бермейді, ол шешімді клиентпен бірлесе отырып іздестіреді. Ал психологиядан айырмашылығы коучингтегі мотивацияның бағытында. 

Тренинг – бұл тұлғаның қарым-қатынас стилінің үйлесімділігіне, оны өзгертуге және басқалармен қарым-қатынастағы қарама-қайшылықтарын, тұлғаның ішкі қарама-қайшылығын шешуге бағытталған эмоционалдық  тұрғыдан өткізілетін сабақ.

Тренингтің түр-түрі бар. Үйде отырып табыс табу туралы, маркетинг бойынша, психология, іздеген тренеріңізді таба аласыз. Қазіргі адамға олардың бәрі бірдей пайдалы ма? Атына заты сай емес тренингке алданып қалмау үшін нені білген жөн?

Өзі мен ісі сай келетін тренерге барған дұрыс.  Психология бойынша тренинг өткізіп жүрген әйелдердің кейбірі өзінің жеке өмірі келіспесе де, өзгелерге отбасында бақытты болуды үйретіп жүр. Отбасы бақытын өзі сезінбеген адам оны жұртқа қалай үйретеді?

Дінді қолданып, көпшілік арасында дәріс оқу қаншалықты заңды?

            Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» № 483-IV Заңының 8-бабы 1-тармағына сәйкес:  «Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар миссионерлік қызметті тіркеуден өткеннен кейін жүзеге асырады.

Сонымен қатар, Заңның 9-бабы 2-тармағына сай діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпарттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі.

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті аталған мәселеге байланысты психолог мамандардың діни ақпарат пен терминдерді қолдану барысында дінге үндеу сипаты анықталса, бұл өз кезегінде миссионерлік қызмет болып саналатындығын жеткізді.

Бұған қоса Дін істері комитеті «діни қызмет саласында жұмыс жасап жүрген бірқатар психолог мамандар ғана практикалық тұрғыдан дінге үндеусіз, діни терминдерді қолдана алады» дегенді алға тартып отыр. Дегенмен біздегі тренер-психологтардың барлығы дін саласында қызмет етіп жүрмегені анық.

қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әуесқой мамандардың діни насихат айтуын құптамайды.

 Психолог мамандар өздерінің тренинг, сабақтарында қандай да бір діни ақпараттар мен үкімдерді айту үшін ҚМДБ-да жұмыс істейтін мамандармен ақылдасып, кеңес алып барып айтқаны жөн болар...

Діннің адам өміріне әсер еткеніндей, әлеуметтік өмірде де әсерлері болады. Бұл тұрғыдан дін психологиясы әлеуметтік бір ортада өмір сүрген адамның діни ұстанымдарын, әрекеттерін зерттегенде социология, әсіресе дін социологиясының зерттеулерінен пайдаланады. Діни өмірдің қадірін білу үшін өткеніне де қарау қажет. Бұл жерде бізге діндер тарихы көмекке келеді.
Құбылыстың негізіндегі сенім және саналы өмірін айқындау үшін философия, дін философиясы және кәлам сияқты ғылымдарға мұқтаждық бар.
Ахлақ (этика) болса адамның, қоғамның өміріндегі жүріп-тұру ережелерінің қандай болатындығын және мәдениетке беріктік қағидаларын ортаға қояды. Діни әрекетпен ахлақи кемелдену арасында тығыз байланыс бар.

Белгілі теолог Балғабек Мырзаев та дін туралы  ілімдерді меңгермеген, зерттемеген адамдардың бәленбай мың аудиторияға дәріс оқуы дұрыс емес дейді.

Сондай-ақ теолог дін психологиясы туралы айтып берді. «Бір діндар адамның бойында сезім (эмоция), сенім, ғибадат, білім және әсерлену секілді негізгі  бес категория болу керек. Осы адамға тән болған дінмен өмір сүрудің психологиялық тұрғыдан әртүрлі аспектілерін зерттейтін ғылым саласы – дін психологиясы деп аталады. Басқаша айтқанда, дін психологиясы діннің адамның рухындағы  негізгі көріністерін, әрекеттеріне әсер ететін жағдайларын қамтитын сала.

Дін психологиясында діни сезім (эмоция), ойлану және қарым-қатынастарды зерттеу бар, яғни адамның діни өмірін терең және кең түрде жан-жақты қамтып, рухани оқиғалармен байланысын көрсетуге бағытталады.

Бұл ғылым саласы діни сипаттар мен Жаратушының сипаты, Жаратушыға сиыну түрі, діни түсініктер, эмоциялар мен әрекеттер және оларға әсер ететін факторлар, дін мен Жаратушыға деген сенімнің пайда болуы, дінін өзгертудің үкімдері, діндарлық түрлері, діни даму, дін-құндылық қарым-қатынасы сияқты тақырыптарды қарастырады, – дейді теолог.

Дін психологиясының зерттеу саласы – діннің өзі емес, дінді ұстанатын адамдар. Онда діннің адам бойындағы  көріністері зерттеледі. Ол оқиғаларды ғылыми әдіспен зерттейді және жіктейді. Дін психологиясы нормативтік ғылым емес. Дін психологиясы діни өрнектерді психологиялық даму мен процестер контекстінде қарастыратын ғылым.

 

 

«Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру»

бөлімінің  теолог маманы               Ш.Рысметова

0 пікір