Исламдағы бала тәрбиесі
Исламдағы бала тәрбиесі
29.09.2020
1160
0

           Қазақта «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген сөз бар. Дүниеге сәбидің келуі – өмірдің бір ғанибет-ғажабы деуге болады. Қазақ халқы баланы ерекше жақсы көріп, бала десе барын беретін бауырмал халық ретінде танылған. Балаларды сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, махаббат нұрын жаудыру әр ата-ананың міндеті. Ал баланы қалай тәрбиелеу ата-анаға тікелей байланысты. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі демекші баланың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына  жақсы және жаман қасиеттерді сіңіруі арқылы тікелей отбасында алған тәлім-тәрбиеге байланысты.

           Ал бала әке-шешесіне қарап, үлгі алады. Жас кезінен есірткі, сыра, темекі, зинақорлық секілді теріс  қылықтарға үйір болмауы, ешкімнің ала жібін аттамауы, есейгенде қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуы ата-ананың берген тәрбиесінің нәтижесі болып табылады.

           «Баланың тәрбиесі өмірлік жарыңды таңдаудан басталады»  - деп пайғамбарымыз айқын көрсеткен. Иманды жар – тәрбиелі ұрпағыңның мәйегі. Отбасының басты мақсаттарының бірі, ол салихалы ұрпақ сүю болуы тиіс. «Ана өзінің жүктілік кезеңінде асының адал болуын қадағалауы тиіс, себебі құрсаққа түскен жаман ас балаға зиян қылмай қоймайды» - деп пайғамбарымыздан келген тағыда бір хадисте көрсетілген. Есімін дұрыс таңда, себебі жақсы есімнің балаға әсері бар. Баланың тағдырына әке-шешесінің амалдарының ықпал ететінін ұмытпаған жөн. Әр нәресте мұсылман болып дүниеге келеді, әрі қарай оның иманды немесе дінсіз болуына ата-анасының тәрбиесі тікелей байланысты. Пайғамбарымыздан келген бір хадисте, екі жасар баласы бар әйел балаға тәрбиені қай жастан берсем болады деген сауалмен келеді. Сонда пайғамбарымыздың берген жауабы «сіз екі жылға кешіктіңіз» - деген екен. Себебі бала тәрбиесі ана жатырынан басталуы тиіс.

            Қазіргі қоғамда  жұмыс басты ата–аналар өте көп. Көптеген аналар тіршіліктің қамын ойлап, жасқа толмаған балаларын  бала күтуші немесе балабақшаларға қалдырып жатады. Сонда жас нәрестеге бала тәрбиесін кім үйретеді? Ана мейірімін кім береді? Ия, білінбейтін, бірақ қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналып тұрғанын байқаймыз. Ана мейрімін ешкім баса алмайды.  Ана – баласы үшін бар мейірімін аямайтын аяулы жан. Ол өз перзентінің еліне елеулі, халқына қалаулы болып өскенін қалайды. Ананың құшағы жылы, көңілі кең, жүрегі жұмсақ. Әрбір адам өз анасын құрметтеп, сыйлап жүруі керек. Себебі, қандай жетістікке жетсек те, ол – ананың берген тәлімді тәрбиесінің арқасы. Сол үшін бала тәрбиесімен аналарымыз айналысып, әкелереміз табыс тапқаны жөн болар. 

           Жас кезінде саған ата-анаң қомқор болады, ал есейгенде сен ата-анаңа қамқор боласың. Бірақ, қазіргі қоғамда ата-анасын құрметтемей, қарттар үйіне тапсырып жатқан  ұл мен қыздарымыз аз емес екенін байқаймыз.

           Бір ақсақал ұзақ өмір сүріп, тым қартайып кеткендіктен перзентіне жақпай қалыпты. Әкесінен жалыққан сорлы бала біржола құтылмақ үшін қарияны арқалап, жолға шығады. Шаршап, шалдығып, бір ағаштың саясына тоқтағанда әкесі баласына қарап жымиып, күліп қояды. Оған ұлы таңдана қарап, әкесінен күлгенінің себебін сұрайды. Әке сонда: «ұлым, менде бір кездерде әкемнің қызметінен құтылу үшін оны бейтаныс жерге апарып тастау ниетімен жолға шыққан едім. Мына дүненің қайтар дүние екенін қарашы, дәл осы жерге әкемді көтеріп келгенімде мен де аздап тынығып алу үшін осы ағаш саясына тоқтаған болатынмын…», - деген екен. Осы оқиғадан ғибрат алуымыз керек. Неге соңғы кезде елімізде мұндай жағдайлар орын алуда. Осындай қоғамдағы келеңсіз жағдайлардың барлығы, иманының әлсіреуінде десек қателеспеген болар едік.

 Балаларымыз бізді іс жүзіндегі үлгі ететін тұлға кейпінде көруі қажет. Бала үшін мың сөзден, бір жақсы іс әлде қайда өтімді болмақ. Сондықтан, жақсы әдеттерді бала бойына сіңіруде перзентімізге бет айна болуға тырысу. Мәселен, әлі тілі шықпаған сәби, намаз оқып тұрған әкесін көріп өссе, оның намазға деген көзқарасы қандай болатынын пайымдай беруге болады деп ойлаймын. Табиғиндер заманында өмір сүрген бір ғалым өзінің балаларына тәлім тәрбие беріп жүрген мұғалімге былай деген екен: «Сенің ең алғашқы ісің өзіңді дұрыстауың. Расында балалардың айыптары сенің айыптарыңа байланысты. Сенің істеген әр ісің олар үшін хайыр жақсылық, ал сенің жасамаған ісің олар үшін жаман».

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «كُلُّ مَوْلُودٍ يُولَدُ عَلَى الْفِطْرَةِ فَأَبَوَاهُ يُهَوِّدَانِهِ أَوْ يُنَصِّرَانِهِ أَوْ يُمَجِّسَانِهِ كَمَثَلِ الْبَهِيمَةِ تُنْتِجُ الْبَهِيمَةُ هَلْ تَرَى فِيهَا جَدْعَاءُ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ.

            Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Әрбір туылған сәби фитрада («әуелгі таза болмыста» – яғни, еш нәрседен бейхабар пәк болып) туылады. Сосын оны әке-шешесі не яһуди қылады, не христиан қылады, не отқа табынушы қылады. Бұл хайуанның хайуан туғаны іспеттес. Сен содан (туған төлден егер оның енесі мұрны кесілген пұшық болса) пұшықтықты көресің бе?» (Әбу һурайрадан (р.а.) Бұхари риуаяты).

Ата-ана әрдайым ұрпағының болашағын, мүддесін қызғыштай қорғайды. Отбасында тыныштық, береке-бірлік болғанда ғана салихалы ұрпақ өсіп шығады. Сол үшін үлгі-өнеге көрсетіп, қоғамға пайдасы тиетін ұрпақ өсуіне үлесімізді қосуымыз жөн болар!

 

Рысметова Шахиста

Дінтанушы

0 пікір