Хадиспен тікелей амал ету мәселені шешпейді
Хадиспен тікелей амал ету мәселені шешпейді
11.11.2020
595
0

          Ислам – бірлік пен ынтымақ һәм бейбітшілік діні. Ислам – адамзатты әділдік, мейірімділік, туралық, адамгершілік, кішіпейілділік, отан сүйгіштік секілді ізгі қасиеттерге үндейді. Исламның тазалығына көз жеткізген бабаларымыз сонау ерте ғасырда-ақ мұсылмандықты мойындап, оны өз өмірлерінің темірқазығына айналдырған. Тегінде қазақтың мұсылманшылығы ерте ғасырларлардан бастау алады. Бұл дегеніміз – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіне тән діни төл бағыты бар деген сөз. Халқымыздың мұсылманшылығы байырғы заманнан бері әлемде кең таралған ханафи мазхабына негізделген. Бұған ата-бабаларымыздан қалған жыр-дастандар мен өлеңдер, қолжазба еңбектер және жалпы тарихтың өзі куә. Өкініштісі бүгінгі таңда әртүрлі діни жат ағымдар ғасырлар бойы қалыптасып, тамыры терең тартқан жадымызды мансұқтап, оның орнына өз идеологияларын таңуға әрекет жасауда. Ата-бабаларымыз аңсап кеткен тәуелсіздікке қол жеткізіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған осынау бейбіт күнде, кейбір қандастарымыздың санасы әр түрлі жат діни идеологияларға тәуелді болуы өкінішті. Деструктивті діни ағымдардың жетегіне ереміз деп үй ішінен үй тігіп, ата-ана, ағайын-туыс, дос-жарандарымен байланыс үзіп жатқан азаматтардың да мысалы жоқ емес.

Қазіргі таңда діни экстремизмді үгіттеуші топтар адамдардың, әсіресе, жастардың діни сауатсыздығын ұтымды пайдалануда. Еліміздегі дәстүрлі емес діни бағыт ұстанушы азаматтар «Құран мен Сүннетті тікелей ұстанамыз» - деген білімсіздіктен туған ұранды алға тартуда. Олар исламның қайнар көздері: Құран мен Сүннетті ғалымдардың көмегінсіз тікелей ұстану керек деп сенеді және өзгелерді де иландыруға әрекет жасауда. Соның нәтижесінде бұрыннан қалыптасқан исламның мектептерін, яғни мазхабтардың рөлін жоққа шығарады. Бұл олардың өрескел қателігі. Өйткені аталған мазхабтар Құран мен Сүннеттегі тағылымдарды дұрыс түсініп, ондағы үкімдерді орынды қолдану үшін ауадай қажет. Негізінде, мазхаб ғалымдарының қалдырған мұралары Құран мен Сүннеттің түсіндірмелері болып табылады. Сондықтан дәстүрлі емес бағыт өкілдерінің мазхабты Құран мен Сүннеттен бөлек қарастыруы орынсыз. Олар, діни мәтіндердің тек қана сыртқы, тікелей мағынасын ғана алып, аят-хадистерде баян етілген негізгі әрі түпкі мән-мағынаны түсіне алмауда.

Ислам әрбір сала иелеріне құрмет танытып, қандай да бір мәселе туындаған жағдайда, сол саланың маманына, білгіріне жүгінуді өсиет етеді. Қазіргі таңда діни сауаты төмен бағыт өкілдері, діннің терең мәселелерін талқылап, өздерімен келіспегендерге адасушы, бидғатшы, жәһил, кәпір, мүшрік деген әр түрлі негізсіз айдарларды тағуда. Діни тағылымдарды тиісті мамандардан емес, жүйелі білім алмаған, ұстаз көрмеген тұлғалардан үйренуге бейім тұрады. Ислам шариғаты бойынша діни үкім, пәтуа беру ісімен тек қана арнайы ғылыми дәрежеге жеткен адамдар ғана айналысуы тиіс. Ең жоғарғы ғылым деңгейіне жеткен діни ғалымға – мүжтаһид деген ғылыми дәреже беріледі. Ал қарапайым мұсылмандар сол мүжтаһид ғалымдардың пәтуасына сүйенуі керек. Мұндай иерархиялық жүйе ислам әлемінде ғасырлар бойы сақталып, мұсылмандар дін саласында тек қана мүжтаһидтердің ізімен жүріп келген. Сол себепті тарихта, бүгінгідей мазхаб ұстанудан бас тартушылық құбылыстары болмаған. Алайда бүгінгі дәстүрлі емес бағыттардың идеологтары, осындай ғасырлар бойы қалыптасқан жүйені бұзып, тек қана ғалымдарға тиесілі болған пәтуа беру құқығын қарапайым мұсылмандарға беріп қойды. Нәтижесінде өзі кеше ғана намазға тұрған кейбір азаматтар, өмірін исламды зерттеуге арнаған ғалымдармен тең дәрежеде діннің күрделі мәселелерін талқылап, дінді өздерінше түсінуді әдетке айналдырды.

Ислам – дінді тек сезіммен ғана емес, рационалды түрде ұстануға ерекше көңіл бөледі. Дінде қандайда бір үкімді жүзеге асырмас бұрын оның түпкі мән-мағынасын түсінудің маңызы зор. Ислам дінінің негіздерін жан-жақты зерттеп, толық қамтымастан, тек қана бір бөлігін оқып алып пәтуа шығару – адамды үлкен қателікке ұрындырады. Себебі Құран мен Сүннетте кейбір үкімін жоғалтқан аяттар мен хадистер бар. Мұны шариғи терминологияда «насих уа мансух» деп айтады. Діни мәтіндерді толық қарастырмаған адам, кейбір күші жойылған аят-хадистерге амал жасаймын деп, шариғатқа қайшы әрекетке баруы мүмкін. Сол сияқты бір аяттың мағынасының толық ашылуы үшін басқа аяттар мен хадистерге жүгінетін жағдайлар көп кездеседі. Ал дәстүрлі емес бағыт ұстанушылар діни мәтіндерді толық қарастырмастан, өздеріне керекті бөлігімен ғана шектеледі. Нәтижесінде шариғаттың үкімін шала түсініп, әр түрлі қателіктерге бой алдырады.

Әлемге әйгілі «әл-Азхар» университетінің қолдауымен жарық көрген Зайд әл-Кәусари өзінің еңбегінде Пайғамбар (с.а.с.) көзі тірісінде хадис білгірі болған атақты 7 сахабаның атын атайды.

Ең көп хадис жеткізген сахабалар:

  1. Әбу Һурайра (р.а.)
  2. Абдуллах ибн Омар (р.а.)
  3. Анас ибн Малик (р.а.)
  4. Айша (р.а.)
  5. Абдуллах ибн Аббас (р.а.)
  6. Жабир ибн Абдуллах (р.а.)
  7. Абу Сағид әл-Худри (р.а.)

Енді осы хадис ілімінде озат болған 7 сахаба діни пәтуа берумен айналысты ма деген мәселеге келсек оған да аталған Зайд әл-Кәусаридің ізденісінен жауап алуымызға болады.

Пәтуа берумен айналысқан сахабалар:

  1. Омар (р.а.)
  2. Әли (р.а.)
  3. Абдуллах ибн Масғуд (р.а.)
  4. Айша (р.а.)
  5. Зайд ибн Сабит (р.а.)
  6. Абдуллах ибн Аббас (р.а.)
  7. Абдуллах ибн Омар (р.а.)

Жоғарыдағы аталған деректерден ойымызға нені түюімізге болады?! Әрине сахабалардың білімі мен біліктілігіне қарсылығымыз жоқ. Алайда, Пайғамбар (с.а.с.) көзін көрген сахабалардың өзі діни үкім айтудан барынша сақтанған. Сонымен қатар көп хадисті білу үкім айта беруге болады деген мағына еместігін бізге аңғартып тұрғандай.

Ал бүгінгі дәстүрлі емес бағыт ұстанушылар болса, хадистердің жеткізілу себебін ескерместен оларды ойына келген тікелей мағынасында түсінуге бейім тұрады. Нәтижесінде өздері қателеседі, қателесіп қана қоймай, өзгелерді де қателікке душар етеді. Олар мәселенің байыбына бармастан діни мәтіндерді сыртқы, тікелей мағынасында түсінеді. Аят-хадистерді контекстінен жұлып алып, олардың негізгі мағыналарын бұрмалайды. Негізінде бір аятты түсіну үшін оны жеке емес, мағыналас басқа аят-хадистермен бірге қарастыру қажет. Сондай-ақ қазіргі таңдағы деструктивті діни бағыт өкілдері шет елдерден көрген кейбір діни үкімдерді дәл сол қалпында елімізге енгізуге талпынады. Негізінде ислам шариғаты бойынша кейбір діни үкімдер мен пәтуалар әрбір елдің ерекшелігіне сәйкес өзгеріп отырады. Сондықтан өзге мұсылман елдерінің дін ұстану үлгісін елімізге таңу орынсыз әрекет. Бүгінде ислам үмбетінің басын біріктіріп отырған ҚМДБ-ның діни үкімдеріне жүгіну ел мұсылмандарының берекелі өміріне арқау болады деп сенеміз.

 

 Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директорының орынбасары        Медет Халықов

0 пікір