Діни экстремизм қоғамға төнген қауіп
Діни экстремизм қоғамға төнген қауіп
08.09.2021
1146
0

Дін – адамзат тарихында жаратылысынан бері бар әрі барлық дәуірде адаммен бірге жасасып келе жатқан ұлы күш. Адамның ішкі сұранысында әлденеге сеніп өмір сүру әуелден бар қажеттілік болғандықтан, дін мен наным-сенімдер адамзат дүниетанымындағы ең ықпалды құбылысқа айналды. Дінннің адамзатқа ықпалы әлі де болса өз күшінде. Қазіргі күнге дейін зерттеуші ғалымдар тарапынан діннің анықтамасына көптеген пікірлер айтып, ой толғап келді. Көптеген ислам ғылымхалы кітаптарында, дін – адамзатты нағыз бақытқа жеткізуші құдайлық жүйе деп қарастырады. Ал қоғамдық ортада – белгілі бір деңгейде қалыптастырушы, ортақ тәртіпті сақтаушы, адамдарды ізгілік пен махаббатқа біріктіруші құрал ретінде өз қызметін атқаруда. Қазіргі таңда жер бетінде 8 млрд-қа жуық адам өмір сүруде. Сонымен қатар әрбір азамат пен азаматшаның діни ерік бостандығы халықаралық ұйымдардың және мемлекет заңымен берік қорғалған. Яғни қандай да бір қоғам өкілі христиан немесе ислам дінін қабылдаймын десе өз еркі дегенге саяды. Дегенмен ХХ ғасырда бұрыңғы Кеңес үкіметінің аумағында «дін» деген жоқ, ол тек қана «иллюзия» немесе дін деген «апиын» деп оқытты. Оған орта ғасырда Еуропада орын алған католиктер мен протестанттар арасында болған қақтығыстардан мысалдарды тергіштеп түсіндіріп жатты. Ал бұл жағдай өз кезегінде қазіргі күнде кейбір қоғам өкілдерінің ата-бабасы ұстанған жолды терістеуге алып келді.

ХХI ғасырдың 60-70 жылдарында алпауыт мемлекеттер арасында басталған текетірестер кейбір діни саяси топтардың пайда болуына әкеліп соқтырды. Ал Америкада протестант ағымынан түрлі діни топтар бөлініп шығып «біздің жолымыз ғана дұрыс» деген сенімді ұстанып адамдардың жүрегіне жол табу мақсатында түрлі әдіс-айлаларды пайдаланды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің жас мемлекетімізге де көз алартып қараушылар аз болмады. Соның бірі діни-саяси экстремистік топтар.

Экстремизм – латын тілінен енген термин, «соңғы, шеткі» деген мағынаны білдіреді. Ал саяси мағынасы экстремизм бойынша – бұл шектен шыққан көзқараспен және іс-әрекетімен ерекшеленетін күрделі әлеуметтік феномен. Сонымен қатар, бұл тікелей немесе жанама түрде зайырлы қоғамдағы демократияны жоққа шығаратын саяси қызмет түрі. Сондай-ақ шынайы діннің негізгі қағидаларынан, қазіргі қолданыстағы ұлттық заңнамалардың және халықаралық құқықтың қағидаттарынан тыс шектен шығу дегенді білдіреді. Экстремизм: саяси экстремизм, діни экстремизм және ұлттық экстремизм болып бірнеше топқа бөлінеді. Ал «діни экстремизм – басқа діндерді ұстанушы адамдарға төзімсіздік танытып, соған сәйкес қоғамға қарсы, көбінесе құқыққа қайшы, соның ішінде азаматтарға қарсы күш қолдану әрекеттеріне шақыру».

Діни экстремизм ұғымына Қазақстан Республикасының 2005 жылдың 2 ақпанында қабылданған «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңында мынадай сипат берген:

Экстремизм – жеке және заңды тұлғаның, жеке және заңды тұлғалар бірлестігінің белгіленген тәртіппен экстремистік деп танылған ұйымдардың атынан іс-әрекеттер ұйымдастырылуы және жасауы;

Жеке және заңды тұлғаның, жеке және заңды тұлғалар бірлестігінің мынадай экстремистік мақсаттарды: діни өшпенділікті немесе алауыздықты, соның ішінде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігіне, өміріне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндіретін кез-келген діни практиканы қолдануды көздейтін іс-әрекет ұйымдастыруы және жасауы.

Зерттеушы ғалымдардың көзқарасы бойынша діни экстремизмнің шығуының басты үш негізін атап көрсетеді. Біріншісі – діни сауатсыздық. Дінге толыққанды діни таным-түсінікпен келмеу, діннің негізгі қағидаларын дұрыс түсінбеу діни сауатсыздықтың басты көрінісі. Екіншісі – теріс пиғылды ағымдардың өкілдерінің сөзіне еру арқылы қалыптасқан жаңсақ сенім. Ал, үшіншісі – әлеуметтік мәселелер. Көп жағдайда жұмыссыз жастардың болашаққа сенімсіз жағдайын пайдаланып экстремистік идеология жетекшілері олардың санасына шетін көзқарасты сіңіреді.

Ғаламтор кеңістігіндегі мұсылмандардың қысымға ұшырауы жайлы материалдар, әсіресе АҚШ, Еуропа, Израйльдегі, Ресейдің Кавказ аймағындағы мұсылмандар туралы ақпараттарды, қанға бөккен адамдардың суреттерін, бейнематериалдарды ашық көрсету арқылы күллі әлемді мұсылмандарға жау ретінде көрсетуге ұмтылу діни экстремистік бағыттың негізгі жұмысы деуге болады. Мұндай іс-әрекеттер біздің елімізде де болып жатқан жатқандығы жасырын емес. Шетелдегі түрлі діни экстремистік-террористік қарулы топтардың қатарына қосылып жатқан азаматтарымыз болды. Мұндай топтармен күрес жүргізу еліміздің басты бағыттарының бірі. Сол себепті түрлі діни радиализм, экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы жеке азаматтар мен қоғамның және мемлекеттік биліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» шеңберінде экстремизммен күресудің түрлі іс-шаралары жасалынуда.

Қорыта айтқанда оқырмандарға айтарымыз жоғарыда келтіргендей діни экстремистік идеялары бар азаматтармен жақын жолдас болудан сақ болыңыздар. Қоғамның дамуы біртұтастық пен ынтымақ, бірлікте. Сондықтан да халқымызда бақ қайда болса, ынтымақ бірлік сонда деуі бекер еместі.

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 теолог  маманы                      Қ.Қосмаханов

0 пікір