Дінаралық татулық – қоғам тірегі
Дінаралық татулық – қоғам тірегі
09.07.2021
512
0

Қазақстан тəуелсіздік жылдарында дінаралық татулық стратегиясының өміршеңдігін көрсетіп, оның бүкіл адамзат қауымының дамуындағы ерекше рөлін, халықтардың өзара қарым-қатынас мəдениетінің қазақстандық үлгісінің қажеттілігін танытты. Халықтардың өзара қарым-қатынасы мəдениетінің қазақстандық үлгісі – бұл қоғамдағы шиеленістік, қақтығыстық жағдайды жеңу ғана емес, сонымен қатар, оның болашақта ұзаққа созылған қарсылық пен мəңгілік жек көрушілікке ұласып кетпеуінің алдын алу болып табылады. Қазақстан қоғамының бұндай жетістікке қол жеткізуі оның халқының ұжымдық субъекті ретіндегі жəне оның əрбір мүшесінің өз бойында ұлтаралық қарым-қатынас мəдениетін жоғары қоюында болып отыр. Бұған Қазақстан Республикасының алғашқы кезеңнен бастап зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде дамуды қолға алып, өз конституциясында республика территориясында тұратын кез-келген азаматтың толық құқықтылығына кепіл болуы үлкен ықпал етті. Қазақстан Республикасының Ата Заңында: «Тегiне, əлеуметтiк, лауазымдық жəне мүлiктiк жағдайына, жынысына, нəсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды» деп азаматтарының өз құқықтарын толығымен пайдалануына мүмкіндік жасаған.                                                                

Жаһандағы кез-келген Қазақстан секілді көп ұлтты мемлекеттің өзінің тұтастығы мен тəуелсіздігін сақтаудың негізгі шарттарының бірі – ол оның азаматтарының өзгелерден ерекше артықшылық пен үстем болып ұлтқа бөлінбей, бір қауымға, тұтас халық дəрежесіне біріктіру мəселесі алынады. Сондықтан да, Қазақстан билігі өз азаматтарының ұлттық ерекшелігін сақтай отырып, жалпы қазақстандық ұлт ұйытқы және оның айналасындағы ұлттарды біріктіру саясатын ұстанған. Дінаралық татулық тұғырын берік етіп, қоғамда діннің өсіп отырған рөлін толық сезіне отырып, елімізде үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өткізілуде.

Әлем және дәстүрлі дін лидерлері арасындағы келіссөз өзара ынтымақтастық үшін кең болашаққа жол ашып, біздің заманымыздың қасіреттері: фанатизм, зомбылық, экстремизм мен терроризм сияқты теріс көріністерді болдырмауға септігін тигізетінін бағамдаған. Съездердің жалпы мақсаты әлемдік және дәстүрлі дін нысандарында жалпы адами бейіндерді іздестіруге, дін келіссөзін жүзеге асыру және келісілген шешімдер қабылдау үшін үнемі әрекет ететін халықаралық конфессияаралық институт құруға негізделді. Съездер барысында өркениеттер, конфессиялар, елдер мен халықтар арасында құрылымдық келісімді нығайту мен келіссөз орнату жолында батыл қадамдар жасалды. Сонымен қатар осындай маңызды алуан іс-шараның үнемі ұйымдастырылып отыруы еліміздің дінаралық татулық алаңына айналғанын байқатады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жемісті жұмыстарынан кейін Елордамызда «Бейбітшілік және келісім сарайының» құрылуы, аталмыш съез хатшылығы жұмыс тобының қызметін атқаратын әрі дінаралық және мәдениетаралық үнқатысуды дамытуға бағытталған көптеген халықаралық деңгейдегі ісшаралардың ұйытқысы болып отырған «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының» құрылуы – Қазақстанның өркениетаралық және дінаралық үнқатысу мәселелерін ғаламдық деңгейде талқылауды жалғастыра беруге мүдделі екенін көрсетеді. Себебі, Қазақстанның бұл саладағы ұстанымы айқын: ол – бейбітшілік, түрлі ұлттармен конфессиялар арасындағы келісім. Осылайша, Қазақстан өз тəуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ көп ұлтты жəне түрлі дінді ұстанатын қоғамда этностардың өзіндік ерекшелігі мен бірігуін сақтауға негізделген ұлтаралық қатынастарды қамтамасыз ететін өзіндік айрықша үлгіні қалыптастырған.         

Қорыта айтқанда, Азия мен Еуропаның түйіскен жерінде орналасқан Қазақстанның өзін этносаралық және конфессияаралық сұхбаттың белсенді алға тартушысы ретінде ұстануы бекер емес. Сан алуан ұлт және конфессия өкілдері мекен ететін біздің еліміз олардың тығыз өзара әрекеттесуінің мол тәжірибесіне ие және сондықтан өркениеттер мен конфессиялардың жемісті сұқбатының мекені болу атағына әбден лайықты ел екені анық. Болашақта да елімізде конфессияаралық татулықты одан әрі нығайтуға талай шаралар орындалатынына сенімдіміз, себебі бұл елімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлыстар мен діндердің достығын одан әрі арттыра түсетіні айқын.

 

 

М.Салиходжаев

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы

 

0 пікір