Дінаралық келісім – ынтымақ кепілі
Дінаралық келісім – ынтымақ кепілі
19.07.2021
1111
0

Қазақстан қоғамындағы діннің орны мен қызметі аса ұқыптылықты, терең талдауды қажет ететін мәселе. Елімізде дін мәселесіне байланысты, ұлттық және мемлекеттік тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты бағыттары мен құралдарын анықтау қажеттілігі алға қойылып отыр. Бұл өз кезегінде діни қатынастарды реттеу мен діни әрекеттердің салдарын болжаудың әдіс-тәсілдерін, тетіктерін жасақтайтын іргелі ғылыми ізденіс жұмыстарын талап етеді. Дінге қатысты мәселелерді ғылыми негізде, ұлттық мәдениетті қалыптастырудағы маңыздылығына баса ден қоя отырып шешсе ғана нәтиже болары анық.

Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін елдігімізді қалыптастыру, егемендігімізді нығайту және келешек дамудың дұрыс бағытын табу жолында талай жетістіктерге қол жеткізді. Халқымыздың мінезіне тән толеранттылық сипаты, сонымен қатар ел басшылығының сарабдал саясаты арқасында Қазақстан саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда тығырыққа тірелуден аулақ болып, ХХІ ғасырға сәтті қадам басты. Еліміз әлеуметтік-экономикалық және демократиялық жаңарулар бағытында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, осының барлығы да Қазақстанның көпқұрамды халқының қоғамдық бейбітшілік пен келісімді сақтап отырған мезгілінде іске асты.

Мемлекетімізде барлық азаматтар ұлтына және діни сеніміне қарамастан, тең құқылы. Осы құқықтық норманың сақталуы нәтижесінде қазақ елі өз тәуелсіздігін бейбітшілікпен өткеріп келе жатыр. Сондықтан бүгінгі еліміздегі этно-мәдени және діни бірлестіктер арасындағы ұлтаралық және дінаралық келісімді қастерлеп, оны баянды ету – барша қазақстандықтардың басты міндеті.

Дінаралық келісім мәдениеті «толеранттылық», «төзімділік», «дінаралық сұхбат» ұғымдарымен дәріптелуде. «Толеранттылық» ұғымы ғасырлар бойы қалыптасып, мағыналық тұрғыдан толыққан.

Дінаралық келісім – Қазақстанның қоғам өміріндегі маңызды жетістіктерінің бірі мен бірегейі. Түрлі ұлттар мен этностардың діндерінің өзара әрекеттесуінің тұрақты моделі, бүгінгі қазақ еліндегі бөлінбейтін біртұтас жасампаздық пен келісімнің негізі.

Еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтыруда маңызы ерекше болған нәрсе – дәстүрлі сипатқа сай Ислам және  христиан діндердің бойында жалпы адамзаттық және гуманистік құндылықтарының болуы. Бұл дәстүрлі діндер Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруында және шаңырағы шайқалмай, қауіпсіз өмір сүруінде маңызды рөл атқарады: олар қоғамымыздағы достықты қарым-қатынасты, өзара құрмет пен түсінісушілікті нығайтуға қызмет етеді. Еліміздің биік мінберлерінен айтылған осындай ойларды халыққа түсіндіріп, Қазақстан көне заманнан бері сан алуан мәдениеттер мен діндердің тоғысқан мекені болғандығын, ел аумағында бірнеше ғасырлар бойы тәңіршілдік, зороастризм, манихейлік, буддизм, христиан және ислам сияқты әртүрлі нанымдар бейбіт қатар өмір сүргендігін, яғни конфессияаралық келісім ісінде ата-бабаларымыздан аманат боп қалған игі дәстүрлердің әу бастан-ақ болғандығын баяндайды.

Қазақстанның қарқынды дамуының тірегі болып саналатын ұлтаралық және конфессияаралық келісімі еліміздің алға қарай нық қадам басуына мүмкіндік беретін зор алғышарт болып табылады. Сан алуан халықтар арасындағы достық, келісім мен бейбітшілікті сақтау үшін ел болып жұмылған күйде күнделікті және тұрақты түрдегі тынымсыз әрекеттер жасалынуы қажет. Сонда ғана Қазақстанда етене өмір сүретін сан алуан ұлт және конфессия өкілдерінің дауысы қуатты бір сарынға айналатын болады.

Қазіргі кезеңде Қазақстанның дамуына тән ерекшеліктердің бірі қоғам өміріндегі діннің рөлінің артуы болып табылады. Оның өзектілігі мен мәртебесі артып, әлеуметтік функциялары кеңейіп, дінге сенушілер мен діни бірлестіктердің саны өсуде. Қазіргі таңда Қазақстанда 18 конфессиядан тұратын 3816 діни бірлестік жұмыс жасауда. Осындай өзгерістер аясында барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдері үшін экономикалық, әлеуметтік, мәдени, діни жанданудың бірдей  мүмкіндіктері қамтамасыз етілген және халықтың біртұтастығы, ізгілік, ұлт құқықтары мен адам құқықтарын үйлесімді ұштастыру қағидаттары іс жүзінде көрініс тапқан сан алуан мәдениетті және конфессиялы қоғамда келісім мен төзімділікті қалыптастыру ісіндегі Қазақстанның жетістіктері айқын көрінеді.

Қазақ елі – жүзі жарқын, болашаққа қарай ұмтылған жас тәуелсіз мемлекет. Қазақстан демократиялық, зайырлы құндылықтарды ұстанатын ел және еліміздегі этностар өзінің мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау мен дамытуына барлық жағдайлар жасалған. Қазақ елі тәуелсіздік жылдарында дүниежүзінің өркениетті елдерімен саяси және экономикалық әріптестік орнатты. Ел басшылығының жігерлі де, жемісті қызметі жас тәуелсіз елімізді биік ұмтылыстар мен жақсы нәтижелерге жеткізді. Қазақстанның әлем қауымдастығы елдерімен тең құқықты саясат ұстануы – бұл Тәуелсіздік жемісі.

 

Түркістан облысы“Дін мәселелерін зерттеу

орталығы” КММ теолог маманы     Б.Өтеген

0 пікір