Бүлікке жол бермейік
Бүлікке жол бермейік
29.06.2021
452
0

Қазіргі таңда дәстүрден тыс діни ағымдардың қоғамды іштен ірітіп жатқандығы туралы жиі айтылуда. Алайда, жастар теріс пиғылды ұйымның өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетінінен бейхабар. Олар дәстүрден тыс діни ағымдар, дәстүрлі діндерден іргесін аулақ салған, белгілі бір діни мақсатты көздейтін ұйым екендігін біле бермейді. Ал мұның салдарынан түрлі діни ағымдардың жетегінде кету арқылы отбасын ойрандатып, қоғамды шулатып, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиян тигізуі әбден мүмкін. Сонымен қатар, дамыған немесе даму үстіндегі тыныш жатқан бір елді тоқырауға жіберудің бір тәсілі түрлі діни ағымдар арқылы қоғам ішінде іріткі тудыру. Алайда Алла Елшісі (с.а.с.):  «Алласендерденүшнәрсеніұнатады, олар: 1. Аллағағанағибадатету, Оғанбасқанысерікқоспау; 2.Түп-түгелАлланыңжібінежабысып, бөлінбеу; 3.Сендергебасшыболғандарғамойынсұну», - дейді. Дәстүрден тыс діни ағымдардың түпкі ниеті біреу-ақ, ол — қарапайым адамдарды өз мақсат-мүдделеріне пайдалану, сол арқылы материалдық игілікке кенеліп, билікке қол жеткізу.      Бүгінгі күні ежелден халқымыз дәріптеп, құрметтеген дәстүрлі ислам дініне де күдікпен қарайтын дәрежеге жеттік десек артық айтқанымыз емес. Алғашқы кездері дін адамдары мен діни кітаптарды көргенде қуана да, құрметтей қарайтын, ал қазір үміттен күдік басым. Бұған себеп соңғы кездері бүйректен сирақ шығарып, діни реформа жасағысы келетін діни ағымдардың жымысқы әрекеті.                                                                                                            Енді осы ағымдар қарапайым адамдарды қандай айла-әдістермен еліктіретініне тоқталайық. Біріншіден, жаңадан қабылданған «шәкірт» теріс ағым мүшелерінің психологиялық қысымына ұшырайды. Бізден басқа мұсылманның барлығы «адасқан, кәпір» деген сияқты әпсананы құлағына құяды. «Ғасырлар бойы аталарымыз ұстанып келген дәстүрлі ислам қате. Аталарымыз теріс жолда болған. Олар Аллаға серік қосып, күпірлікте болды. Қазақтардың исламы бидғатқа толы. Оларды тазалау керек» деп теріс пікірлерді санасына сіңіреді. 

Екіншіден, дәстүрден тыс діни ағым мүшелері қоршаған ортасынан іргесін аулақ салып, өз бетінше бөлектене бастайды. Ал өзін қоршаған ортадан, отбасынан, қоғамнан тысқары жүрген адам уақыт өте келе «ұстазының» айтқандарының анық-қанығына ой жүгірту, оны шынайы өмірмен салыстыру мүмкіндігінен айырылатыны түсінікті жәйт. 

Үшіншіден, қауіпті ағымдар мүшелерінің ойлау қабілетін тежейтін түрлі әдістемелерді қолданады. Мәселен, бір сарынды ұстаздардың уағызын тыңдатып, психологиялық тәуелділікке ұрындырады. Ол өзінің бұрынғы отбасынан алған қадір-қасиеттерін, тәлім-тәрбиесін тәрк етіп, сол ағымға ұнамды бейнені қабылдайды. Мұның соңы бөлінуден басқа ешнәрсеге алып бармасы анық. Ата-бабаларымыздың ұстанған жолы – береке мен бірлік болды. Ал, дәстүрлі ислам мұсылмандардың басқа жолдарға бөлінуіне қарсы. Алла Тағала бұл жайлы былай дейді: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят). Сондықтан қазіргі таңда біздің қоғамдағы ислам бағытындағы ең үлкен қайшылық уахабизм, сәләфизм пікірін ұстанушылармен жүріп жатыр. Барлық нәрсенің исламның алғашқы ғасырындағыдай қарапайым болуын қалап, айналасындағыларға уағыздап, қарапайым мәзһаб ұстанушыларға да қарсылықтарын көрсетіп бағады. Ал, нағыз мұсылман адам біріншіден сабырлы болуы керек. Екіншіден, ешкімге қарсы кәпір, күнәһар деген сөздерді қолданбасы анық. Өйткені Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қорқытпаңдар сүйіншілеңдер, ауырлатпаңдар жеңілдетіңдер», - деп бұйыруда. Келесі бір хадисінде «Ең жақсы мұсылман – басқаларға тілімен және қолымен зиян келтірмейтін», - дейді.

Демек соңғы кездері халқымыздың ішіне ірткі салып жүрген діншілдер мен ғалымсымақтар ешқашан біздің мүддемізге сай келмейді, оларда діни мүддеден гөрі саяси мүдде басым. Халқымыз «іштен шыққан жау жаман» демекші, мұндай көзқарасты ұстанушылар исламның атын жамылатындықтан, тек қана атын жамылу емес тіпті құран және хадистерден өздерінің істеріне дәлел келтіретіндіктен, олармен күресуде көптеген қиындықтарға туындауда. Сондықтан елдің, ұлттың, халықтың тұтастығын сақтап қалу үшін, өздерін ғана ақылды санайтын дін үйретушілерден барынша сақтану қажет. Шынында діннің атын жамылған ағымдар мен топтар діни сауаты аз азаматтарымызды өз қармақтарына түсіріп, тіпті өздеріне белсенді жақтасқа айналдырып, өзімізге қарсы қойып үлгерді. «Бөлінгенді бөрі жейді» - дейді қазақ. Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шаралары баршамызға ортақ іс екенін ұмытпағанымыз жөн.

 

 

М.Салиходжаев

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы

 

0 пікір