Болашақ бүгіннен басталады
Болашақ бүгіннен басталады
21.12.2021
1967
0

Болашақ ғаламат, келешек ғажайып... Естіген құлақтың өзіне ерекше жағымды әсер сыйлайтын сөздер.  «Болашақ» деген сөзді тамсанбай, жай айту мүмкін емес. Бәлкім, қанымызда бар қасиет шығар. Бірден көз алдымызға сағымдай бұлдыратып, әр нәрсені елестете бастаймыз. Хакім Абай айтқандай: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал!» - деп. Рас. Адамды адам ететін де – осы қасиет. Бір-бірінің аяғынан шалып, күндестік кесапатына шалдықпас үшін Абай айтқан осы әдетті әбден қалыптастыруға тура келеді. Өйткені өзінен-өзі есеп алып, өзіне ылғи көңілі толмай, «Қайтсем жақсы болады?», «Қалай жақсы жаққа өзгерсем болады?» деп ойлана алатын адамның өзге жаман істе шаруасы болмайды. Ондай жастары көп елдің болашағы жарқын. «Мен өз болашағым үшін не істей аламын?» деген сұрақ әр адамды алаңдатады. Ал «Мен өз елімнің болашағы үшін не істей аламын?» деген сұрақ екінің біріне келе бермеуі мүмкін. Өйткені ұлттық рухани құндылықтарға сусындап өскен адам ғана осындай озық ойларға бара алады. ҚР Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев: «Жарқын болашақ жастардың қолында»,- деген еді. Бұл – біздің қазіргі жастарға артылған үлкен жүк. Оны түсіну бар да, түйсіну бар. Болашақ туралы ойлану бар да, әрекет қылу бар.

Ия, бүгінгі Қазақстанның осы деңгейге жетуіне тарихтың қойнауына кеткен көптеген атаулы оқиғалар мен тұлғалар себепші болды. Атап атар болсақ, Абай, Шәкәрім, Ыбырай дәуірі қылыштан гөрі қаламға жақын болды десек артық айтпағанымыз болар. ХХ ғасырдың бірінші жартысында тарих беттерінде қазақ зиялылары жарқырап көріне бастады. Солардың бірқатары Алаш үкіметін құрып, жан-жақта шашырап жүрген қандас бауырларды бір шаңырақ астына жинауға талпынған «Алаш» деп халыққа ұран тастап, жеке мемлекет болуды армандаған Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Жүсіпбек Аймауытов тағы да басқа қазақтың зиялылары еді.

1991 жыл... 16 желтоқсан... Бұл күн қазақ тарихының парақтарында алтын әріптермен жазылды. Дәл осы күні сан ғасыр аңсаған бабаларымыздың арманы орындалды. Қазақ елі өзінің тәуелсіздігін жариялады. Қаншама рет туы тігіліп, қаншама рет туы қайта құлаған, қаншама мемлекеттің құрамында болып, көне әрі жас қазақ халқы қайтадан әлемдік дүбірге қосылып, әлем елдерімен иық тіресті. XX ғасырдың сүргінін бастан кешіп, жаңа мыңжылдықтың табалдырығын жаңғырған қалпында аттаған Қазақстан өзінің барша төлтума болмысын, жарқын да бай мәдениетін, ғасырлар қойнауында қалыптасқан салт-дәстүрін, қызық та қилы-қилы тарихын әлем халықтарының алдына жайып салып, зорлығы жоқ жаңа өмірді жаңғырту, еңбек пен мәдениетті жарастыру, сұлулық пен парасаттың салтанат құруы, жаппай келісімі жарасқан адамзатпен бір сапта болу үшін жаңаша өмірге қадам басты. Байтақ ел, күн сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі этностарды құшағына сыйдырған Қазақстанның ауызбірлігімен аты шықты. Бүгінгі Қазақстан – өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел.

Қаншама сынақтан өткен еліміз үшін Тәуліздіктің ақ таңы осыдан 30 жыл бұрын атты. Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз.   

Қорыта айтқанда, бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр» - деген болатын. Солай екен, қазірде елімізге тыныштық заман орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған уақыт келді деп мақтанышпен айта аламыз. Артқа тастаған 30 жылдың ішінде не атқардық деген сауал туса, тізбектеп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырылды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз артты. Өзге елдермен қарым-қатынасымыз жақсарып, саяси және мәдени қатынастар да үдей түсті.

 

М.Салиходжаев

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы маманы

0 пікір