Бидғат сөзін қалай түсінеміз?
Бидғат сөзін қалай түсінеміз?
12.08.2021
558
0

Мұсылмандардың «дін үшін соғыс» ұранымен басталған батыс пен шығысқа жасаған жорықтары VII ғасырдың соңында Мәуереннахр жеріне келуімен Орта Азияның мұсылмандануына жол ашты. Сол тұстағы қуаты күшті алпауыт Түркі қағанаттары ислам дінімен жаңадан танысып, қағандар ислам дінін қабылдап жатты. Бертін келе Қарахан мемлекеті ислам дінін мемлекеттік дін деп жарияласа бірнеше ғасырдан соң Алтын орда кезеңінде Берке ханның тұсында, ислам діні мемлекеттің тұғырына қайта шықты. Алтын орда құлағаннан кейін де ислам діні Орта Азияда өмір сүрген халықтардың жол көрсетуші шамшырағы іспеттес болып өмірлеріне өшпестей із қалдырды. Себебі қазіргі Қиыр Шығыста Бағдад қаласы «даналық үйі» атанып ғылымның ордасы атанса, Орта Азияда ең бай әрі теңдесі жоқ кітапхана Отырар қаласы болды. Сәулет өнері жағынан әлемнің ешбір ғимаратынан кем түспейтін кесенелер, мұнаралар бой көтерді. Қазіргі таңда ғылым сырын аша алмай жатқан тербелмелі мұнара да Орта Азияның Сауран қаласында болды. Түркістан, Сайрам, Отырар, Ташкент, Бұқара қалалары ірі ғылым орталығы ретінде қалыптасып көшпенділердің өмірін биік белестерге жеткізді. Бұл жағдай XX ғасырдың алғашқы ширегіне дейін өз қызметін мінсіз атқарып келді.

Қазақстан даласына коммунизмнің орнауымен «атейзм» идеясы кеңінен жүргізілді. Осыған  сәйкес қазақ даласының түкпір-түкпірінен мешіт-медреседегі молда, ишан, қожалар тіпті арабша хат танитын қара халыққа дейін ату, асу одан қалса  қазақтар «итжеккен» деп атаған Сібір жеріне айдауға жіберілді. Жетпіс жылға жуық құдайсыз қоғам құрған коммунизм билігі 1991 жылы еліміздің Тәуелсіздік алуымен ақыры келмеске кетті. Елдің аузы аққа тиіп, ақ түйенің қарыны жарылып, арқаны кеңге салған заман келіп ел-жұрт қайта дінге бас қойып, маңдайын сәждеге тигізіп ескіні жаңғырта бастады.

Қазіргі таңда елімізде ислам дінін ұстанушы мұсылмандардың үлес салмағы басым. 2019 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, халықтың 92,8% - ы өздерін дінге сенушілер деп санайды. Елімізде халықтың басым көпшілігі ислам (70,2%) және православ (26%) сенімін ұстанады. Дегенмен, жасыратыны жоқ Егемендіктің алғашқы жылдарынан басталған теріс діни бағыттағы топтардың іс-әрекеті ел арасын ала тайдай бүлдіріп, намаз оқымаған ағайын-туыстың арасына өз қолдарымен сына қағуда. Басты айтар уәждері күнделікті өмірімізде қолданып жүрген әдет-ғұрып салт-дәстүрді ұстануды «бидғат» яғни дінге кейіннен енгізілген жаңалық деп есептейді. Мешітте де намаздан соң бір-бірімен қол алысып, төс қағыстырып амандасса бидғатпен айыптау кең етек жайған. Яғни Мұхаммед пайғамбар (с.а.с) заманында бұндай жағдай болмаған. Сонда Пайғамбардың (с.а.с.) көзі тірісінде болмаған, жасалмаған іс-әрекеттің барлығы бидғатқа шығара берер болсақ қазіргі ғылым сол баяғы дамымай вандалдық жүйеде өмір сүріп жүрер едік. Дегенмен бидғат деген не? Расымен де Пайғамбар (с.а.с) көзі тірісінде жасалмаған іс-әрекеттер бидғат болып есептеледі ме осы сұрақтар төңірегінде жауап беруді жөн көрдік.

Мұсылмандардың сәләф салихтері не хәләф ғұламалардан болсын тәрк етудің, яғни Пайғамбарымыздың (с.а.с) қандай да бір істі жасамауы дәлел келтіруге жатпайды дейді. Амал жасамаудың тек бір өзі шариғи үкім бола алмайды. Бұл – мұсылмандардың арасында бірауыздан қабылданған шешім.

Ислам шариғатында «бидғат» ұғымына байланысты ғалымдар мынадай шешімге келген. Шафиғи мазхабының факиһ ғалымы Әл-Изз бин Абдуссалам былай дейді:  «Бидғат – Алла Елшісі (с.а.с) өмір сүрген ғасырда белгілі болмаған іс-әрекет. Яғни бидғат: «уәжіп бидғат, харам, мәндүб, мәкруһ, мүбах бидғат болып бөлінеді. Оларды жеке-жеке түсінудің жолы – бидғатты шариғат қағидалары тұрғысынан қарастыру. Егер уәжіп қағидаларға кірсе уәжіп бидғат болып есептеледі т.с.с». Ал имам Науауаи (р.а) осы пікірді қуаттай келе «оның заманында болмаған істердің барлығы – бидғат. Бірақ бидғаттың жақсы және жаман түрі болады» деп түсіндірме береді. Ал ханбали мазхабының хадистанушы ғалымы Ибн Ражаб әл-Ханбали (р.а): «Бидғаттың мағынасы – шариғатта негізі жоқ нәрсені ойдан шығару, ал шариғатта негізі бар нәрсе бидғат емес» дей келе жоғарыда келтірген ғалымдардың пікіріне қарсы шыққандай көрінгенімен сөз астарын байқар болсақ бір пікірде екендігін түсінуге болады.

Шафиғи мазхабының негізін қалаушы имам Шафиғи (р.а) былай дейді: «Ойдан шығарылған амалдар екі  түрлі болады. Кітапқа, сүннетке немесе ижмағқа қайшы келген іс-амал, бұл адастырушы бидғат. Ал екіншісі: жоғарыда айтылған негіздердің біріне де қайшы келмейтін жақсы амал, бұл – айыптауға жатпайтын бидғат» дей келе жоғарыда келтірген ғалымдармен бір пәтуада екенін аңғаруға болады. Ал ашғари мазхабының көрнекті өкілі Әбу Хамид әл-Ғазали (р.а.): «Әрбір кейін пайда болған амалдардың барлығы тыйым салынған  іске жатпайды. Дегенмен бекітілген сүннетке қайшы келген және шариғаттың бір ісін жоққа шығаратын бидғат – тыйымның аясына кіреді» деген екен.

Мәселен Пайғамбарымыз (с.а.с) мінбердің үстінде емес, құрма ағашының діңгегінде тұрып құтпа оқығандығы туралы дерек бар. Осыған байланысты сахабалар мінбердің үстінде тұрып құтпа айту бидғат, не харам деп қорытынды шығармаған. Қайта керісінше Пайғамбарымызға (с.а.с) мінбер жасап берген. Сол секілді Алла Елшісі (с.а.с) намазда рукуғтан көтерілгеннен кейін «роббанә уә ләкәл хамд» деген дұғаны айтпаған. Сол секілді тарауих намазы да қазіргі күндегідей жиналып жамағат ретінде оқылмаған. Алла Елшісі (с.а.с) тарауых намазын кейбір түндерде оқып, кейде оқымаған. Тіпті адамдарды жинап оқыған кезі де болмаған. Әбу Бәкір (р.а.) бұлай жасамаған. Ал бұл жағдай Омар (р.а.) кезінде ғана халифаның бұйрығымен орын алып артынша бұл қандай жақсы бидғат деген екен. Ал жоғарыда айтқандай мешітте намаздан соң қол алысып амандасуға келсек Имам Науауи (р.а.) былай дейді: «Әр кездескенде қол алысу мұстахаб екенін біл! Ал, таң мен асыр намаздарынан кейін адамдар әдет еткен қол алысудың шариғатта негізі жоқ. Бірақ ештеңе етпейді. Қол алысудың негізі сүннет болып саналады. Адамдардың кей-кездері сол сүннетті үзбей орындаулары, кейде аз орындап немесе өте көп орындаулары шариғатта негізі бар қол алысудан тыс әрекет болып саналмайды» деуі мешіттерде жасалатын ұнамды бір істен бас тартпауға шақыруда.

Қорытындылай келе айтпағымыз Сахих Муслимнен жеткен Ардақты Алла Елшісі (с.а.с) мына хадис шәріпін жеткізбекпіз: Кімде-кім Исламға жақсы бір амал енгізсе, оның сауабын және өзінен кейін оны жасаған адамның сауабындай сауап алады. Ал, кімде-кім Исламға жаман бір амал енгізсе, оның күнәсін және өзінен кейін оны жасаған адамның күнәсындай күнә арқалайды

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 теолог  маманы                        Қ.Қосмаханов

0 пікір