Қалжан ахунның қазақ руханиятындағы орны
Қалжан ахунның қазақ руханиятындағы орны
20.10.2020
837
0

2500 жылдан астам тарихы бар Бұхара, кезінде Орта Азияның оқу, білім, ғылым, мәдениет пен әдебиеттің, дін және руханияттың, жалпы өркениеттің орталығы болған.  Кейбір еңбектерде Бұхараның іргетасының қаланғанына 4000 жылдан астам уақыт болған деген деректер кездеседі. Мұндағы ең ірі оқу орындарының бірі Көкілташ медресесінде ғұлама-ағартушы ақын Қалжан ахун білім алған.

Қазақ халқы «ахун» деп көбіне Алланың разылығы үшін халықтың діни мұқтаждықтарын қанағаттандырған, уағыз айтып, насихат жасаған, ақиқатты үйреткен ұстаз адамды айтады. Ауыл балаларының діни сауатын ашып, сонымен бірге шариғаттың негізгі шарттарын, көркем мінез-құлық пен құлшылықтың жолдарын үйреткен ғалым. Ахун атақты медреселердің ғұлама ұстаздарынан ілім алған оқымыстылар болған.

Қалжан ахун Бөлекбайұлы 1862 жылы Хиуа хандығына қарасты Үргеніш қаласында дүниеге келеді. Әкесі Бөлекбай Ақтөбелік болғанымен өмірін Хорезм жерінде өткізеді. Кіші жүздің Табын руынан шыққан. Әкесі өз заманында батырлығымен қоса, емшілігімен де ерекшеленді. Қалжан ахун өмірге келгенде оның білегінде туа біткен қал болады. Осыған байланысты нәрестенің есімін Қалмұхаммед деп қояды. Кейіннен ата-анасы, туыстары еркелетіп, Қалжан деп атап кетеді. 1 жасқа келгенде Бөлекбайдың үйінде түстеніп отырған ауыл биінің көзі жас сәбиге түсіп: «Мына балаң не елден шыққан қу, не елден озған ғалым болады», – дегенде, әкесі Бөлекбай: «Алдыңғы сөзің далаға, соңғы сөзің періштенің құлағына жетсін», – деген екен. Қалжан алғашқыда ауыл медреседе тәлім-тәрбие алып, кейін Хиуадағы медреседе оқиды. 16-17 жасында білім қуып Бұхараға аттанады.

Ғылыми еңбектерде Бұхара медресесін бітірген қазақтардың арасында 3 адамның аты-жөні ерекше аталады. Олар: М. Жүсіп Көпейұлы, Қалмұхаммед Бөлекбайұлы және Тұрмағамбет Ізтілеуұлы. Қалжан ахун шәкірт кезінен-ақ өзінің мударрис ұстаздарының көздеріне алғырлығымен түсіп, оларға да сыйлы бола білді. Қалжан ахун Құран сүрелерін аудару, заң, философия, агрономия, математика, музыка, астрономия, поэзиядан дәріс алып, араб, парсы тілдерін жетік меңгереді. Құран сүрелерінің мазмұнын қазақ тіліне еркін аударған. 27 жасында екінің біріне беріле бермейтін «ахун» атағына ие болды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Б. Кәрібозұлының айтуынша, Қалжан ахунның еңбектеріне қарап отырып, заманның кәдімгі зиялы қауымының ең көрнекті өкілі болғандығын алға тартады. Ол дін өкілі ғана емес, діни ағартушы болған. Оның мектеп пен медресені ашып, балаларды оқытудағы мақсаты – халықтың көзін ашу, сауаттандыру, өркениетті әлемге жетелеу.

Қалжан ахун шығыс ойшылдардың еңбектерімен сусындады. Хорезми, Бируни, М. Қашғари, әл-Фараби, Ұлықбектің жұмыстарымен жақынырақ танысты. Көкілташ медресесінде 10-15 жыл бойы дәріс алған Қалжан ахун 30 жасқа келгенде өзінің атамекені, ата-баба қаны тамған өлкеге, Сыр бойына – Ақмешітке оралуға бел байлайды. Оның мұндай шешім қабылдауына Бұхара дін басыларының ахунды көре алмаушылығы, оған жасаған қастандығы себеп болады. Тіпті, аса қатты білімділігі мен беделі өзіне таяқ болып тиетінін сезген ол, досы Абдулланың ұсынысымен бір түннен қалмай, түйешілердің керуенімен бірге Ақмешітке қарай жол тартады. Ақмешітте досы, сырласы Ораз ахун Бекетайұлын кездестіреді. Ахунның білімдарлығына тәнті болғаны соншалық, атақты Қалдан батырдың ағасы Ерболаттың ұлына атастырлып қойған қызы Зейнепті жас данышпанға қосады. Ағартушы Қалжан бала оқытып, дәріс беруінің себебінен Ораз ахунның ауылында үш жылдың шамасындай өмір сүреді. Осыншама уақыт өткеннен кейін жастарды Қалжанның ата-бабаларының кіндік қаны тамған Тереңөзекке шығарып салады. Бала-шағалы болған Қалжанның ұлдары Ташкент, Самарқанд, Бұхарадағы медреселерде білім алады. Кейіннен қуғын-сүргінге ұшырап Ауғаныстан, Тәжікстан, Иранды асып, өмірінің соңында бір ұлы Сауд Арабиясына, екіншісі Түркия еліне қоныстанады. Бүгін де Қалжан ахунның ұрпақтары Түркияда, Алматы мен Қызылорда қалаларында тұрады.

 

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

бөлім маманы     Б. Ботақараев

 

0 пікір