Жихад – ең үлкен рухани күрес
Жихад – ең үлкен рухани күрес
30.10.2020
921
0

Қазіргі қоғамда адамзат баласына қорқыныш пен үрей бейнелейтін жихад түсінігі ең маңызды жаһандық мәселелердің біріне айналды. Себебі, бұл түйіткілді дұрыс түсінбеудің салдарынан мұсылмандардың арасында келіспеушіліктер мен кикілжіңдер орын алуда.

Жихад сөзінің түсініктемесі өте ауқымды. Дегенмен, бұл – қолыңа қару алып, біреудің қанын ағызу деген мағынаға келмейді. Алланың разылығы үшін жасалынған барлық іс-әрекеттерді, сонымен қатар Алланың тыйым салған істерінен  қайту.

Жихад  сөзі араб  тіліндегі «жә-хә-дә» етістігінен туындайды. Бұл белгілі бір нәтижеге еңбектену, белгілі мақсатқа жету, сол іске бар күшін сарп ету деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғаттағы түсініктемесі – «Алланың хақ дініне шақырып, ақиқат үшін күресу».

Жихад сөзінің тілдік мағынасы белгілі бір істі орындау үшін қажыр-қайратымен  талпынып, ынта-жігерімен ұмтылу және күресу  деген мағыналарды білдіреді. Бұл турасында қасиетті  Құранда 35 жерде кездескенімен, оның төрт жерінде ғана тікелей соғыс түсінігін береді. Яғни елі мен жерін, дін мен тілін, қоғам мен жанын қорғау, мағынасына қарай түрленіп отырады.

Исламда жихадтың екі түрі бар:

•Материалдық (Мадди) жихад – мұсылманның әлсізге қорған және дұшпанның зұлымдығын тоқтату мақсатында жан-тәнімен, мал-дүниесімен Алланың дінін, отанын, отбасын дұшпандардан қорғап қарсы соғысу.[1]

•Рухани жихад – мұсылманның өз нәпсісімен күресуі. Жихадтың бұл түрін пайғамбарымыз (с.а.с.) үлкен жихад деп баға берген. Оның негізгі мақсаты – шайтанның азғыруына және нәпсінің етегіне ермей, күнә  істерге жол бермеу[2].

 Тәбук ғазауатынан қайтып келе жатқан кезінде, Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабаларына: «Біз қазір кіші жихадтан үлкен жихадқа қайттық», – деген кезде, сахабалары: «Уа, Расулуллаһ, «үлкен жихад» деген не?», – деп таңғала сауал қойды. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ол – өз нәпсіңмен күрес», – деп қысқа да нұсқа жауап қайырды.[3]

Жихадтың дұрыс болу шарттарының біріншісі, мемлекет басшысының рұқсатынсыз соғысқа шығуға тыйым салынған. Яғни, мемлекет басшысының бұйрығына  ешқандай күмәнсіз, мойынсыну. Екіншіден, мақсаты айқын болу, дұшпанның қастығын тоқтату, әлсіздерге қорған болу және Алланың дінін қорғау мақсатында болуы тиіс, әйтпесе, шектен шығушылардан болады. Үшіншіден, дұшпаннан төніп тұрған қауіп нақты болу.

 Жан мен тәннің дұрыс болуы жүректің дұрыстығына байланысты, себебі  адам денесіндегі ең негізгі ағза ˗˗ жүрек. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мына бір хадисіне көңіл аударсақ, Алла Елшісі (с.а.с.): «Денеде бір ет бөлшегі бар, егер ол жақсы, түзу болса, бүкіл дене жақсы болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек», – деген болатын. Байқап қарайтын болсақ, мұсылман баласының өз жүрегін дұрыстауының өзі – ең үлкен жихад. Хасан әл-Басридің: «Жүрегіңді емдеумен айналыс, өйткені Алла Тағалаға құлдарынан олардың жүректерінің сау-саламат болғаны ғана керек», – депті.  Ақан Сері Қорамсаұлының «Жүрек сұлтан нәпсіге» ˗˗ дегендей ең әуелі жүрегімізді сау-саламат қалпында сақтауымыз керек. Жүректі дұрыстау үшін, ашулы кезде, өзімізді сабырға шақырып, Алла Тағаланың разылығында болып, шынайы күлімсірей білуіміз керек. Жасаған әрбір ісіңді  Алла үшін жасау, махаббат пен ашуды да Алланың разылығына қарай тәрбиелеу – баршасы тұтастай жихадтың төңірегіне кіретіні хақ. Осы негізде, қоғамның көптеген саласын дамыту үшін жасалған барлық талпыныстардың өзі халықтың ішінде жихадқа жатады.

«Нәпсің бір көкжал бөрідей,

Иманың бағлан қозыдай,

Егер тыю салмасаң,

Иманыңды жеп кетер», – деп Шал ақын жырлағандай дүние мен ақыреттің байлығына жетуіміз үшін нәпсі бөріге тізгін қойып, иман гүлзарын жүрегімізге орнықтырумыз қажет. Сонда ғана иманы бардың – жиғаны болмақ. Рухың мен жаныңды таза ұстау, сенің тәніңнен де сұлу қасиетке ең лайықты.

Қорытындылай келе, қазіргі таңда мұсылман  елдерінің арасында болып жатқан қақтығысқа исламдағы теріс пиғылды ағымдар жихад сөзінің мағынасын  толық түсіне алмағандықтан, сол жерге соғысқа аттануда. Сондықтан Қазақстан азаматтары Елбасының және діни басқарманың, сонымен қоса ата-ананың рұқсатынсыз сыртқа, басқа жерге жихадқа аттануға болмайды. Әркім өз еліне, өз жеріне, өз халқына еңбек етіп, өз-өзімен күресуі керек. Сөздің соңын, Шәкәрім Құдайбердіұлының мына жыр – шумақтарымен аяқтаймын:

Бас көзімен қарасаң, нәпсі – жалған,

Бір сұлу қыз сықылды жұрт таңданған.

Анық ақыл көзімен қарағанда,

Өзін берер қалыңға ол қызды алған.

Нәпсінің табиғаты – алдамшы.

Алданған адам өзін жоғалтады.

 

 Теолог     Нұртіллә Бекарыс

 


[1] https://muslim.kz/questions/view/665

[2] https://muslim.kz/questions/view/665

[3] http://qyzyljarmeshit.kz/?p=2092

0 пікір