АРАҚ-ШАРАПСЫЗ ШАҺАР: ФОРУМ ҮНДЕУІ ҚАБЫЛДАНДЫ
АРАҚ-ШАРАПСЫЗ ШАҺАР: ФОРУМ ҮНДЕУІ ҚАБЫЛДАНДЫ
14.04.2023
549
0

Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың 930 және Түркістан облысының 5 жылдық мерейтойына орай «Қариялар – дәстүрімнің қазығы» тақырыбында Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары ақсақалдары форумының Үндеуі қабылданды.

«Біз, ел ақсақалдары, ардагерлері ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының таяуда, қасиетті Рамазан айы қарсаңында мұсылман қауымына жолдаған үндеуін негізге ала отырып, рухани қаланың қалыбын сақтап қалу үшін төмендегі үндеуді қабылдадық:

Біріншіден, қасиетті шаһардың мәртебесі мен беделін сақтап, халықты жамандық атаулыдан, атап айтқанда, арақ-шарап ішуден, құмар ойыннан, кісі ақысын жеуден, қылмыстық істерден аулақ болуға;

Екіншіден, жастарды ұлттық салт-дәстүр, тәлім-тәрбие негізінде баулуға;

Үшіншіден, ел ішінде мәдениет пен парасатты, тазалық пен адалдықты насихаттап, ізгі қоғам құруға шынайы, дәйекті атсалысуға шақырамыз.  

Алла Тағала мұсылман баласына әлімсақтан ішімдік ішуге тыйым салған. Қасиетті Құранның «Мәида» сүресі 90-91-аяттарында: «Уа, иман келтіргендер! Ішімдік ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу – шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол ішімдік, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Алланы естеріңнен шығаруға тырысады. Ішімдік пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?» – деп ескертеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ішімдік – барлық жамандық атаулының бастауы» деп сақтандырған. Ішімдіктің салдары ұрыс-керіске, шаңырақтардың шайқалуына, қоғамының азғындауына, қылмыстық істерге итермелейді» делінген Үндеу мәтінінде. Форум Үндеуін белгілі ғалым Досай Кенжетай оқып берді. 

Айта кетсек, Түркістанда өткен форумға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Діни басқарма жанындағы Ақсақалдар кеңесінің Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласындағы мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, дін қызметкерлері қатысты.

 

 

 

0 пікір