Қазақстан әлеуметтік мемлекет
Қазақстан әлеуметтік мемлекет
29.02.2024
707
0

Конституцияның 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Алайда, әлеуметтік-құқықтық мемлекеттің идеясын конституциялық бекітуден оны шын мәнінде жүзеге асыруға дейінгі аралықта ұзақ та қиын жол жатыр. Сол үшін де саяси реформалар жасау, қажетті әлеуметтік-саяси базаны құру, мәдениетті өркендету және басқа да алғы шарттарды дамыту қажет.

Әлеуметтік мемлекет – бар байлығын тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, білім алуына мүмкіндік жасауға, денсаулық сақтау саласын жоғары деңгейде қолдауға арнайтын мемлекет.

Ғалымдардың әлеуметтік мемлекет туралы берген анықтамаларында бұл – әрбір азаматтың лайықты өмір сүруіне, өндірісті басқаруға, азаматтарды әлеуметтік жағынан қорғауға ұмтылған мемлекет.

Әлеуметтік мемлекет – әр азаматтың жақсы ортада тіршілік етуіне, әлеуметтік жағынан қорғалуына, таланттары мен шеберліктерін толық дамыту үшін барлық азаматтарға мүмкіндік жасайтын мемлекеттік биліктің формасы болып табылады. Мұндай мемлекет адам мен қоғамға қызмет етеді және әлеуметтік әділеттілік, әлеуметтік бітім мен әлеуметтік келісім принциптеріне негізделген адамдар арасында жаңа типті байланыстарды қалыптастырады.

Қазақстан Республикасының негізгі мақсаттарының бірі – әлеуметтік мемлекет құру. Әлеуметтік мемлекеттің мәні мен мақсаты – қоғамдағы бейбітшілік пен татулық үшін жағдай жасау, әлеуметтік серіктестік институттарын дамыту, еңбекшілерге әділетті де лайықты еңбекақы төлеу құқығына және қауіп-қатерден қорғауға кепілдеме беру.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бірқатар Батыс Еуропалық мемлекеттердің Конституциясында әлеуметтік мемлекет формуласы жазыла бастады. XX ғасырдың 60-жылдары шамасында алғашқы әлеуметтік мемлекеттер, мысалы, Францияда, Германияда, Швейцарияда және Англияда, т.б. елдерде құрыла бастады. Олардың негізгі өмір сүру шарты – қоғамдағы жағдайы нашар топтарды қолдау үшін халықтық табыстың белгілі бір бөлігін бөле алатын экономикалық дамудың ең жоғарғы деңгейіне шығу болып табылады.

Әлеуметтік мемлекеттің қазақстандық моделі дегеніміз – әлеуметтік қолдауға мұқтаждарды қорғай отырып, адами капиталды үздіксіз дамыту арқылы еңбек өнімділігін арттыру және сол арқылы азаматтарымыздың әл-ауқатын күшейтіп, мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты бірте-бірте азайту.

Social Progress Imperative Халықаралық зерттеу жобасының 2024 жылғы Әлеуметтік прогресс индексі индексінде Қазақстан 170 елдің ішінде 63 орынға ие болды. Елдің жалпы бағасы 69,73 балды құрады, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (63,44 балл) жоғары.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдарда елдің әлеуметтік хал-ахуал қиын болды. Ұлттық валютамыз айналымға енгеннен кейін үш айға жетпей, он еседей құнсызданды, ал жылдық есепте тіптен сұмдық болды. Гиперинфляция экономикаға аз соққы болмаған еді. Бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік жағдайын да нашарлата түсті. Күнкөріс қамымен мұғалімер, дәрігерлер және басқа да қызметкерлердің базар жағалап, табысы жақсылау салаға жаппай дерлік ауысып жатқан кезі де сол тоқсаныншы жылдар еді.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде халықтың жаңа қоғамдық саяси-экономикалық жүйеге бейімделуі оңай болған жоқ. Еңбек нарығы, экономикалық заңдылықтар өкінішке қарай сақтала бермеді. Сондықтан да кей салада дисбаланс болып, тепе-теңдік бұзылды. Осылайша елдегі алғашқы қиындықтарды еңсеру оңай болмады. Дегенмен уақыт өте келе халықтың жағдайы біршама түзеліп, ел еңсесін жинай бастады.

Дамыған мемлекеттердің тәжірибесінен көріп отырғанымыздай табысты әлеуметтік мемлекеттің универсалды формуласы жоқ. АҚШ-та азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету жүгі мемлекет пен қатар жеке сектордың жауапкершілігінде болса, «Солтүстік Еуропалық» модель бойынша азаматтардың мемлекет тарапынан алатын әлеуметтік қолдауы олардың мемлекетке төлейтін салық көлеміне тікелей тәуелді. Осы орайда экономикалық жүйенің жаңа формациясына көшкен біздің ел үшін әлеуметтік мемлекеттің өзіндік моделі болуы заңды құбылыс.

Әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілмеген жағдайда адам құқығы мен бостандығының құрылымы өзгереді, адамдардың саяси белсенділігі төмендейді, мемлекетке сенімсіздік пайда болады, саясатқа селқостығы ұлғаяды, құқық пен бостандықтың заңды кепілдіктері әрқашан мүмкін емес деген ұғым қалыптасады. Сондықтан елдің дамуы үшін экономиканы көтеріп, халықтың жағдайын ойлауға көбірек мән берген жөн.

 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

дінтанушы-теолог маманы                                                                     Б.Өтеген

0 пікір