Мемлекеттік құрылыстың зайырлы қағидаттары
Мемлекеттік құрылыстың зайырлы қағидаттары
10.05.2023
798
0

Еліміздің тәуелсіздік тарихындағы алғашқы кезеңдер ел экономикасын өркендетуге жұмсалса, бүгінгі күні негізгі жұмыстар саяси құндылықтарды барынша дамытуға бағытталуға тиіс. Әлемде 113 мемлекет өзін зайырлы ел деп жариялаған болса, соның бірі – Қазақстан. Ал жер бетіндегі 75 мемлекетте дін республиканың ресми бөлігі болып табылады. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан – достық, бірлік, ынтымақ ұрандарын басты ұстанымына айналдырып, даму сатысында болашаққа жол бастап келеді. Осы уақытқа дейін әлемнің 200-ден астам мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы 130-ға жуық ұлт пен ұлысты, түрлі дінді уағыздайтын діни бірлестіктерді татулықта ұстап отырған зайырлы мемлекет.

Қазақстан Республикасының экономикалық, саяси, мемлекеттік және құқықтық құрылысын айқындайтын басты ұстанымы ҚР Конституцияның 1-бабының 1-тармағы: «ҚР өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары»,-делінген.

Жалпы, еліміздің Конституциясында көрініс тапқан зайырлы құндылықтарды ілгерілету мемлекеттік органдардың алдында тұрған маңызды міндет болып табылады, өйткені зайырлылық – Қазақстанның заманауи құқықтық мемлекет ретінде өмір сүруінің негізгі өлшемі.

Қазақстанда зайырлы қағидаттарды ілгерілету мақсатында басшылыққа алынатын құндылықтар қатарына қоғамдағы саяси демократияландыру, құқықтық мемлекет орнату тәрізді маңызды мәселелер қатар жүреді.

Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарында, Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі қағидаттары 2 тармағы: «Қазақстанды зайырлы және құқықтық мемлекет ретінде орнықтыратын қағидаттарды іске асыру, олардың барлық құқықтары мен функцияларын сеніммен жүзеге асыруы үшін тең және қолайлы жағдайлар жасау» керектігі анық көрсетілген.

Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен міндеттері:

      1. Мемлекеттік құрылыстың зайырлы қағидаттарын ілгерілету.

      2. Азаматтардың діни сенім бостандығына және діни бірлестіктермен өзара іс-қимылын жасауда құқықтарын сақтау.

      3. Қазақстандық қоғамда конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау.

      4. Діни салада ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Бұл мақсаттарды орталық мемлекеттік органдар да, жергілікті атқарушы органдар да жүзеге асыруы керек.

Мемлекет дамуының зайырлы қағидаттарын нығайту мақсатында:

Мемлекеттің зайырлы құрылымы – Қазақстан халқының маңызды тарихи жетістігі. Қазақстан бірегей тарихи-мәдени жағдайларға, қоғамдық дамудың өзгешілігіне және діни саланың ерекшелігіне ие бола отырып, әлемдік қоғамдастық мойындаған мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың өзіндік моделін іске асырады.

 Мемлекеттің зайырлы сипаты туралы конституциялық норма Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың негізін түзуші болып табылады.

 Мемлекеттік қызмет, білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, отбасы және неке институттары жүйелерін қоса алғанда, әлеуметтік қатынастар, сондай-ақ мемлекеттің құзыретіне жататын басқа да салалар тек заңнамамен реттеледі.

Зайырлылық мынадай қағидаттарды көздейді:

Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет жүйесінде, зайырлы қағидаттар қазіргі Қазақстанның дамуы мен жұмыс істеуінің негізі болып табылады.

Өзінің күнделікті қызметінде барлық азаматтар, дінге деген қатынасына қарамастан, ең алдымен, заңдарды, өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын, сондай-ақ, егер олар қолданыстағы заңнамаға қайшы келмесе, барлық меншік нысанындағы ұйымдардың ішкі ережелерін басшылыққа алады.

Заң шығаруда, мемлекеттік билік органдарының қалыптасуы мен жұмыс істеуінде, лауазымды тұлғалардың этика қағидаттарында мемлекеттің конституциялық құрылымы діни мүддені жоққа шығарады.

Мемлекет пен діни бірлестіктер арасында ерекше қарым-қатынас орнаған. Мемлекеттік саясат қандай да бір діни ілімнің нұсқауларында емес, азаматтардың, қоғамның және жалпы мемлекеттің тіршілік әрекеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты мүдделерін негізге ала отырып құрылады.

Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде Қазақстанда мемлекеттік шешімдер қандай да бір діннің немесе оның жекелеген ізбасарларының мүдделерін негізге алмай, бүкіл қоғамның мүдделерінің негізінде ғана қалыптасады.

Қазақстан әрбір азаматтың ар-ожданының құндылығын мойындайды және еркіндігін қамтамасыз етеді.

Ел азаматтары өзінің дінге деген көзқарасын өз бетінше және мәжбүрлеусіз анықтауға не өзін қандай да бір дінмен мүлдем байланыстырмауға және діни институттарға жүгінбей өмір сүруге құқылы.

 Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшілер арқылы мемлекет азаматтарды қандай да бір нысанда белгілі бір дінді қабылдауға немесе ұстанбауға мәжбүрлей алмайды, бірақ дін ұстанатын және оны ұстанбайтын азаматтар арасында, сондай-ақ әртүрлі діни бірлестіктер арасында өзара келісім мен сыйластық қатынастарын орнатуға ықпал етеді.

Ұлттық, оның ішінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде мемлекет қоғамдық қатынастарды реттейді және басқарады.

Осы мақсатта мемлекет адамның ішкі әлемі мен діни наным-сенімдеріне қол сұқпай, заңда көзделген шектеулерді енгізуге құқылы.

Мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет жүйесінің жұмыс істеуі үшін зайырлы қағидаттар негіз қалаушы болып табылады.

Жоғарыда аталған ережелердің барлығы қазақстандық заңнамада тіркелген және зайырлылық ұстанымдарын іске асыруда әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып жасақталған. Жалпыға ортақ  осы ұстанымдар мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қатынасын реттеп, қазақстандық зайырлылықтың заманауи үлгісін қалыптастыруда. Жалпы мемлекет ел ішіндегі діни бірлестіктермен ортақ келісім, өзара түсіністік, толеранттылық пен сыйластық негізінде әрекеттеседі. Мемлекет пен діни құрылымдардың қоғамның әртүрлі салаларында жеке тұлғалардың тепе-теңдігін қамтамасыз етуі – зайырлы Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Егер заңда басқаша қарастырылмаса, жеке тұлғалар сенім бостандығын желеу етіп мемлекет алдындағы азаматтық міндеттерін атқарудан бас тарта алмайды.

 

 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің теолог-дінтанушы маманы                            Дүйсен Асхат Өмірұзақұлы

0 пікір