Исламда зайырлылық ұғымы бар ма?
Исламда зайырлылық ұғымы бар ма?
26.05.2023
1113
0

Дін – қазақ қоғамы мәдениеті мен рухани өміріне маңызды ықпал ететін факторлардың бірі.  Қазіргі таңдағы дін мәселесіндегі тарихи факторлардың әсері еліміздегі діни ахуалдың ерекшеліктерін нақты көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабы 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады»,-делінген. «Зайырлылық» түсінігінің ауқымы кең. Конституциялық негіздегі «Зайырлы» ұғымы мемлекет өмірінің барлық салаларында, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Қазіргі заманғы зайырлылық ең алдымен гуманистік құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруды қамтиды. Зайырлылық діни дүниетаным мен құндылықтарды мойындамауды немесе олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлін, маңызын кемсітуді білдірмейді. Зайырлылық пен мемлекеттің зайырлы сипаты дінді теріске шығармайды. 

Зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көп түрлілігін мойындау.  Ал зайырлы мемлекет осы көп түрліліктер арасындағы қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. Зайырлылық қазіргі әлемдегі көптеген елдердің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасып, әрекет етуінің басты қағидаттарының бірі болып саналады. 

Бүгінде зайырлылықты атеизммен астастырып, не болмаса ислам дініне қарсы құрылым деп шатасып жүргендер аз емес. Ал ислам діні тарихынан хабары бар адам  Пайғамбардың әр қадам-шешімі зайырлылыққа негізделгенін бағалар еді. 622 жылы қабылданған «Мәдина конституциясында» бірнеше дін өкілдерінің бір мемлекетте қатар өмір сүріп, өзара құқықтық мәміле орнатып, Мәдина қаласының ішкі-сыртқы мәселелерін реттеуде ортақ міндеттер жүктеуге қол жеткізген. Алғаш рет дінаралық диалогтың негіздемесі қалыптасқан, бұл декларацияның ислам мемлекеттігінің пайда болуы мен қалыптасуында құқықтық рөлі ерекше.

 Ислам шынайы өмірмен санасып отыратын дін. Тарихқа үңілсек, ислам діні жеткен жерлердің халқы өз құндылықтарын ислам ұстанымдарымен сабақтастырған. Өкінішке орай, бүгінгі күні жат ағымның ықпалында жүріп, исламды дұрыс түсіне алмай, халқымыздың мәдениеті мен дәстүріне сескене қарайтын азаматтардың қатары күн санап өсуде. Ислам діні әрбір ұлттың болмысын Жаратушының әміріне қарсы болмайтын ерекшеліктерін оң қабылдап, толықтырады.

Ислам діні елімізге қандай құнды болса, зайырлылық та сондай құнды. Көпұлттың басын біріктірген дархан даламызда ауызбіршілік, ынтымақ, бірліктің болуы, халқымыз бейбіт өмір сүруінің бірден-бір кепілдігі – зайырлылық ұстану.

Зайырлылық – дінсіздік емес, ол діннің мемлекеттен, мемлекеттің діннен бөлек екендігі және ар-ұждан бостандығы.  Қазіргі заманға сай зайырлы білім, зайырлылық қағидаттарын ұстану, заңға бағыну дінді терістемейтінін ұғынуымыз тиіс.

Қорытындылай келе, әр ұлттың өз ерекшелігі мен ұстанымы, ұлты мен нәсіліне қарай өзіндік қалыптасқан мәдениеті мен салт-дәстүрі болады. Бізде өз заманымызда шет елдерден келетін өзге мәдениет көріністеріне ақыл парасат тұрғысынан қарау арқылы өз ұстанымымызға тиімді үйлесетін жерлерін ғана алуымыз керек. Бабаларымыздың даналық қағидасынан жеткен «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен»,-деген нақыл сөзін жадымыздан шығармағанымыз жөн. 

 

А.Құрманбек 

Теолог маман                                                    

0 пікір