Адам бостандығы – басты құндылық
Адам бостандығы – басты құндылық
24.07.2023
4310
0

Адам құқықтары мен бостандықтарының мәселесі барлық мемлекеттердің саяси-қоғамдық, мемлекеттік-құқықтық тәжірибесі мен теорияда да ең басты орындарының бірінде тұратыны анық, себебі әңгіме ең басты әлеуметтік кұндылық туралы болып отыр. Адамға құқық тумысынан тиесілі. Олар табиғи сипатқа ие және тұлғаның нәсіліне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына, нанымына қарамастан бөлек қарастырыла алмайды. Адам құқықтарының жиынтығы адам құқықтарының жалпы мәртебесін құрайды.

Конституцияның алғашқы бабында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп бастайды.

Зер салып қарасақ, «мемлекеттің басты байлығы – адам» деген бабынан басталғаны бекер емес. Демек, қоғамдағы атқарылған және атқарылуы тиіс шаруалар осы адамның игілігіне арналған. Ал Ата заңымыз сол игіліктерді қорғайды. Құранның жақсы мен жаманды, жарлы мен байды бөліп жармайтынындай, Заң – еліміздің барлық азаматтарына тең қолданылады. Сондай-ақ, «діни сенім бостандығы» Конституцияның 22-бабына сәйкес «ар-ождан бостандығы» ұғымының аясында қамтылады.

Ар-ождан бостандығы – тек дінді таңдау еркіндігі ғана емес, сонымен қатар діни емес таңдауды да айқындайды. Конституция таңдау құқығын әр азаматқа қалдырады және оның қалаған шешімімен келіседі, қабылдайды және қорғайды.

Адам құқықтары мен бостандықтары – жеке тұлғаның әлем қауымдастығы мойындап, халықаралық-құқықтық құжаттарда бекітілген, әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етілген, ешкім шек қоймайтын немесе тыйым сала алмайтын құқықтары мен бостандықтары. Әр адамның жеке бас бостандығы заңмен қорғалатын, тікелей мемлекеттің қарауында болатыны анық. Біз бір тудың астында ынтымақтастықта өмір сүріп жатқанымыз, ең әуелі осы мемлекетіміздің заңдарының арқасы десек, артық болмайды. Себебі мемлекет дегеніміздің өзі халықтан тұрады. Ал халықсыз ешқашан мемлекет болмайды. Сол үшін ең бірінші мемлекет халықтың мүддесін қорғауға және оның жеке бостандығын, сондай-ақ құқығын қорғауға міндетті. Ал мұндай адам бостандығын, өз елінің қарапайым халқының құқықтары мен бостандығын қорғай алмаса, оны қорғайтын заң болмаса, онда бұл ең құлдыраған мемлекет.

Біздің Қазақстан Республикасының Заңдар жинағында ең әуелі әрбір азамат пен азаматшаның бостандығы мен құқықтарын қарайды. Қазақстан- көпұлтты мемлекет, 130-дан аса ұлт өкілдерімен бір шаңырақтың астында, бір үйдің баласындай, бірлік пен татулықта өмір сүріп жатқанымыз мемлекетіміздің кемел саясаты мен заңдардың жүйелігінің арқасында. Біз осындай, өз құқығымызды білетін, бізді қорғаушы күштің бар екенін білетін елде өмір сүріп жатқан бақытты халықтың бірі, әрі бірегейіміз.

Қорыта келгенде, көптеген адамдар санасында құқық ұғымы жазалау, соттау, құқық бұзылуының ұғымдарымен байланысты түсіндіріледі. Бірақ құқық әділеттілік, теңдік, ізгілік екендігін, қоғамға негізделген тәртіп ережелері екенін естен шығармау керек. Дүние жүзі елдеріне ортақ заңдар бар. Біз сол заңға да бағынуға міндеттіміз. Ол – «Адам құқықтары жайлы жалпыға бірдей декларациясы». Адам, оның бостандығы, құқықтары – ең қымбат құндылық. Мұндай бақыт әркімге бұйыра бермейді. Көптеген елдің ішінде бодандықта өмір сүріп жатқан ел мен тайпалар қаншама. Олардың құқығы мен бостандығы былай тұрсын, тілі мен діндері, ата дәстүрі, ондай елдер тіпті жоқтың қатарына еніп кеткен. Сондықтан да, қолда бар алтынның қадірін уақытында білуіміз керек, уақыт өткеннен кейін бармақ тістеп, өкінудің бір тиын пайдасы болмайды.

Қортындылай келе, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ӘлиханБөкейхан атамыз айтқандай «Адам, оның құқықтары мен бостандықтары – ең қымбат құндылық»  екенін естен шығармаған абзал.

 

Б.Абдрахман

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                                  

 

0 пікір