Телефон – адам игілігі үшін жасалынған құнды заттардың қатарында. Ұялы телефонның пайда болуы адамзаттың соңғы жарты ғасырда жеткен ең керемет жетістіктерінің бірі болды. Алғашқыда телефон адамдардың байланыс және қарым-қатынас құралы, бір-бірімен тілдесу мақсатында жасалынғаны мәлім. Заман өткен сайын технология қарыштап дамып, түрленіп, адам сенгісіз мүмкіндіктерге ие болды.
Ұялы телефон – адамзаттың досы мен қатар қасына да айналуда. Ұялы телефонды тым көп пайдалану үлкен апаттарға әкелуде. Соңғы уақыттары бесіктегі баладан, еңкейген қартқа дейін телефонға телміріп, смартфонның сергелдеңіне түсіп кетті. Ұялы байланыс құралы алыстағыны жақындатқанымен, жанымыздағы жақын ағайын-бауырларымызды алыстатып жіберді.
Телефонның тарихына үңілетін болсақ, ұялы байланыс құралының көмегімен жүзеге асқан алғашқы телефондық сөйлесу 1973 жылы 3 сәуір күні Motorola компаниясының қызметкері, құрылғыны ойлап тапқан Мартин Купер мен BeLL Laboratories компаниясының зерттеу бөлім бастығы Джоэл Энгел арасында болды. Осы уақыттан бері, түрлі модернизацияға түсіп, заманның талабына сай келетін мүмкіндіктермен жаңаруда. Елімізге ұялы телефон өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап әкеліне басталды. Уақыт өте келе халық арасында кеңінен таралып, өзінің өміршең екендігін дәлелдей білді.
Ұлтымыздың дара ұстаздарының бірі – Ыбырай Алтынсарин атамыздың мына бір өлеңі мақаламыздың тұздығы болары анық:
Өнер – білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды, – деген тармақтары таңдантып, таңдай қақтырмай қоймайды. Соңғы уақыттары азаматтарымыз телефон дертінен айығатын емес. Арнайы ғылымда телефонын жоғалтып алу немесе байланыссыз қалу қаупі «номофобия» деп аталады. Бұл термин алғаш рет 2010 жылы ұялы байланыс пайдаланушыларының әдеттеріне арнап жүргізілген зерттеуде қолданылды. Сол кезде сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы ұялы телефонын жоғалтқан кезде және оның қуаты таусылғанда немесе қаражаты біткенде, сондай-ақ желіден тыс жерде жүргенде қатты алаңдайтындарын мойындады.
Номофобия дертіне шалдыққандардың саны күн санап өсуде. Тіпті, алысқа бармай-ақ Түркістан облысының тұрғыны әкесінің ұялы телефонын алып қойғанына наразы болып, қарсылық ретінде өз-өзіне қол жұмсаймын деп лаң салғаны барлығымыздың жағамызды ұстатты. Қоғамда бұл дерттің күннен-күнге ушығып бара жатқанын көрсетеді. Бұл қоғамға деген үлкен қауіпті дабыл ретінде қабылдасақ болады.
Қазіргі таңда смартфондардың адам ағзасына, денсаулығына, психикасына тигізер зияны көп. Көп уақыттарын виртуалды алаңға арнаған азаматтар, кейбір сәттерде шынайы өмір мен виртуалды өмірді шатастырып алып жатыр. Балаларымыздың алдына ешқандай бақылаусыз келіп жатқан сан мыңдаған ақпараттар, түрлі атыс-шабыс ойындар, құмар ойындар, түрлі форматтағы жарнамалар адам санасының өзгеруіне себепкер болуда. Кейбір мектеп оқушылары адамның психологиясына тікелей әсер ететін атыс-шабыс ойындарының кесірінен, ойындағы болып жатқан түрлі зомбылық әрекеттерді қалыпты жағдай ретінде бағамдап жатқаны көңілімізді түсірері хақ.
Интернет-алаяқтық – бүгінгі таңдағы смартфон және ғаламтор арқылы жасалынатын қылмыстық іс-әрекеттердің бірі. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес, еліміздің азаматтары 13 млрд теңгеден астам ақшасын алаяқтарға берген. Көп жағдайда, құқықтық және медиа сауатсыздыққа жол берудеміз. Смартфондардың адам баласына тигізер залалының алаңы күннен-күнге өсуде.
Тағы бір өте өзекті және мақаламызға арқау болған мәселе – телефон терроризмі. Телефон терроризмі – Қазақстандағы террористік сипаттағы барлық қылмыстардың ішінде ең көп таралған құқық бұзушылық түрі болып табылады. Жалған лаңкестерге қарсы қолданылып жатқан жазалау шараларының ауыр екендігіне қарамастан, олардың саны өкінішке орай, азаймай отыр. ҚР Қылмыстық Кодексi 273-бабы, «Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау»: «Дайындалып жатқан терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау – бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады».
Жоғарыда көрсетілген заң талабына құлақ аспай құқық бұзған азаматтардың саны жыл басынан 10-нан асты. Ағымдағы жылдың қаңтар айында Солтүстік Қазақстан облысында 16 жасар жасөспірімге байланысты қылмыстық іс қозғалған болатын. 24 қаңтар күні СҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен 16 жасар боз балаға қатысты 1 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасы шығарылды. Ағымдағы жылдың 17 қаңтар күні Абай облысында жалған ақпарат берген 13-14 жас шамасындағы мектеп оқушыларының ата-анасына ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабына сәйкес айыппұл салынған болатын.
Жоғарыда мысалға келтірілген жағдайлар еліміздің түкпір-түкпірінде жыл басынан бері қайталанып жатыр. Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе облыстарында осыған ұқсас оқиғалар орын алды. Әр түрлі әлеуметтік желілер арқылы лаң туғызып халықтың тыныштығына зиян тигізіп жатқан бұл әрекеттер әрқашан да мемлекеттің жіті бақылауында екендігін жадымыздан шығармауымыз тиіс.
2023 жылдың қорытындысы бойынша жалған көрінеу ақпарат беру бойынша 215 қылмыстық іс қозғалған. 43 адам анықталып, оның ішінде 19-ы кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер болып табылады. Соның ішінде 7 азамат темір тордың ар жағына тоғытылса, 2-і кәмелетке толмағандар болып табылады.
Телефон терроризмі бойынша құрыққа ілінген азаматтардың саны көбеюде. Басым көпшілігі әзіл ретінде немесе бәстесу үшін жасалып жатқан дүние болса да, заң алдында жауапкершіліктен құтылуға себеп еместігін түсінуіміз қажет. Қолымыздағы телефон тереңге батырып, терроризм атты дәжжәлдің құрбаны болуымызға себепкер болмасын.
А.Тағай
Түркістан облысы дін істері
басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу
орталығы» КММ бөлім басшысы
Телефон терроризмі
Көп оқылғандар