Соңғы кездері қоғамда рухани тоқыраудың әсері ме, не болса соны сиқырға балап, илану көбейіп барады. Қоғамда қандай түйіткілді мәселе туындаса да жеңілдің үстімен, ауырдың астымен шешуді көздеп, көріпкел, тәуіп, емшіге барып, одан қала бере болашағын болжап беретін, сәттілікке толы күніңді айтушы тон пішушілер көбеюде.
Өмірдің қиыншылықтарына тап болған адам үшін уақытша тыныштандыратын, жанға жайлы, құлаққа жағымды сөздер айтатын бақсы-балгерлер ең жақын адамындай көрінер. Еңсесi түсіп езiлген пенде әрқашан жылы сөздерден жанына сүйеу тапқысы келерi ақиқат. Осылайша, көңілі жүдеу жандар жарнамасы құлақ жарар емші, балгерлерге барып, алдағы өмірінде не күтіп тұрғанын болжатып, соған қарай әрекет еткісі келеді. Бағын аштырамын деп барып, бағын қаштырып жатыр, жолымды аштырамын деп, жаптырып жатыр.
Әлі орын алмаған, қашан болатыны белгісіз істер ғайып хабарларына жатады. Олардың қалай болатындығы жайлы сәуегейлік жасап, бал ашу мұсылман танымына керағар келетін теріс әрекет. Қасиетті Құран аяттары мен хадистерде ғайып істер жайлы болжам жасаудың үлкен күнә екендігі ескертілген. Алла Тағала «Нәміл» сүресінің, 65-аятында: «(Уа, Мұхаммед) Алладан өзге көктер мен жердегілердің ешбірі ғайыпты білмейді. Олар өздерінің қашан тірілетіндерін де сезбейді деп айт» деген.
Бүгінгі күні мына жұлдыздың ықпалы күшті болып, мынадай жұлдыз астында туылғандардың жолы болады, басқа күні туылса болмайды деген сияқты сандырақтар исі мұсылманның сеніміне селкеу түсіретін күнәлі істер. Сондай өзін астрологиямен байланыстыратын сандардың тылсым әлеммен байланысы бар деп есептейтін наным жүйесі – нумерология .
Бұл ғылым соңғы жылдары танымал болған, көптеген адамдар оны өмірін, қарым-қатынасын және болашағын түсіну әдісі ретінде пайдаланады. Нумерология бойынша әрбір әріп пен санда белгілі бір мәліметтер жасрылған, және сол арқылы болашақта қай күн сәтті, қай күн қайғылы болатынын анықтаймыз деп есептейді. Мұны «сандармен пал ашу» деп те атайды. Нумерологияға қазіргі таңда «соқыр сенімділік және жалған ғылым» деп баға берілуде. Расында, алдымыздан келетін қиындықты алдын ала біле аламыз ба? Егер болашақты болжай алатын болса неге пайғамбарлар қиындық көрді? Неге алдын ала болжап білмеді деген қарсы сауал туындайды. Құранның «Ағраф» сүресінің 188-аятында: «Айт: «Алла қаламайынша, өзіме не пайда, не зиян келтіруге күшім жетпейді. Егер мен сырын білсем, өзіме жақсылықты арттырар едім, маған жамандық тимес еді» деген. Осыдан-ақ адамның болашағы турасында білмеуі қалыпты екендігін біле аламыз.
Исламдық сенім жүйесі бойынша – сандарға, жұлдыздарға және басқа да жалған ғылыми нәрселерге негізделген болжамдар, сондай-ақ олардың тағдырға әсер етеді деген мәлімдеме жасаулары тыйым салынғандардың қатарында. Дүниедегі барлық құбылыстар мен өзгерістер тек Алланың қалауымен болады. Сонымен бірге тағдырды, болашақты Алладан басқа ешкім білмейді.
Нумерологияның түрлерінің ішінде бүгінгі таңда кеңінен таралған сюцай ілімін атап өткен жөн. Сюцай – раджа-йога философиясына негізделген нумерологияның бір түрі. Бұл жүйенің сенімінде адам өміріндегі белгілі сандар (туған күні, неке қиған кезі т.б.) бір планета энергиясымен тығыз байланыста болады. Сандарда адамның мінезі, қабілеті, өмірге келген мақсаты, болашақта орын алатын оқиғалары қамтылған деп есептейді. Егер сандар энергияға сәйкес келсе, өмірі жақсы, ал сәйкес келмесе, келеңсіз жағдайлар орын алуы мүмкін деген сенімде. Сюцай адамдардың тағдырын өзгертеді деп сенеді
2023 жылдың 6 қаңтарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Сюцай» жүйесін қолдану шариғатқа қайшы деп пәтуа шығарған. Бұл жүйе бойынша сандарды болжауға сену, Құдайдың құдіретіне күмәндану және адам тағдырын болжау болып табылады.
Исламда мұсылман – тағдырға, жақсылық пен жамандық бір Алладан болатынына сенуі керек, сонымен қатар болашақты болжайтын түрлі сенімдерден аулақ болуы керек.
Қорытындылай келе, нумерология – заманауи ғылымға, діндердің құрамдас бөлігіне, дәстүрлі және мәдени құндылықтарға қайшы және адамдар үшін физикалық және психологиялық зиян тигізеді. Нумерология және соған ұқсас басқа да тылсым күштермен айналысуға, соларға жүгінуге шариғатымыз қатаң түрде тыйым салған. Себебі, оның дүние тіршілігіміз үшін де, ақыреттегі жағдайымыз үшін де ешбір пайдасы жоқ. Оған уақыт бөлу – бос әурешілік. Сонымен қатар, сандар болжамына сеніп, Алланың құдіретіне, тағдырына шәк келтіру үлкен күнә саналады.
Г.Бекжан
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы
Сандар туралы ғылымның сыры неде?
Көп оқылғандар