Мешіттің қадірі...
Мешіттің қадірі...
23.12.2022
871
0

Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің жұмыс бағыттарының бірі халық арасында дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып табылады. Осы бағытта біз облыс көлеміндегі қала, аудан, ауыл, елді-мекен тұрғындарымен, түрлі деңгейдегі мекеме қызметкерлерімен, студент және оқушы жастармен, жалпылама айтқанда әлеуметтік топтардың барлық қабаттарымен кездесулер өткіземіз. Іс-сапар барысында дін саласына қатысты әрбір ұсақ-түйекке назар аударып, қалт жібермеуге тырысамыз.

Әрине мұндайда ең бірінші назарға алынатыны діни ғимараттар мен құлшылық ордалары және олардың жай-күйі. Елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2744 мешіт-филиалдары бар болса, соның 762-і біздің Түркістан облысының еншісіне тиесілі. Кешегі Құдайсыздық қоғамынан шөліркеп шыққан халқымыз бүгінде егемендік еншісіне тигеннен кейін құлшылық үйлерін көптеп сала бастады. Шүкір, әр ауылда азан айтылып тұратын, күмбезі көк тірейтін мешіттеріміз бар.

Алайда, имамы болмай, мешіттерінің қақпасына қара құлып салынып тұрған кейбір ауылдар да жоқ емес. Ал, енді бірінің есігі тек жұма күндері ғана ашылады. Кейде ғибадат үйлерінің тыныс-тіршілігімен танысу үшін бас сұға қалсаңыз іші мұздай, кілемдері тозған, шаң басқан орындарды да еріксіз байқайсыз. Тазалық үшін арналған орындар салқын, қажетті құралдар мен ыстық су жоқ. Ғимарат ауласы шөп басып, қараусыз жатқанын көргенде көңіліңіз құлази түседі.

Аталған мешіттердің жағдайына тереңірек үңілсек бірін халық «асар» жолымен, ауылдан шыққан кәсіпкер жігіттердің қолдауымен, енді бірін меценат азаматтар салған екен. Сәулеті келісіп аяқталған мешітті ел игілігіне табыстағаннан кейін оған демеушілік еткен азаматтар көп бас сұқпайтын көрінеді. Ол азаматтардың түсінігінде мешіт салынып бітсе болды дейді. Ал, шын мәнісінде ол ғимараттың шырағын сөндірмеуге жарық, ішін жылы ұстауға көмір, отын немесе газ, келушілердің тазалығы үшін ыңғайлы әжетхана мен жылы су, қажетті құралдар үздіксіз қажет болады. Ең бастысы әуезді азан үзілмеуі үшін дін қызметкері, елді имандылыққа үгіттейтін имам, мешіттің тазалығын қамтамасыз етуші адам өте қажет. Міне, осы қателіктерге бой алдырған жағдайда жоғарыда айтып өткеніміздей мешіт тозып, ішіне көрік берер жамағат та болмай қалады. Тіпті, мақтан мен жарысқа беріліп бір ауылдан екі мешіт салынуға дейін жеткен жайттар бар.

Әрине мұның барлығын жаманшылыққа баламаймыз. Бұл халқымыздың қайырымдылыққа, жақсылық пен ізгілікке деген саф көңілінен шыққан дүниелер. Кешегі қылышынан қан тамған қоғамнан қысылып шыққан азаматтарымыздың рухани жан-дүниесінің азаттыққа жеткендегі еңбегінің жемісі. Тек, оны сол биігінде ұстап тұра алмай жатқандығы өкінішті.

Мен бұл мақаламда біздің өңіріміз үшін мешіттің жеткілікті екенін жеткізгім келеді. Әрине мешіті жоқ бірлі-жарымды ауылдар да жоқ емес. Осы орайда қайырымдылық тек мешіт салумен ғана шектелмейтінін түсінсек екен. Ел мен қоғамның игілігі үшін жол, көпір, ауыз су, мәдениет ошақтары, спорт нысандары, білім ордалары көптеп салынса екен. Олардың да салынуы мешіт тұрғызғанмен бірдей сауап жазылмаса кем емес. Туған ауылын түлету үшін азаматтарымыз осы мәселелерге назар аударса. Жастар мен жасөспірімдеріміз бос уақытын тиімді пайдаланып жылы орындарда кітап оқыса, таза спорт залдарда жаттықса, сәні мен салтанаты келіскен жарық жерлерде мәдени шаралармен шұғылданса құба-құп емес пе?! Әрбіріміздің ауылымыздан спорт саңлақтары, мәдениет майталмандары, қоғам белсенділері шығып жатса саналы ұрпақ қалыптасарына сеніміміз мол.

Қайырымдылық ұғымының мағынасы өте кең. Халқымыз рақымды, мейірімді, жан жылуы мол адамды қайырымды адам дейді. Ертеректе үлкендеріміз алдына жағдай айтып келген адамның меселін қайтармауға тырысатын. Жағдайы қиын болып тұрса да оны қолтығынан демеп, еңсесін тіктетуге атсалысатын. Бұл – халқымыздың бойындағы асыл қасиеттерінің бірі болатын.

Халқымыз өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулыған. Біреуге жақсылық, жан-жануарларға, тіпті табиғатқа камқорлық жасаудың өзін қайырымдылық іске жатқызған. Басқаның басына түскен ауыртпалықты қабылдау және оны бөлісу, тіпті іс жүзінде нақты көмек беру де қайырымдылыққа жатады. Ауызсуға мұқтаж ауыл тұрғындарына құдық қазып беру де – үлкен сауапты іс саналған.

Бүгінде тек сауап мешіт пен медресе салу десек, мағынасын кемсіткен болар едік. Себебі қайырымдылық қоғамның әлеуметтік саласының барлығында жүзеге асырылуда.

Жалпы ғылым тілінде меценат деп білім мен өнердің дамуына материалдық көмек көрсеткен тұлғаны айтамыз. Қоғамда меценаттардың көп болуы – еліміздің экономикасы дамып отырғанының бір көрінісі.

Тарихтан көптеген меценаттардың есімін білеміз. Шежірелік деректерге зер салсақ, олар өздерінің көмегін көбінісе білімге жұмсаған. Оқу орындарын ашып, мектеп-медреселер тұрғызып, халықтың оқу-ағарту ісіне үлкен еңбек сіңірген, яғни олар білімге қолдау көрсету арқылы ұлт болшағының негізін салды.

Меценаттық пен қайырымдылықтың дәстүрлері қазақ жерінде ежелден бері тараған. Әңгімені әріден тарқататын болсақ Бөкей ордасының соңғы ханы Жәңгір хан халықты ағарту ісіне үлкен үлес қосты, мектеп ашты, оның жыл сайынғы барлық материалдық  қажеттіліктерін өзі қамтамасыз етіп отырды.

Құнанбай қажының 1824 жылы салдырған мешіті мен 1876 жылы Мекке қаласына салған қонақ үйі халыққа ұзақ жылдар бойы қызмет еткен.

Сыр өңіріндегі Қалжан ахун өз қаражатына  мешіт-медресе  салып, жастардың білімді болуына септігін тигізген.

Сонымен қатар, 1914 жылы Есенқұл Маманов «Айқап» журналында «Романға бәйге тігемін» деп ашық хат жариялауынан қазақтың әдебиетіне деген қамқорлығын аңғаруға болады.

Тағы бір мысал, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов 1918 жылдан бастап шығарған «Абай» атты журналдың материалдық шығындарын ауқатты Қаражан Үкібаев көтерген. Айта берсек жүздеген мысалдарды келтіруге болады. Бұлардың барлығы бір сөзбен айтқанда меценаттар.

Қазіргі заман меценаттарының ішінде де мақтанышпен айта алатын есімдер баршылық. Өз аттарын атамай, қарапайымдылығын сақтап, қайырымдылығын жасырып қалуды жөн санайтын жекелеген адамдар да көп. Олардың бұл ісін нағыз кең жүректі азаматтық іс дер едім.

Демек қазақ топырағында меценаттар аз болмаған. Бүгінгі күннің өзінде әртүрлі салалар бойынша үздіксіз қолынан келгенше қайырымдылық жасап келе жатқан азаматтарымызбен мақтана аламыз.

«Аз жақсылық жасағанға да көп рақмет айту парыз» – деген екен Ж.Баласағұн. Біздің халқымыз жақсылықты жасай да білген, жақсылық жасаған адамға рахметін айта да білген.

 

Медет Халықов

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директорының орынбасары                                                

 

0 пікір