Тарихтан тағылым – өткеннен өнеге
Тарихтан тағылым – өткеннен өнеге
25.03.2022
783
0

     Адамзаттың, мемлекеттердің тұтастай даму тарихына үңілер болсақ, азаттық үшін, бостандық үшін, тәуелсіздік үшін күрестің толассыз жүргізілетінін байқаймыз. Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен байқасақ, ежелден–ақ ру-тайпаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмаған, ұлын құл, қызын күң еткізбеуге батырлық ержүректігін, жауына қатал, досына адал, шыбын жанын шүберекке түйіп, садақ ұстап қол күшіне сеніп, найзаның ұшына үкі таққан ұлдары мен қыздарының жауынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен. Ел басына күн туғанда халықты жаудан аман алып, еркіндік жолында жанын пида еткен жаужүрек батырларымыз елдің елдігін, ердің ерлігін сақтап калды. Бабалар қаны сіңген киелі топырақ, сол қазақтың ержүрек перзенттерінің арқасында осы күнде бізге жетіп отыр.        

   Жаугершілік кезеңдерден аман-есен өткен халқымыздың біртуар тұлғалары Абай, Шәкәрім, Ыбырай дәуірі қылыштан гөрі қаламға жақын болды десек артық айтпағанмымыз болар. ХХ ғасырдың бірінші жартысында тарих беттерінде қазақ зиялылары жарқырап көріне бастады. Солардың бірқатары Алаш үкіметін құрып, жан-жақта шашырап жүрген қандас бауырларды бір шаңырақ астына жинауға талпынған «Алаш» деп халыққа ұран тастап, жеке мемлекет болуды армандаған Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Жүсіпбек Аймауытов тағы да басқа қазақтың зиялылары еді. Қазақ елі өзінің автономиясын жариялағанда жеке ел болдық деп қуанған қазақтардың бұл қуанышы ұзаққа созылмады. Сол кезеңдегі Кеңес өкіметі алаш туының астына біріккендердің бәрін біртіндеп құртты.

    Тарих қатпарларында талай қиыншылықтарды бастан кешірген халқымыз сан ғасырларлар аңсаған Егемендікке қол жеткізді. Міне, біздің Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асты. Бұл бір қарағанда тым азғантай мерзім. Алайда, осы отыз жылда Қазақстан аяғынан қаз тұрып қана қоймай, әлемдік өркениетте орны бар әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасты. Экономикасы дамыды, әлеуметтік жағдайы нығайып, елдің еңсесі көтерілді. Тіпті, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де оны сақтап қалу, баянды ету, ұрпаққа аманаттау – ұлы борыш. Тәуелсіздік жолындағы бабалар бастан кешкен қиындықтардың болмысын тарихқа үңіліп біз де сезіндік. Қазақтың жері талауға түсіп, ядролық сынақтар алаңына айналды, ділі мен діні қолдаусыз, қамқорлықсыз қалды, ұлттық кадрларға кемсітушілік көзқарас белең алды. Міне, осындай кезде еліміздің жас қайраты ұрандап алаңға шықты, теңдікті талап етті, әділетті іздеді, бірақ, олардың маңдайлары тасқа соғылды, қуғын-сүргінге ұшырады. Сонда да ұлттық рухымыз жасыған жоқ, қайта қайрала түсті. Біз тәуелсіздіктің төбеден түспегенін, әлдекім сыйға тартпағанын, тарих көшіндегі ата-бабамыздың арман-аңсарының толық жүзеге асқанын түсінетін ұрпақпыз. Желтоқсандықтардың бейбіт шеруге «Менің Қазақстаным» әнін айтып шыққанын, сол әнді айта тұра Елі үшін қаһарлы аязға қарамастан өз дегендерінде бекем тұрғанын  келер ұрпақ жадында ұстауға тиіс. Сол әннің қазіргі Елұранымызға айналып, Қазақ елінің барлық жеңістерінің байрағы болып тұрғаны қандай ғанибет!

   Еліміз егемендікке, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі отыз жыл еліміздің жас қайратының талабының оң болғанын дәлелдеп тұрғандай. Осы отыз жылда Отанымыздың қиын өткел, тар асулардан қалай аман өткеніне қазақстандықтар, әлем жұртшылығы куә. Қазіргі Қазақстанда тұратын жүзден астам этностың тағдырын қазақ тағдырынан бөле-жара қарамай, барлығын бір ананың баласындай бауырға тарту нәтижесінде еліміз ішкі-сыртқы саясатта үлкен беделге ие болды. Жас мемлекетімізде саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім қалыптасып, Қазақ халқының береке, бірлігі артты. Ана тілімізге деген құрмет Ата Заңымыздан бастау алды. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деген ұстанымы бүгінде біздің жолбасшымызға айналып отыр. Сонау тоқсаныншы жылдардағы күйреп қалған шаруашылықтар, босап қалған дүкен сөрелері, елді жайлаған жоқшылық пен қымбатшылық аз уақытта еңсеріліп, халықтың тұрмысы оңалды, экономикадағы өрлеу елдің әл-ауқатын арттырды. Сол жылдардағы ел басына түскен қиындықтарды, кедергілерді, тапшылықтарды санап тауыса алмайсыз. Осындай мәселелерді оңтайлы шешу үшін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізде жұмыссыздықпен күреске елеулі мән берілді. Соның арқасында қазақстандықтар тұрмыс-тіршілігі үшін жұмыс іздеп шекара асып кеткен жоқ. Олардың жұмыс істеуіне өз елімізде жағдай жасалды.     

    Елдігіміздің нышаны – рәміздеріміздің бекітілуі, шекарамыздың айқындалуы – осының бәрі тәуелсіз мемлекет үшін аса қажет құндылықтар болатын. «Тәуелсіздік бізге не берді?» деген кезде, жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орын алатын Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтан өз орнын ойып тұрып алғанын айтар едім. Жаңадан салынған елордамыз бар. Елорданың салынуы республикамыздың әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуына, ұлттық қауіпсіздігіміздің нығаюына үлкен үлесін қосты. Есілдің жағасындағы ару қала тарихи маңызды оқиғалардың ордасына айналды.

   Қорыта айтқанда, әлемдегі кез келген ұлт үшін ең үлкен байлық, ол – тәуелсіздік. Қазақстан тәуелсіздіктің көк туын желбіретіп, тарихи даму сатысының әр кезеңіне қадам басқан сайын, тарихтан тағылым – өткенінен өнеге алып, болашағын бағдарлау үстінде. Тәуелсіздік – еш нәрсемен салыстыруға келмейтін ұлы нығмет. Тек тәуелсіздігі бар ел ғана ойындағы асқақ армандарын жүзеге асырып, жарқын өмір сүре алады. Ана тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті сынды баға жетпес құндылықтары арқылы тәуелсіздіктің шоқтығы қашанда биік тұрады. Біздің еліміз де өз егемендігін алу жолында сансыз қиын кездерді еңсерді. Ғасырлар бойы жүргізілген тынымсыз күрес пен қайтпас қайсарлық бабаларымыздың аңсары – бүгінгі азат күнге жеткізді. Сол нәубетті жылдар мен қақтығыс-қантөгістер ұлтымыздың жадында сақталары сөзсіз. Ауызы дуалы хан мен билердің, білек күші мен жүрек күші бірінен бірі өткен баһадүр батырларымыздың, кешегі ызғарлы желтоқсанда жандарын пида еткен боздақтарының қанымен келген Тәуелсіздік – сіз бен бізге аманат. Солардың есіл ерлердің арқасында ешкімге тәуелсіз, тұғыры биік егеменді ел болып отырмыз. Аласапыран күндер артта қалып, өркениетіміз бен мәдениетіміз гүлденген мына заманда бағындарған биіктеріміз көп. Күн санап қарыштай дамып келе жатқанымызды айқын сезінеміз.

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы                          М.Салиходжаев

0 пікір