Дәстүрлі емес діни ағымдардың санының көбеюі адамдардың діни сауатының жоқтығынан немесе сауатының аздығынан туындайды. Дінге толық таныммен келмеу діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып табылады.
Ғаламтор кеңістігіндегі экстремистік идеялар тарататын сайттардың еркін қолжетімділігі де маңызды себептердің бірі. Жалпы, елімізде интернет пайдаланушылардың саны 12 миллионнан асып жығылыпты. Бұл халықтың 70 пайызы деген сөз. Сондай-ақ осыдан бес-алты жыл бұрын ғаламторда жастар көбіне ресейлік «Мой мир», «ВКонтакте» желісін пайдаланса, кейіннен «Фейсбук», «Инстаграм», «WhatsApp», «TikTok» секілді қосымшаларды пайдалана бастады. Қазір ұялы байланыссыз жүрген жастарды көрсек, таңырқайтың болдық. Әлеуметтік желіде көрген-білгендерін қызықтап, қажетті ақпараттармен бөлісіп, фото орнату, лайк басу, пікір білдіру, селфи жасау үрдісі қалыпты дағдыға айналды.
Сенім сергелдеңіне түсіп, түрлі діни ағым, топтардың соныңда адасып жүрген жастар мен олардың қылығы бүгінде қоғамның зардап шегуіне, жаншошырлық жағдайға әкелуде. Әлеуметтік желілердегі дүмше догмаларға сеніп, дәстүрін алға тартқан қазақ арасында дау шығарып, бүлік тудырып жүргендерді де көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр.
Бүгінде ғаламтор желісінде дін насихатшыларының саны артқан, олардың ішінде дұрысы да, бұрысы да бар екенін ескеру қажет. Шет мемлекет азаматтарының діни және саяси насихаттарын тыңдауда сақ болу керек. Себебі Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағына кеткен содырлардың 80 пайызы шет елдің дін насихатшылары арқылы таралған.
ҚР аумағында уағыздарын тыңдауға тыйым салынған уағыздаушылар: Мамуржан Хайыметов, Октам Абу Абдуджаббаров, Дильмурад Абу Мухаммад, Абу Яхья Крымский, Ринат Абу Мухаммад, Абу Умар Саситлинский, Абдулла Костекский т.б.
Бұл уағызшылардың құралы ғаламтор бетінде түрліше пәтуа беру болып отыр. Теріс пәтуалар адамдарды экстремизмге итермелейтін күшке ие, себебі, діндегі пәтуа қоғамдағы діни ахуалға тікелей әсер ете алады. Теріс пәтуа беруші адам сол арқылы қоғамға іріткі салуға, қақтығыстар туғызуға себепкер болуы ықтимал.
Арбаушылар ойын жүзеге, өз қатарындағы адам санын көбейту үшін, «әлеуметтік желілерде» алдымен топтар, парақшалар ашып, онда ең алдымен әдемі табиғаттың, жан-жануарлардың, әдемі киінген ұлдардың немесе қыз-келіншектердің суретін жариялап, тіркелушілері көбейген сәтте теріс бағыттағы діни мазмұндағы ақпараттарды жүктеп таратумен өз ықпалдарына түсіреді.
«Адамды түсіне қарап таныма, істеген ісіне қарап таны»,-дегендей, халықты дәстүрінен, дінінен бұра тартып, өздеріне тәуелді етіп жүрген ағымдардың жетекшілері де уағыздарын осы әлеуметтік желілері арқылы жүргізуде. Бүгінгі таңда қауіпті діни ағымдардың жетегінде жүргендердің көпшілігі осы әлеуметтік желілелдегі жазбаларға имандай сеніп, адасып жүргені айқын. Бұл мәселедегі ең қиыны ғаламторды тиімді пайдалана отырып, жиһадқа шақыратын, билікке қарсы қоятын т.б. осы мазмұндас топтардың, сайттардың саны күннен-күнге артуы.
Сондықтан да ғаламтор арқылы арам пиғылын жүзеге асырғысы келетін арбаушыларға алданбау үшін сауаттылық керек. Қазақстанның әрбір азаматы өзінің діни сауатын арттыруға мән беріп, рухани және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз шамасының жеткенінше атсалысатын болса елдің ішкі тұрақтылығы мен бүтіндігіне ешқандай жат пиғылды уағызшылар сызат түсіре алмасы анық. Дегенмен мұндай халықтың руханияты мен ұлттық құндылықтарына, елдің ішкі тұрақтылығы мен тұтастығына қауіп төндіретін мәселеде тек кәсіби мамандар ғана емес, елін сүйген әрбір азаматтың күш салып, атсалысқаны жөн.
Сондай-ақ ғаламтор арқылы лаңкестік пен экстремизм идеологиялары және басқа да түрлі жат пиғылды ағымдарға қарсы жастар арасында иммунитет қалыптастыру – маңызды міндет.
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
дінтанушы-теолог маманы Б.Өтеген