Діни бостандықтың қоғамдық өмірге әсері
Діни бостандықтың қоғамдық өмірге әсері
07.03.2023
766
0

Жалпы адамзат тарихына үңілетін болсақ, дін мен мемлекет қатынасын реттейтін тетіктер болған. Солардың ең басында келетіні – зайырлылық.   Біздің мемлекетте  кез келген адам өзінің дінін ұстанып, құлшылығын орындап немесе ешқандай дінді ұстанбай өмір сүруіне құқылы. Оның діни ұстанымы үшін «Зайырлы адам» немесе «Зайырлы емес» адам деп бөлмейді. Яғни  зайырлылық – «Атеизм» немесе «Дінді жоққа шығару емес», керісінше адамның ар-ождан бостандығына, діни сенім еркіндігіне кепілдік беруді білдіреді. Бұл анықтама «Ар-ождан бостандығы», «Төзімділік» және «Толеранттылық» сияқты құқықтық, моральдық түсініктермен тығыз байланысты. Зайырлылық – мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екендігін танытады. Зайырлылық – қоғамның кез келген мүшесіне, оның діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни, бұл ұстаным – адамның ар-ожданының, моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік беретін, мемлекет азаматтарының арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз ететін бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесінің ең басты тетігі. 

Зайырлы елде мемлекет дінге араласпайды деген сөз, діннің иман (сенім), құлшылық, діни оқу және оқыту істеріне кедергі болмайды, сонымен қатар белгілі бір діннің жетегінде де кетпейді деген сөз. Себебі діндер көп, ал Құдай түсінігі бір. Адамдардың Құдай түсінігі ортақ болғанмен, олардың Құдай туралы сенімі, танымы, сезімі, құлшылығы, оның мына әлеммен қатынасы, яғни дүниетанымы, ақырет туралы сенімдері де әртүрлі. Сондықтан мемлекет өзінің азаматтарының діни сенімдеріне араласпайды, құрметтейді, бейтарап ұстанымда болады және зайырлы мемлекет діни басшылыққа, яғни діни биліктен тәуелсіз. Оның себебі, республикалық, демократиялық саясатта діни басшылыққа тәуелді болу, мемлекеттегі тұрақтылық пен тыныштықты баянды етудің кепілі бола алмайды.

Қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Өйткені, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі.

Зайырлы мемлекет саясатының жағымды жағы – жеке тұлғаға бір қалыпты дүниетаным мен өмір сүру салтын агрессияшыл түрде таңуға жол бермеу болып отыр. Тұлғаның адами абыройын қорғайтын бұндай ұстаным ислам қағидаттарымен де ұштасады. Мысалы, Құран Кәрімнің «Кафирун» сүресінің 6-аятында: «Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме тән»,-деп айтылған болса, «Бақара» сүресінің 256-аятында: «Дінде зорлық жоқ»,-делінген. Зайырлы мемлекет ешбір дінді өзге діндерден артық деп санамайды.

Қазір кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте ел тұтасты­ғын сақтау мақсатында дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың қарқынды үдерісі жүруде. Осы орайда радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отырғанын атап айту қажет. Өйткені, кез келген жат ағым қоғамда қалып­тасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға ұмтылады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады. Жалпы, «Зайырылылық» қағидатына сүйене отырып, кез келген адам өзінің ата дінін қорғай алады және оны дамытуға мүмкіндігі бар. Сонықтан Қазақстандағы зайырлылық – демократиялық болашаққа алып баратын төте жол екенін әрбіріміз жіті түсінуіміз керек.

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                              А.Сейдуәлі

0 пікір