Дін социологиясы
Дін социологиясы
12.06.2024
299
0

Тақырыбы адам мен қоғам болып табылатын әлеуметтану – қоғамдық қатынастарды, әлеуметтік оқиғаларды, әлеуметтік институттарды, әлеуметтік құрылымдарды және осы құрылымдағы өзгерістерді зерттейді. Қоғамдық өмірдің күрделі және динамикалық құрылымын түсінуге және түсіндіруге тырысатын әлеуметтану бірнеше салаға бөлінеді. Осы тұрғыда әлеуметтануды екі негізгі категорияға бөлуге болады: жалпы және арнайы әлеуметтану. Дін социологиясы болса әлеуметтанудың арнайы саласы болып табылады.

         Дін социологиясы, аты айтып тұрғандай, дін және қоғам мәселесімен айналысады. Бұл тұрғыда дін мен қоғам арасындағы қарым-қатынастар, олардың өзара әрекеттесуі, яғни діннің/діни өмірдің қоғамға әсері және қоғамның/қоғамдық өмірдің дін мен діни өмірге әсері, діни топтар, діни институттар мен ұйымдар – дін социологиясының ең негізгі тақырыптары. Дін социологиясының ұстанымын гуманитарлық ғылымдар мен діни ғылымдарды байланыстыратын көпірден іздеу керек. Яғни, бір жағынан қоғамды, екінші жағынан дінді зерттеуге негізделген дін әлеуметтануының екі қанатты жағдайы оның қоғамдық ғылымдар мен теология ғылымдарының арасында орналасуын қажет етеді.

         Әлеуметтану сияқты дін социологиясы да мамандандырылған ішкі салаларға бөлінеді.

         Дін әлеуметтануы ғылымның бір саласы ретінде жақында пайда болғанымен, дін мен қоғам мәселесін ойлау, зерттеу жаңалық емес. Осы уақытқа дейін жер шарында діннен, діни өмірден алшақ қоғам болмаған. Осы тұрғыда ежелгі грек ойшылдары арасында, әсіресе Платон, Аристотель сияқты философтар, христиандық орта ғасырларда Әулие Августин және Әулие Фома Акинас сияқты ғалымдардың дін-қоғам қарым-қатынастары туралы маңызды тұжырымдар жасағаны байқалады. Бұл кезеңде дін социологиясы тұрғысынан ең өзіндік көзқарастар Платонда кездеседі. Платон: «Құдай барлық нәрсенің өлшемі» деп бастайды да, осы көзқарасқа негізделген тұтас бір философия, мораль және саясат жүйесін орнатқаннан кейін осы жүйенің негізіне дінді қояды. Өйткені ол орнатқысы келетін жаңа қоғамдық тәртіп дінсіз өмір сүре алмайды деп есептейді.

            Сонымен қатар, орта ғасырдың соңында басталған географиялық ашылулар, қайта өрлеу, реформация, ғылыми-техникалық өнертабыстар, ағартушылық қозғалыс, француз революциясы және өнеркәсіптік революция сияқты кейбір қозғалыстар қазіргі әлеуметтанудың, демек, дін социологиясының тууына  әсерін тигізді. Әлеуметтанудың атасы Огюст Конт жалпы әлеуметтанумен қатар дін әлеуметтануының негізін салушы деп есептеуге болады. Дегенмен, оның дін социологиясы мен казіргі дін социологиясын бір деп айтуға келмейді. Өйткені оның социологиясы нормативтік белгілері бар әлеуметтік философия сипатына ие.

         «Дін социологиясы» терминін алғаш қолданған Эмиль Дюркгеймнің әлеуметтануын кең мағынада дін социологиясы ретінде көрудің еш зияны жоқ. Өйткені оның әлеуметтануының негізі – «ұжымдық сананы» түсіну. Ұжымдық сана – ұжымдық ойлардың жиынтығынан тұрады. Діни нанымдар мен түсінік – қоғамның ұжымдық ойларының негізін құрайды. Э.Дюркгеймнің «Діни өмірдің бастапқы формалары» (1912) еңбегі дін социологиясының алғашқы классиктерінің бірі болып табылады. Оның ойынша, дін адамның өзі және дүние туралы алғашқы ойларының қайнар көзі болып табылады. Дүние мен Құдайға қатысты көзқарасы болмайтын дін жоқ. Философия да, ғылым да діннен пайда болды. Сол сияқты құқық, мораль, экономика, өнер сияқты институттардың барлығы дерлік діннен бастау алады. Барлық әлеуметтік институттардың діннен туындауы заңдылық. Өйткені қоғам – діннің мәні мен жаны. Дін қай заманда да қоғамдық ынтымақты нығайтуда өте жақсы рөл атқарды. Демек, қоғамдар бар болғанша, дін әрқашан әртүрлі формаларда өмір сүреді.

         Дін социологиясы діни кемсітушілік, дінаралық қақтығыстар мен экстремизм сияқты әлеуметтік мәселелердің түп-тамырын ашуға мүмкіндік береді. Осы салада алынған білім бұл мәселелердің тиімді шешімдерін әзірлеу үшін пайдаланылады. Дін социологиясы діни сенімдердің ақиқаттығын немесе жалғандығын бағалаумен айналыспайды. Ол діннің әлеуметтік салдарын зерттеуге назар аударады.

         Қорытындылай келе, дін социологиясы – діни жүйелер мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты зерттейтін қызықты әрі серпінді зерттеу саласы. Бұл діннің наным-сенімдері, әдет-ғұрыптары мен институттары адамдардың әлеуметтік құрылымына, мәдениетіне, құндылықтары мен мінез-құлқына қалай әсер ететінін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Дін социологиясын тану – қазіргі қоғамның динамикасын тереңірек түсінудің кілті болып табылады. Ол бізге діни көріністердің алуан түрлілігін бағдарлауға, қоғамдық келісімді нығайтуға және бейбіт болашақты құруға көмектеседі.

 

  А.Өмірбек

Түркістан облысы дін істер басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ       

социолог маман                                                                                    

 

0 пікір