Дін – сауалы мен сауабы көп сала
Дін – сауалы мен сауабы көп сала
14.06.2024
313
0

Ислам діні Еуразия мұсылмандары арасында Қарахан кезеңінде тарала бастап, Алтын Орда дәуірінде аяқталғаны баршамызға мәлім. Мәураннахр мен Анадолы және Каспий мен Еділ бойында жаңа түркі-ислам өркениетінің негізі қаланды. Яғни, біздің діни рухани тұтастығымызды қамтамасыз етіп отырған ортақ тарихымыз бен мәдениетіміз бар. Демек, біз Еуразия мұсылмандарының мәдени және рухани интеграциясын жандандыру арқылы сырттан келіп жатқан діни ағымдарға төтеп бере аламыз.

Замана ағымы, зуылдаған уақыт кейде тіпті өзіңе есеп беруге дес бермей жатады. Осы аз уақыт аралығында ауыз толтырып айтар шаруа бітірдік демесек те, жалпы жұртшылықтың назарын аударған шаралар жасадық.

Дін мен дәстүр, тіл мен тарих – ұлтымыздың негізгі ұстындары. Қазіргі алмағайып заманда, әсіресе, діни көзқарастардың қайшылығы туындаған осынау сәттерде кез келген мәселені өркениет жолымен бейбіт түрде шешу міндетті. Бұл іске дін қайраткерлерінің де қосар үлесі мол.

«Жұмақ» айдалада емес – айналада».

Бүгінде Ислам әлеміне, әрбір халыққа қажет құндылықтардың бірегейі – бірлік пен өзара түсінік. «Тозған қазды топтанған қарға алады» дегендей, бірлік болмаған жерден береке кетеді.

Қазір қарудан да күшті құрал пайда болды. Ол – білім мен білік. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген сөздің мәнісі осында. ХХІ ғасырда өркениеттер арасында идеологиялық «соғыс» жүріп жатыр. Былайша айтқанда, бұл – сананың «соғысы». Сананы жаулағандар мылтықсыз майданда жеңіске жетуде. Ал жалған ұрандарды санамен салмақтай алмағандар саяси құралдың құрбанына айналуда. Ай мен күннің аманында «жұмақты» айналадан емес, айдаладан іздеп желіккен жандар көкірегін оққа тіреп, тектен тек мерт болды. Осы бір көңілге қаяу түсіретін көріністің негізгі факторы – сауатсыздық. Істемеген бас – аяқ пен қолға тыным бермейді немесе істемеген бас – аяқ пен қолдың соры. Сондықтан білім – бүгінгі заманның күшті қаруы.

Білім демекші, бұл сала ізденісті қажет етеді. Бізге діни һәм дүниеуи білім керек. Бүгінгі әлемдік үдеріске, өркениет көшіне ілесу үшін кез-келгеніміздің таным көкжиегіміз кең болуы керек. Ізденіс дегеннен шығады, қазір қасиетті Құранның аятын аудару, тәпсірлеу ісімен айналысып жатқан азаматтар баршылық. Олар бұл іспен өз деңгейінде шұғылданып жатыр. Әрине, бұл – сауапты іс.

Сонымен қатар, мына хадистерге назар салсақ. Әбу Мұса (р.а.) риуаяты: «Адамдар: Уа, Алла елшісі! Мұсылмандықтың қайсысы абзал? –деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.): Мұсылмандар тілі мен қолынан зиян көрмеген адам мұсылмандығы,– деді». Абдулла бин Амр (р.а.): «Бір кісі пайғамбардан (с.а.с.): Мұсылмандықтың қайсысы абзал?– деді. Пайғамбар (с.а.с.): Тамақ беру, таныған және танымаған адамдарға сәлем беру, – деді» Осы санаттаға хадистер жайлы Тирмизи Сүнәні түсіндірмесі «Тұхфат Ахуазида», «Осы және осы мағыналас хадистер төңірегінде ғұламалар абзал амалдар жайлы жауап сұраушы кісілердің жағдайына қарай берілген. Амалдың абзалдығы уақыт пен адамдардың жағдайына байланысты», – деп түсіндірген. Демек, парыз амалдан соң ең сауапты амал шынайы ниет және ықылас деп білген жөн.

Ислам дінінде барлық тылсым мен адам тағыдырына қатысты істердің шешімдері толық, әлдеқашан айтылып қойған десек қателеспейміз. Адам баласының басына түскен жақсылық пен жамандық адамның өз әрекетіне тікелей байланысты болып келеді. «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» деп қазақ ақындарының жырлауы тегін емес болса керек.

Сонымен қатар адам халал ас ішіп, адал еңбегімен күнелтіп, тек қайырлы іс жасап жүрсе оның өмірі де соғұрлым нұрлы, берекетпен жақсылыққа толы болмақ.

Қорыта айтқанда, Қазақ халқы қашанда тек қана жақсылық тілеген. Өзіне қандай жақсылық тілесе, басқаға да сондай жақсылық тілеген. «Атаңа не жасасаң алдыңа сол келер», «Жақсылық жасаған берекетке кенелер, жамандық жасаған кедергіге кезігер» деген қанатты сөздер бар. Бабаларымыз болашаққа тек жақсылықпен қараған. Әр кез қиындық көрсе де, Алладан үміт үзбеген.

 

 Д. Аманов

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы

0 пікір