Дін қоғамнан бөлінуге емес, бірлікте болуға үгіттейді
Дін қоғамнан бөлінуге емес, бірлікте болуға үгіттейді
22.02.2024
545
0

      Ежелден Ислам дінін өмірінің бұлжытпас қағидасына айналдырған ата-бабамыз бөлінуге емес, ұрпағын бірігуге шақырумен келді. Береке-бірлігі жарасқан елді жау алмайтындығын білді. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді»,- деп ұрпағына ойлы сөз қалдырды. Бұл сөз бүгінгі қазақ қоғамына айтылғандай көрінеді. Себебі, бүгінгі күні дін төңірегінде кейбір жастарымыздың бөлінуі тым шектен шығушылыққа алып бара жатқандай. Жасыратыны жоқ, соңғы уақыттары ел ішін ала тайдай бүлдіріп, жаңашылдық әкелмек болған кейбір дін атын жамылған ағымдардың идеологиясы жүріп жатыр. Осындай ағымдардың шырмауына түскен кейбір қандас жастарымыз «дінде жүрмін» деп өздерін дүбәра халге салғанын білмей дал. Олар тар түсінігімен және шариғи білімсіздігімен діннің берік те бекем қағидаларына қарсы шығып, тәлім-тәрбиесі мол қазақтың салты мен дәстүріне дұшпандық жасауда. «Анау болмайды, мынау болмайды» немесе «анау шірк, мынау шірк», онан қалды «анау бидғат, мынау бидғат» деп дінді енді үйренуге келген жандардың санасын мешітке жеткізбей улап-ақ жатыр. «Іштен шыққан жау жаман» деген  осы шығар.

Бүгінгідей заманда еліміздің қоғамдық өмірінде діннің рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары күшейе түскені белгілі. Республиканың барлық өңірлерінде мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіру мақсатында маңызды істер қолға алынып, мемлекет тарапынан ауқымды істер атқарылып келеді.

Халықтың бақуатты өмір сүруі үшін ең әуелі елдің бірлігі қажет. Ынтымағымыз ыдырамаса, ел үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайтыны бесенеден белгілі. Қай уақытта болмасын бейбітшілік пен тыныштықты  сақтаудың мәні зор. Тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекетімізді өркендету жолында мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағытты ұстану – еліміздің әрбір азаматының міндеті деу артық емес.

Дін – адам мен  Жаратушының арасындағы тылсым байланыс. Дін тек Құдайға деген құлшылықтан бас көтермеу дегенді білдірмейді. Ол – өмір сүрудің үздік үлгісі, екі дүние бақытына жетелейтін жол дейді ғалымдарымыз.

Сонымен қатар, жалқаулық пен бұзық ойлардан аулақ болуға, еліне қызмет етуге, жаратылғанға жанашырлық көрсетуге, адами қасиеттер мен көркем мінез-құлықты болуға, «қоғамнан не алсам» деп емес, «қоғамға не берсем» деген санаға жету жолын көрсететін құндылық.

Қоғамда жалпы «діндарлық» ұғымын дұрыс түсінгеніміз жөн. Діндарлық – адамның діни көзқарасының, психологиясының, тәртібінің, өмір сүру салтының көрінісі.

Кейбір діншілдер тек қана діннің сыртқы формасына мән береді. Осындайда Шәкәрім:

«Сыртыңды сыланасың сән беріп,

Ішіңнің түзетпейсің хатасын.

Айла мен алдағанды жөн көріп,

Адамды аң орына атасың.

Жалғанның бір пайдасын көргенде,

Арланбай арыңды да сатасың.

Алланың ақ өлімі келгенде,

Амалсыз қара тастай қатасың»,-деген болатын. Бұл өлең адамның ішкі кемелдігі (тақуалығы) мен діндарлығының кемшіліктерін көрсетіп отыр.

Қоғамда кейбір деструктивті діни ағымның жетегіне кеткен азаматтардың арасында «қазақсың ба, әлде мұсылмансың ба» деген ауытқушылықтан туындаған сұрақтар бар. Бұл – дұрыс емес. Құдай құранда ұлт-ұлтқа, тайпа-тайпаға бөлдім дейді. Қазақ пен мұсылманды бөліп қарау дұрыс емес. Олардың ойы – ұлт болмау керек, тек мұсылман болсаң болды дейді. Ислам діні адам баласынан ұлтыңнан бас тартуға үндемейді. Ислам үшін «ұлт», «нәсіл», «тек» секілді ұғымдардың таңсық еместігі айқын көрсетілген.

Бүгінде жат діни идеологияны ұстанушылар мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымызбен сабақтасып өрілген ұлттық құндылықтарды жою арқылы, ұлттың өзін жоймақ ниетте. Біз осындай шектен шыққан көзқарастардың алдын алуымыз керек. Мұндайлардың мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығына қауіп төндіретіні айдан анық.

Түркілер заманында бір кісі данышпанға келіп: – Мұсылмансызба? – деп сұрапты. Сонда данышпан: – Аллаға шүкір, түркі мұсылманмын, – деп жауап берген екен. Жауабына таң қалған әлгі кісі, Одан: – Неге бұлай дедіңіз? – дегенде: – Түркілік менің тағдырым, ал мұсылмандық менің таңдауым, – деп жауап берген екен.

Демек, кез келген бір ұлттың ұрпағы болып дүниеге келу – адам баласының маңдайына жазылған тағдыры. Оны ешкімнің де өзгертуге шамасы келмейді. Сол ұлттың рухани құндылықтарымен, салт-дәстүрімен өмір сүруі тиіс. Одан баз кешуге әсте болмайды.

Егер дін жолын ұстанған жастарымыз өзгеге үлгі боламын десе, алдымен өзі әдепті, мәдениетті, ішкі-сыртқы өзгерістерге дайын, парасатты болуы қажет. Қоғамдағы келеңсіз нәрселердің алдын алып, жақсы амалдарды көбейтуге, адамдарды күнә істерден аулақ болуға, керісінше, сауапты істерді көбірек жасауға, жақсы азамат болуға, имандылыққа және адамгершілікке сай іс-әрекет қылса дегіміз келеді.

Д. Аманов

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы                               

0 пікір