«Ақиқат сыйындағы» білім алудың маңыздылығы
«Ақиқат сыйындағы» білім алудың маңыздылығы
20.03.2024
362
0

Тарихта Ахмед Иүгінеки, толық есімі – Югнаки Адиб Ахмед ибн Махмуд ортағасырлық ақын, хакім, ойшыл ретінде танылған. Ойшылдың өмір сүрген уақыты және туған жері жөнінде ғылымда әртүрлі пікірлер бар. Зерттеуші-ғалымдар Иүгінекиді (қазақша Жүйнек) ХІІ ғасырдың соңында Түркістан өңірінде туып өскен деп топшылайды. Ахметтің туған жері Түркістанға қарасты Иугнәк деген қыстақ. Қазақтар ол жерді Жүгенек деп атаған.

Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйының» түпнұсқасы біздің заманымызға жетпей, біржолата жоғалып кеткен. Ахмед Иүгінеки мұрасының ХІV-ХV ғасырда жасалған үш түрлі көшірмесі, үш түрлі үзіндісі бар. Оның ішінде ең ескісі – 1444 жылы Самарқанда Арыслан Қожа тархан Әмірдің қалауымен Зәйнүл Әбідін бин Сұлтан Бақыт Журжани Құсайын көшіріп жазған нұсқа. Көне ұйғыр, арагідік арабша хатқа түскен нұсқаның жалпы көлемі – 508 жол. Бұл мұра қазір Стамбұлдағы Айя-София кітапханасы қорында сақтаулы.

«Ақиқат сыйы» туындысының басты идеялары: оқу, білім, еңбек, тіл, адамның игі мінездері, достық, дүниенің өзгермелілігі. Ахмед білімге, білім алуға асығу қажеттілігі туралы ой қозғайды. Осы турасында ол былай деп жазған:

«Айтайын білім жайын, құнты бар бол,

Ей, достым, білімдіге ынтызар бол.

Ашылар білімменен бақыт жолы,

Білім ал жолға түсіп бақыт толы.

Білімді – алтын, нұры ашылатын,

Білімсіз – қара бақыр шашылатын...

Жүрсе де тым шіреніп,

Білімсіз жан – тірі елік,

Білімді білімсіздің мыңын жеңер,

Ол біліп білім ізін, теңін теңер,

Көр байқап, оқы, сына: білім – пайда,

Білмесең – басқа не бар, сенің нең ер?»,-деп білімнің таусылмас байлық екенін қадап айтқан. Қазақ халқы «Білім – таусылмас қазына» деп бекер айтпаса керек. Мұндай ой Абай өлеңдерінен де кеңінен орын алған. Оған ақынның мына өлең жолдары дәлел бола алады.

Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық ғылым кітапта

Ерінбей оқып көруге.

Адамзаттың дамуы осы білім, ғылым жолымен жүріп жатқандығы хақ. Заманауи жастар ғаламторға еліктеп, алтын уақыттарын соның тиімсіз тұстарын ақтарумен өткізгенше көбірек кітап оқып, дүниетанымдарын кеңейтсе, болашақ өміріне таусылмас капитал жинаған болар еді.

Жалпы білім мен ғылым мал табудың көзі болмауы керек. Ғылым тұрмысты түзетуге арналған қызметке айналған тұста ғылымда даму болмайды деген ойды шегелеп айтып кеткен Ахмет Йүгнекидің бұл ойы бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі.

«Малы жоққа – білім түгесілмейтін мал,

Қаржысы жоққа білім таусылмайтын қаржы»,

«Бұ дүние – бір керуен сарай-ды,

Кететіндер түсіп, содан тарайды;

Алғы тізбек көшіп ұзап кеткенде,

Келіп түскен соңы соған қарайды»,-деп ойшыл дүниені үнемі өзгеріп тұратын құбылыс ретінде қарастырып дүниенің үдеріс ретінде танығандығын көрсетеді. Өзінің алдында өмір сүрген ғұламалар тәрізді дамуды үдеріс, үнемі дамуды прогресс деп санаған.

Қорытындылай келе айтарым, Ахмет Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» дастаны қазақ әдебиеті тарихында өз бағасын алған туынды. Ол өзіне дейінгі көне түркілік өлең дәстүрін шығыстық өлең жазу үлгісімен ұштастыра білген шебер ақындардың бірі болып табылады. Оның бізге жеткен поэмасы мазмұнының айрықша тереңдігімен, көркемдік сапасының биіктігімен ерекше көзге түседі. Өмір шындығын көркем шындыққа айналдырған. Еңбек ұрпақ тәрбиесіне және адам баласы өз-өзін тәрбиелеуге таптырмайтын құрал. Өткен кезеңнің мол мұрасы бүгінгі қоғам үшін, оның ішінде жастар үшін үлкен табыс деп атауымызға болады.

 

 Б.Өтеген

 

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу

орталығы» КММ-нің теолог маманы

0 пікір