Білім – тал бесіктен жер бесікке дейін
Білім – тал бесіктен жер бесікке дейін
05.06.2024
713
0

Білімсіздік – адамның ең қауіпті дұшпаны, ең қатерлі дерті. Себебі адамның білімсіздігі тіпті оның ата жауы да түсіре алмайтын шұңқырға құлатуы мүмкін. Сол себепті ата-бабамыз «Білім алу – тал бесіктен, жер бесікке дейін»,- деп бекер айтпаған. Хакім Абай да: «Мал да, дәулет те – оқуда»,- деп, елдің жарқын болашағын біліммен байланыстырған. Себебі білім – жаратылыс жұмбағын шешетін бірден-бір кілт. Онсыз көзіміз – көр, құлағымыз – керең, санамыз – қараңғы болмақ. Білім-ғылымның сан-түрлі нәзік қыртыстары арқылы табиғатты, жаратылысты, тіпті Жаратушыны да тани аламыз.

Ғылым-білімге деген құштарлықты ата-бабаларымыз дінмен ұштастыра білген. Себебі білім алып, сауатты болу – ислам дінінің ең басты талабы. Алла Тағала білімге байланысты 600-ден астам аят түсірген. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің хадистерімен білім алуға қызықтырып, ынталандырады. Құранда «Зумар» сүресі, 9-аятында: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» деп келеді. Пайғамбарымыз да (с.а.с.) «Білімді адам мен білімсіздің айырмашылығы толған ай мен жұлдыздардың айырмашылығындай» деп білім иелерін әлдеқайда биік екенін баяндаған.

Тарих сахнасына көз жүгіртсек, исламда ғалымның мәртебесі өте жоғары екендігі байқалады. Ертеде ғалымдарға патша сарайынан арнайы жай берілген. Тарихта патша бір мәселе бойынша кеңес алу үшін ғалымның алдына өзі барған кездері де жиі айтылады. Осы оқиғаларға орай Әбу Асуад есімді мұсылман ғалымы былай деген: «Ғылымнан асқан ғазиз нәрсе жоқ. Патшалар адамдарға билік жүргізсе, ғалымдар патшаларға билік қылады» деген.

Мұндағы ғалымның айтпағы билік пен дәулетті уысында ұстаған патшалардың өздері ғалым адамның алдына бас иіп, кеңес сұрап келеді. Ғалымды мұндай мәртебеге жеткізген оның мал-дүниесі емес, шыққан тегі де емес, бойындағы білімі болған. Адамның мәртебесін өсіретін ең бірінші білімі.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Ілім Қытайда болса да алыңдар» деген. Осы хадистен-ақ зайырлы білімнің маңыздылығын байқаймыз. Себебі қытай халқы діни білімнің қайнарбұлағы емес екендігі белгілі. Олай болса Пайғамбарымыз (с.а.с.) адамзатқа пайдалы жаһандану кезіндегі алдағы білімдерді меңзегендігін байқаймыз.

Көрнекті орта ғасыр ғалымы, Әбу Хамид әл-Ғазали өзінің «Ихия-у Улум әд-Дин» (Дін туралы білімдердің жандануы) атты белгілі V томдық шығармасында сахаба Мұғаз ибн Жәбәлдің тағылым беру мен үйрену турасында мынадай сөзін келтіреді: «Ғылым үйреніңіздер! Рас, Алла үшін ғылым үйрену – тақуалық. Оны талап ету – құлшылық. Ғылымды оқу – Алланы зікір ету, ғылымды іздеу – жиһад, ғылымды білмейтін адамға үйрету – садақа беру, ғылымды лайық адамға беру – Аллаға жақындау. Ғылым жалғыздық кездегі – жаныңдағы серігің, достықтағы жолдасың, қуаныш пен қайғы кезіндегі ортағың, қиын қыстаудағы демеушің, жат жерде жүргенде – бауырың, жаннат жолындағы шам шырақ. Алла ғылымның арқасында пендесін – елді өсіретін, басқаларды соңынан ерітетін басшы, дұрыс жолды көрсетуші мырза етеді» деген.

Қорытындылай келе, білімсіздіктің емі – білім ғана. Білімнің үкімі парыз. Ал егер ол парыз орындалмаса, орнына білімсіздік келеді. Білімі жоқ адам тура жолдан тез таяды. Ондай адам көрінгеннің шоқпарына айналады. Бүгінде ислам атын жамылған түрлі ағымдарға кіріп кетіп жатқан жастарды байқаймыз. «Ақыл – топырақ, топыраққа не ексең, сол шығады» деп бекер айтпаған дана халқымыз. Адасудан сақтанудың ең тиімді жолы – білім алу.   

Білімсіз жасалған құлшылық – тамырсыз талмен тең. Тамыры терең болмаған талды жел шайқап, оңай құлатады. Сол секілді, дінді біліммен танымаудың түбі – қасірет. Білімсіздік – бүлікке, бүлік – бөлінуге әкеп соғады. Алдымызда надандық секілді үлкен дұшпан бар кезде әркім бар күш-жігерін соған қарсы жұмсап, мейлінше ғылымға жақын тұруға негіз қалағаны жөн.

 

 Г.Бекжан

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» 

КММ-нің  теолог  маманы                                                        

 

0 пікір