Әлеуметтік желінің жастарға кері әсері
Әлеуметтік желінің жастарға кері әсері
09.02.2023
3064
0

Қазіргі уақытта әлеуметтік желі өміріміздің бір бөлшегіне айналғандығы анық. Оған дәлел қазіргі таңда елімізде интернет пайдаланушылардың саны жыл санап артып келе жатқандығы. Ғаламтор ғылым мен техниканың шынайы жетістігі. Интернетті қолдана алатын кез келген адам өзіне қалаған ақпарат пен мағлұматты тауып, қажетіне жарата алады. Мазалап жүрген сауалдарының жауабын табады. Әлемдік жаңалықтар мен оқиғалардан хабардар болып отыруға көмектеседі. Бұл жағынан интернет адамның білімі мен қабілетін, тұлғалық қасиеттерін дамытуға ықпал етеді. Оған дәлел ес білген баладан бастап, егде жастағы қартқа дейін ұялы телефон қолдануы. Әлеуметтік желіде шек жоқ. Алыста жүрген ата-анаңмен де, туған-туыстарыңмен де емін-еркін байланыс ұстайсың, сөйлесесің, хабарласасың. Тіпті, адамдардың қолы жетпейтін жерге осы ғаламтордың қолы тиіп тұр. Көрісе алмаған адамыңмен ғаламтор арқылы байланыс орнатасың.                                                                                                  

Әлеуметтік желінің пайдалы және зиянды тұстары бар, ол анық. Пайдалы тұстарына тоқтала келсек, ол қашықтағы басқа қаладағы, алыс елдегі адамдармен, таныстарымызбен жедел тілдесуге оңтайлы құрал. Өзара пікір ғана алмасып қоймай, өміріндегі жаңалықтарымен, суреттерімен, қоғамдағы қызу талқыланған тақырып төңірегінде ой  бөліседі. Интернеттегі қызықты жаңалық, сайттар, кітаптар, кинолардың сілтемелерін ұсынып, алмасады.   Әлеуметтік желі арқылы танысып, отау құрып жатқандар аз емес, осы құралды пайдаланып жұмыс іздеу, табу да жеңілдеді. Жұмыс орнына орналасуға өтініш беріп, үй кезекке тұру, несие рәсімдеу сынды уақыт үнемдейтін, жанға жайлы жағымды тұстары да жетерлік.                               

Алайда шамадан тыс қолданған жағдайда, зиянды деген тұстарыда жеткілікті. Ең әуелгісі шамадан тыс отыру денсаулығына, жүйке жүйесіне, көздің көру қабілетінің төмендеуі, омыртқалардың қисаюына әкеледі. Шаршағыштық, әлсіздік бойын басып, сөйлеу қабілетін нашарлатады. Кей адамдардар виртуалды өмірдегі таныстыққа беріліп кеткендігі соншалықты, отбасы мүшелерімен, әріптестерімен, достарымен аз тілдесіп, оларды тіпті байқамай қалуы мүмкін. Кейбір жастардың көп уақыты желіде өткен соң, жұмысы, оқуы кейінге қалып ақсай бастайды. Осыдан бас тартып, уақытын үнемдей алу, тәуелділіктен арылу желі пайдаланушысына оңайға соқпайды. Бұл да адамның өзін өзін ұстауына, жеке тәрбиесіне, тәртібіне байланысты.   Желіні пайдаланушылар да біркелкі емес. Олардың арасында негатив таратушы, өмірден түңілгендер аз кездеспейді. Сондықтан әлеуметтік желіні өлшемді пайдаланып, осы құрал ұсынатын пайдалы жақтарын өз қажетімізге жаратуға бейім болу керек. Достардың бөліскен пайдалы кеңестер, жазбалар, сілтемелерін егер өзіңіз уақыт жұмсап іздесеңіз қаншама күннің сарп болатынын есептеп шығу қиын емес. Айталық, досыңыз сілтемесін бөліскен қызықты кітаптың, киноның дүниеде бар-жоқтығынан бейхабар болғандығыңызды еске алсаңыз да жеткілікті. Бұл – әлеуметтік желінің жақсы тұстарының бірі. Оның білімді жетілдіруге, біліктілікке бағыттау – біздің міндетіміз. Онлайн кітаптар мен аудиожазбалар арқылы заман ағымында желіні жақсы пайдалана білу қажет.                                        

Әлеуметтік желі – коммуникация құралы. Азаматтарымыз әлемдік үрдістен тыс қалып жатқан жоқ, көш бастап отырған барлық әлеуметтік желіге тіркеліп, пайдаланып әр түрлі санаттағы ақпараттарды алып жатыр. Ол түсінікті де, өйткені әлеуметтік желі арқылы адамдар өзінің ішкі сұранысына қажетті барлық ақпараттарды алып, ақпарат таратып, басқа адамдармен танысып, жарнамалар беріп, өз қуанышымен бөлісе алады. Қазіргі кезде әлеуметтік желі пайдаланушылар арасында елдің үрейін ұшыратын ақпараттар таратып, әр түрлі заң бұзушылыққа жол беретін, арнайы топтар  құрылып, оны пайдалаушылар артуда. Бұл өз кезегінде әлі ой-қабілеті толығымен қалыптаспаған жастардың дұрыс тәрбие алуына кері әсерін туғызатыны белгілі. Солардың бірі қазіргі таңдағы астарына бармай әлеуметтік желілерде келген хат-хабарламаларды бөлісу.                   

Қоғамды алаңдататын мәселелердің бірі – жастардың теріс ағымға арбалуы. Себебі әлеуметтік желінің қолжетімділігі теріс ағым идеологиясының кеңінен таралуына тиімді болып отыр. Әлемуеттік желілер  әсіресе жастарды тура жолдан тайдыратын теріс ағымдардың негізгі құралына айналды. Әлеуметтік желілер жастардың құндылықтар жүйесіне және экстремистік көзқарастардың қалыптасуына әсер етудің маңызды факторына айналуда. Бүгінгі таңда радикалды діни топтардың түрлі айла әдістерді қолдану арқылы жастарды өз қатарларына тарту түрлері аз емес. Әсіресе, жастарға ықпал ету мақсатында пайдаланушылар саны көп  «Facebook», «ВК», «Instagram», «YouTube» желілері бойынша және түрлі мессенджерлар  арқылы, экстремистік және террористік идеяларды насихаттайтын аудио және бейне роликтер, әдебиеттерді тарату мен насихаттау, мотиваторлық жариялымдарды кеңінен шығару арқылы өз идеологияларын таратуда. Діни радикализм мен экстремизм идеологиясы қоғам санасына әлеуметтік желілер мен электронды қосымшалар, әр түрлі сайттарда көрсетілген теріс мәліметтер арқылы ақпараттық-психологиялық әсер етуде. Соның салдарынан дұрыс  ой-қабілеті қалыптаспаған жастардың санасында отанға деген сенімсіздікті, отансүйгіштік сезімнің болмауын, отбасы ішіндегі келеңсіздіктерді, қоғамның екіге бөлінуін тудырады.         

Әлеуметтік желі тек қатынас құралы ғана емес, адамның өзіндік келбетін қалыптастыру, өзін өзгелерге таныту және жұртпен білетінін бөлісу алаңы. Сонысымен де құнды. Ендеше оны жақсы тұстарын қажетіне жарату әркімнің өз еркіндегі дүние екендігін көреміз.

 

Е.Ештай

Теолог маман                                                                                  

0 пікір