Ақыл ойдың алыбы – Шәкәрім
Ақыл ойдың алыбы – Шәкәрім
05.06.2023
960
0

Ақыл ойдың алыбы болған Шәкәрім – өз ұлтын өзіндік бар болмысымен сүйе білген ұлтжанды, өршіл ойшыл. Ол елінің болашағын, халықтың иманын ойлап, тұңғиық терең рухани мұра қалдырған. Өзінің сыни ойлау биігін реалистік, гуманистік, демократиялық дәстүрді жаңа заманмен біріктіру арқылы шығармашылық мұра қалыптастыра білді. Шығармаларының көпшілігін адам бойындағы адамгершілік қасиеттерге арнап, білімін халық игілігіне пайдаланып асыл мұра, өшпес із қалдырған.

Шәкәрімше «Әлемде қанша дін болса да ешбір дін қиянат жаса, дұшпан бол демейді. Ендеше, кінә дінде емес, сол дінді ұстанушылардың діннің терең мағынасын, ұғынбай, қолшоқпарға айналдыруында, сүйтіп есіл дін бұзылады»,-дейді.  Ойшыл «Дін» мен «діншіл» сөзіне терең тоқталып екеуінінң екі бөлек ұғым екеніні атап өтеді.

«Құран сырын түсінбей бұрса-дағы,

Жасырылмай жарқырап тұр керемет.

Жаман тəпсір жайылып жер бетіне,

Дін десе тұра қашты есті азамат»,-дейді ақын. Білімділердің, есті азаматтардың діннен тұра қашуының негізгі себебі жаман тəпсірде деп отыр. Дін мен діншілдер туралы ойшылдың пікірі осындай.

Қоғамның береке бірлігінде Шәкәрім адамгершілік, ар-ұждан жолын бастапқы орынға қойған. Адал еңбек, арлы ақыл, адал жүрек – адамның жақсы өмір сүруінің жолы деп көрген. Адал болмаған, қиянатқа бой алдырған адамды сайтанмен теңестірген. «Тəңір жолы – ақ жүрек, Сайтан деген – қиянат»,-деп ойшыл осы «қиянат» ұғымы арқылы сайтанды ұғындырып отыр. Сайтанды бір көріністерден іздемей-ақ осы қиянатшыл адамдардан-ақ көруге болады.

«Ешкімге зиян тигізбей,

Сайтанға беттен сүйгізбей,

Ғаріптің көңілін күйгізбей,

Жүрегіңді нұрмен жу»,-дегенде де  зиян келтіруді сайтанға беттен сүйгізумен теңестірген. Сондықтан ойшыл осы сайтанға айналмау үшін адамға қиянатсыздық – иман керек деп отыр. Имансыз адам – қиянатшыл сайтан. Діннің де негізгі мақсаты осы қиянатсыз болуға шақыру. Бұл қандай дін болмасын негізгі шарт болып саналмақ.

Сонымен, қиянатсыздық Шəкəрім үшін – адамшылықты құрайтын адамның ең басты қасиеті. Адамға білімнен де қажет нəрсе – осы қиянатсыздық.

«Адамның ең асылы –

Қиянатсыз ақ пейіл.

Ең зиянкес жасығы –

Тайғақ мінез екі тіл»,-деп ақын адамның ең асыл қасиеті қиянатсыз болуында деп келтіреді. Ар-ұждан ілімін алға тартқан ақынның дін турасында төрт түрлі адамның қасиетін алға тартады. Оларды:

Хақ мұсылман кім болар,

Айтқан сөзі шын болар.

Рахым, ұят, ар, ынсап,

Төртеуі болса дін болар,-деген өлең жолдарынан байқай аламыз. Ел аузында «Хақтың разылығы халықтың ішінде»,-деген даналық сөз бар. Қандай да бір адамның дініне, тіліне, түр сипатына қарамастан қол ұшын созып, көмек беруі діннің негізгі талабы десек болады.

Қорыта айтқанда, Алаштың абызы Шәкәрім атамыз исламның Хақ жолын өз еңбектерінде терең зерделеп өткен. Ойшылдың соңында қалған әрбір өлеңі – терең философия. Оның тағдырлы ғұмыры секілді, әр өлеңі мен еңбегінің айтар ойы ұшан-теңіз. Бір қызығы, оны оқыған адам әртүрлі, өз түсінік пайымына қарай қабылдайды. Оны түсіну үшін көп ізденіс қажет. Ұстазы Абайдың «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған?!»,-деген жолдары дәл осы Шәкәрімге қаратып айтылғандай.

Ойшылдың дін мəселесін бірезулікке салмай, оны дұрыс түсіну – ең басты сау ақылдың міндеті екенін ұғындыруға тырысқанын аңғаруымызға болады. Ең негізгісі – адамның жүрегін тазарту, жүректі дерттен емдеу, қиянатсыз  болу керектігінде екендігін көрсете алды. Ойшыл «шатақ иманға» түсіп кету өте қауіпті екенін ескертті. Шəкəрім қозғаған дін турасындағы ой-толғамдары, келтірген мысалдары бізге бұл мəселені тереңірек түсінуге көмектесіп, шынайы имандылыққа жол ашады. Оның бар құндылығы да осында болды.

Бізде «Тұнығынан су ішу» деген ұғым бар. Қазақтың дінге қатысты тұнығы – Абай, Мәшһүр-Жүсіп, Шәкәрім, Алаш зиялыларының т.б. ойшылдардың талғамынан, парасатынан өт­кен құндылықтар. Біздіңше, елдік рухани менталитетті осындай құндылықтар құрайды. Бұлар – әрі иммунитет, әрі ұстаным. Шәкәрім қажының «Дін тазасын ой табар»,-деген пайымы да осыған негізделген секілді.

Биыл Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл. Бүгінгі ұрпағы әлі күнге дейін оны түсінуге, айтқысы келген ойын ұғуға, құпиясын білуге ынтық. «Құр білмек керек емес, Білгенді іске асырмақ керек»,-деген ақыл ойдың алыбының шығармаларын әрқашан жадымызда ұстап, ғұмырымызда қолдана білейік.

 

Г.Бекжан 

Теолог маман   

 

0 пікір