
Қазіргі таңда азаматтардың дәстүрлі діннен адасып, өзге діннің жетегінде кетіп жатқандығы - қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Өйткені, ислам діні біреу болғанымен сан тарауға жіктеп алып, ел арасында іріткі салып жүргендер де қатарымыздан табылуда. Сондықтан, олардың ең басты көздегені – діни білімі аз, көзқарасы қалыптаспаған азаматтарымыздың санасын улау. Әрі қарай, өз қатарына тартып, түрлі арандатушылыққа итермелеу болып отыр.
Осы орайда Республикалық ақпараттық-түсіндіру топ мүшесі Дәлелхан Оспанов және Түркістан облысының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Айбек Тағай Аудандағы №12 Кәсіптік колледжі, «Арыстанбаб» көпсалалы жоғары колледжі, «Қабланбек» жоғары аграрлық-техникалық және "Абу Али Ибн Сина" жоғары медициналық колледжі студенттеріне «Адалдық жоқ жерде, әділдік жоқ» тақырыбында дәріс оқыды.
Жиынның мақсаты халық арасында дәстүрлі дінімізді таныту, ақпараттық түсіндірме арқылы діни ағымдар мен секталардан сақтандыру болып табылады.
Жиын барысында тақырыпқа байланысты сұрақтар төңірегінде ой-пікірлер ортаға салынып, тұщымды жауаптар берілді.