
Барша жетістікке жетуші адамдардың ортақ тұсы – олар өз уақытына аса маңыздылықпен қараған. Адам мақсаты ұлғайған сайын, оған кетер уақытта ұлғая түспек. Сол себепті, жетістікке жетуші адамдар өз уақытына аса ұқыптылықпен қарай білді.
Алла тағала «Қадыр» сүресінде: «Қадыр түні мың түннен де қайырлы» дейді. Бұл сүреде Қадыр түнінің қадірі уақытпен дәлелденіп отыр. Бұған қоса Құранда шайтанның Алла тағаладан ақыретке дейін ғұмыр сұрағандығы айтылады. Демек, шайтан уақыт сұрап жатыр. Ол уақыттың қадірін біліп отыр. Сондай-ақ, «Аср» сүресінде ғасырға, яғни, уақытқа ант етіледі. Уақыттың қадірі болмаса, Хақ тағала онымен ант етер ме еді?
Көбіне батыс әдебиеттерінде «Time is money» (уақыт ол – ақша) ұғымы қалыптасса, дінімізде «уақыт ол – аманат» деп қарастырылады. Тіпті Хасан әл-Басри өзінің бір сөзінде: «Динар мен дирхамына қарағанда, өз уақытына аса сараңдықпен қараған адамдарды көрдім» дейді.
Дінімізде уақыттың екінші ұғымы да бар, уақыт бұл – нығмет. Алла Тағала Ибраһим сүресінің 33-34 аяттарында былай дейді: «Ол Алла сендерге өз шеңберінен жазбай әрі тынбай айналатын күн мен айды да бағынышты етті. Сондай-ақ түн мен күндізді де сендерге бағындырып қойды. Ол сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің барлығын берді. Бергені соншалық – егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар. Шынында, адам баласы мүлдем рақметі жоқ, өте залым келеді»
Исламда бос уақыт деген ұғым кездеспейді. Тек дене қатты шаршайтындықтан, түнде тынықтыруды жөн көреді. Өйткені Алла Тағала күндізді еңбектену үшін, түнді тынығу үшін жаратқанын айтқан: «Сендерге түнді жамылғы, ұйқыны тынығуға (себеп), күндізді еңбектену мерзімі етіп жаратқан Алла» («Нәба» сүресі, 9-11-аят).
Сүйікті Пайғамбарымыздың өміріне қарасақ, уақытын өте тиімді пайдаланғанын көреміз. Өйткені барлық істеріне үлгерген. Парыздарды былай қойғанда, нәпіл құлшылықтарының өзі өмірінің соңына дейін өз уақытында орындалып, еш үзілмеген. Бұған қоса, ертелі-кеш зікірлері, мешітте уағыз айтуы, сахабаларымен кеңесуі, елшілерді қабылдауы, өзін зиярат етушілерге уақыт бөлуі, өзінің зиярат етіп барған кісілері (науқастар, қабірлер, жарлары т.б.), халықпен жүздесуі (сұрақтарға жауап беруі, шариғат талаптарын қадағалауы т.б.), жорықтарға дайындық, үй іші жұмыстарына қолғабыс етуі (аяқ киім, шапан, астауларын жамауы, немерелерін ойнатуы, базарға баруы т.б.), ел ішіндегі діни рәсімдерді атқаруы (балаға ат қою, сүндеттеу, неке қию, жаназа т.б.), жұма күнгі хұтбалары, арасында уахиды қабылдап алу, күтпеген жұмыстың шығып қалуы секілді істердің барлығы да жоспарға сыйып отырған.
Пайғамбарымыздың өмірінде бұл істердің барлығына уақыт табылған. Тіпті,ешкімді қабылдамай, жеке өзіне ғана арнаған уақыттары да болған. Бұл нені көрсетеді? Бұл күндік жұмыстарын қаншалықты жүйелей білгенін, белгілі бір уақыт кестесін ұстанғандығын айғақтайды. Пайғамбарымыз күндізгі уақыттарды ғана емес, түнгі уақыттарда да мүмкіндігінше тиімді өткізуге тырысқан.
«Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демекші, дінімізде таң намазын оқу үшін ерте тұру − әр мұсылманға парыз екені белгілі. Бір күннің бес уақытқа бөлінуі де 24 сағаттық тәулікті жүйелеп, ұтымды пайдалану үшін берілген үлкен мүмкіндік. Уақытты ұтымды пайдалану үшін, Пайғамбарымыз намазды да ертерек оқуға шақыруда. «Ең ізгі амал қандай?» – деп сұраған кісіге, «Уақытында оқылған намаз», – деп жауап бергені мәлім. Осы себепті, бір мұсылман үшін уақытты тиімді пайдалану намазды ертерек оқудан басталатынын ескерген жөн. Тіпті,құрбан шалуда да уақыт мәселесі маңызды рөл атқарады. Пайғамбарымыз Минада айт намазын оқытып, құрбанды намаздан кейін шалу керектігін ескерткен. Жамағаттың біреуі құрбанын намаздан бұрын шалғанын айтқанда, Ардақты елші ол еттің құрбанға жатпайтындығын білдірген. Бұл Ислам дінінде әрбір құлшылықты орындауда уақыттың басты негізге алынатынын аңғартады. Уақыт кірмейінше, намаз оқылмайды. Уақытында үлгермесе, қазасы өтеледі т.с.с. «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтпақшы, адамның бос отыруы – шайтан үшін таптырмайтын мүмкіндік. Ол дереу бос отырған адамның ойына түрлі жамандық салып, азғыра бастайды. Күнәға итермелейді. Сол себепті, бір мұсылманның өмірінде бос уақыт болмауы тиіс.
Ә.Болат
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы