Деструктивті діни көзқарастағы азаматтарды қайта әлеуметтендіру контекстінде экстремизмге қарсы тұру
Дін – адамзат баласын бірлікке, бейбітшілікке, татулыққа шақыратын құрал. Себебі, бірлік бар жерде – береке, бейбітшілік бар жерде – тыныштық, татулық бар жерде – достық қатынас беки түседі. Алайда дін атын қой терісін жамылған қасқырдай пайдаланып, халықты түрлі сенімге бөліп, өз мүдделерінің үдесінен шықпақ ниетті жат ағымдардың еліміз ұстанып отырған ішкі, сыртқы бірлігіне сызат түсіріп отырғаны алаңдатады.
Жат ниетті ағым бұқара халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дінінен үркітіп-шошыту мақсатында түрлі айлы-шарғыларын жасап әлек. Ия, жат ағым таратқан ақпараттардан дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарасымызға мүлдем кереғар көзқарас, ұстанымдар шыға бастады. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызға да өзінің кері әсерін тигізуде.
Елдің, ұлттың, халықтың тұтастығын сақтап қалу үшін, өздерін ғана ақылды санайтын, дін үйретушілерден барынша сақтану қажет. Шынында діннің атын жамылған ағымдар мен топтар діни сауаты аз азаматтарымызды өз қармақтарына түсіріп, тіпті өздеріне белсенді жақтасқа айналдырып, өзімізге қарсы қойып үлгерді.
Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Діни білімге сусаған кезде, бір мәселеге тап болған сәтте әркімге жүгінбей, арнайы дінтанушы-теолог мамандардан, мешітке барып имамдарымыздан ақыл сұрағанымыз абзал.
Дегенмен, соңғы кезде елімізде дәстүрлі емес діндер атауына ие болған көптеген дәстүрлі емес діни ұйымдардың үгіт-насихатына жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, дәстүрлі дінді терең білмейтіндер, әсіресе, жастар тез ілігуде. Өзіне құлшылық етушілерді қоршаған ортадан оқшаулауға ұмтылған қатаң фанатизмдік сипатқа ие дәстүрлі емес діни ұйымдар өз қатарларында адамдарды қосып жатыр десек те, жыл өткен сайын халқымыздың діни тұрғыдан сауаттылық деңгейі біршама көтеріліп келеді. Қазіргі таңда біздің облысымыздағы секілді орталықтар республика көлемінде қарқынды жұмыстар жүргізуде.
«Білім» мәдени-оқыту орталығының директоры, сарапшы-саясаттанушы Р.Иржановтың мәлімітіне сүйенсек елімізде соңғы 10 жылдың көлемінде 14 террористік іс-әрекет орын алып, жалпы 90 адам қайтыс болған. Ал, 2016 жылғы Ақтөбе облысы мен Алматы қаласындағы болған оқиғалардан 27 адам қайтыс болған болса, олардың арасында 18 террорист пен 4 құқық қорғау органдары және 5 бейбіт тұрғын құрбан болған.
Қабылданған шаралар нәтижесінде бастапқы кезеңінде террористік актіні жасауға бағытталған 3 ұмтылыстың жолы кесілді. 7 радикалдық топтың және 34 жекелеген экстремистің қылмыстық әрекеттері бейтараптандырылды.
Жергілікті жерлерде «Жусан» гуманитарлық операциясы шеңберінде террористік қарқынды аймақтардан қайтарылған әйелдер мен балаларды оңалту бойынша жұмыс жолға қойылды. Бұрынғы сенімдерінен осы әйелдердің үштен бір бөлігі бас тартты, қалғандары бойынша жұмыстар табысты жалғасуда.
Бұл оқиғалардың барлығында да біз қоғамда көріп жүрген ұзын, ретсіз сақал қойып, балақтарын тобықтан жоғары етіп қысқартып алған жалпақ тілде «сәләфи» деп атап кеткен дін ұстанушылардың әсері бар. Енді бұлар кімдер? Қайдан келген? Ұстанған мақсаттары қандай? Оларды қалай ажыратамыз? Қалай сақтануға болады? – деген сұрақтарға жауап беруге тырысып көрелік.
Бұл сұраққа келмес алдын, жалпы «Салафия» дегеніміз не? Соған тоқталып, оның мән-мағынансын түсініп алғанымыз жөн болар. Өйткені барлық ағымдарға ортақ бір қағида бар. Ол да жақсы ұранның астында жымысқы ойларын жүзеге асыру болып табылады.
Ислам терминологиясында «ас-Салаф ас-Солих» деген термин бар. Бұл туралы ислам энциклопедиясынан көре аласыз. Бұл терминнің шығуына себеп болған мынадай хадис бар. Пайғамбарымыз (с.а.с) былай деген: «Ең жақсы ғасырлар: менің ғасырым, сосын одан кейін келетіндер (ғасыры), сосын олардың соңынан келетіндер (ғасыры) жақсы». Міне осы ғасырға «Аср ас-Сағадат» делінеді. Ал осы ғасырда өмір сүргендер абзал адамдарға «ас-Салаф ас-Солих» делінеді. Олар: Пайғамбарымызбен бірге өмір сүрген сахабалар, олардың ізіне ерген табиғиндер және оларға ерген атбаға табиғиндер болып табылады.
Міне осы қасиетті ұғымды өздеріне ұран етіп алған, заманауй салафиттер бар. Бірақ бұлардың айтқан сөздері ғана болмаса, амалдарын көріп, шынайы салафилерге еш қатысы жоқ екенін байқайсыз.
Жалпы діннен еш хабары болмаған қарапайым қатардағы жастардың дінге бетбұруына ықпал ететін бірқатар факторлар бар. Солардың бірі әрі бірегейі ол әлбетте интернет, ондағы әлеуметтік желілер, қауымдастықтар болып табылады. Ата-анасының немесе имамдардың ықпалымен дінге бетбұрушылар да жоқ емес әрине, бірақ өте аз. Өйткені ата-ананың балаға рухани тәрбие беруге уақыты да қаухары да жоқ. Ал имамдарға келетін болсақ, қала және аудан орталықтарындағы бір мешітке кем дегенде 300-400 жамағат келсе, оларға жалғыз имамның рухани тәрбие беруге физикалық тұрғыдан мүмкіндігі жоқ. Сондықтан олар негізгі ғибадат рәсімдерін өткізуден басқаға қолы да тимейді. Оның үстіне мешіттің барлық тұрмыстық жағдайлары мен халықтың өлім-жетімге деген сұраныстары да сол жалғыз имамға жүктелетіндігі белгілі. Міне осыдан кейін жастардың рухани сұранысын қанағаттандыратын негізгі құрал, әрі ұстаз «Интернет» болып шыға келеді. Ал өз беттерінше ілім алған жастардың дәстүрлі емес діни ағамдардың жетегінде кету ықпалы басым. Егер балаларымыз бұл ағымның ықпалына түссе, онда оларды дәстүрлі бағытқа қайтару өте қиын. Себебі бұл тек бір діни бағыт қана емес, мұсылман үмметін өз ішінен ыдыратуға арналған ұзақ мерзімді идеологиялық бағдарлама болып табылады. Яғни сіздің балаңыз саяси бір ағымның жалған идеяларын жүзеге асырушы бір құралға айналады деген сөз. Оның соңы Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстарға кетіп, Отанын сатушылардың қатарын толтырушылардан болуы да әбден мүмкүн. Себебі елімізден Шам жеріндегі қарулы қақтығысқа қатысу үшін кеткен азаматтардың барлығы дерлік осы көзқарастағылар болып отыр.
Ал енді сонда бұлар кімдер? Мақсаттары қандай?, Біздің жастарымызда несі бар? деген сұрақтарға шамамыз келгенше жауап беруге тырысамыз. Қарапайым қатардағы бала дәстүрлі емес діни ағымдың ықпалына түссе, оның бойында бірқатар өзгерістер пайда бола бастайды. Уақыт өте келе ол мүлде басқа адамға айналады. Ол өзгерістерді отбасы мүшелері, жақындары мен достары міндетті түрде байқайды.
Дәстүрлі емес діни ағымның ықпалына түскен азаматтардың тұлғасындағы өзгерістер төмендегідей:
1. Сөздеріндегі өзгерістер: Күнделікті қолданыстағы сөздерді араб терминдерімен ауыстыра бастайды. Әсіресе «Ахи», «Ухти», «Джазака Аллаһума хайран», «Джахил», «Мушрик», «Мунафиқ», «Бидғат», «Харам», «Аузубиллаһ», «Әстағфируллаһ» деген сөздерді өте жиі естейтін боласыз. Бұлардың бірқатары діни термендер болса, ал енді бірі күнделікті қолданыстағы қарапайым сөздер (Бауыр, қарындас).
2. Атын өзгерту: Өзінің негізгі атынан бөлек «куня» яғни лақаб аттар ала бастайды. «Абдуллаһ», «Сейфуллаһ», «Халид», «Хамза», «Салахаддин» т.б.. Бұл аттардың барлығы ислам тарихандағы қаһарман қолбасшылардың аттары болып табылады. Алғашында бұл есімдер оларды өжет, қайсар әрі батыл болуға себеп болса. Кейіннен заңсыз әрекеттерді жүзеге асыру барысында ешкім танып қоймасын (әсіресе құқық қорғау органдары) деген мақсаттағы бір құралға айналады. Бұл да өзін жасырудың (канспирация) бір түрі.
3. Киімдерін өзгерту: Спорттық немесе әскери киімдерге әуес болу. Шалбардың балақтарын қысқарту, егер спорттық болса балақтарды бүру, үнемі ақ шұлықтар кию. Кең және суреті, жазуы болмаған киімдер кию, Сауд Арабиясының киімдеріне әуестігі арту, қыз болса қара түсті жамылғылар немесе абая кию т.с.с.
4. Музыкадан бас тарту: Рок, Поп, Джаз секілді музыкаларды қоспағанда дәстүрлі, патриоттық әндердің өзін тыңтауды харамға шығарады. Әйелдер ән айтатын жерлерден кетіп қалады. Тек «Нашидтер» (Ешқандай музыкалық аспапсыз айтылатын діни әуендер) тыңдайды. Кейбіреулері оданда бас тартады.
5. Намаздағы өзгерістер: Егер бала намаз оқымаса, онда намаз бастайды. Ал оқитын болса, онда үстіне намаздарды көбейте бастайды. Фарз намаздардан басқа нәпіл намаздарды да өте ұзақ әрі тастамай оқитын болады. Намаздарды Ханафи мәзһабымен емес аяқтарын талтайтып, қолдарын көкіректеріне байлап басқаша оқиды. Әйел және еркек намаздарының айырмашылығы болмайды. Егер жамағатпен оқылатын намаздар болса «Әмин» дұғасын дауыстап, айғайлап айтады. Кей жағдайларда жұма намаздарына мешітке бармайды. Себебі «Мешіттер адал ақшаға салынбаған, ондағы имамның ақидасы дұрыс емес, оларға ұюға болмайды» деген қарсылық пікірлерді ашық айтады.
6. Мінездегі өзгеріс: Отбасы мүшелерімен қарым қатынасы бұзылады. Алғашқы уақытта кезкелген нәрсе үшін сөз таластыратып, тез ашуланатын болады. Уақыт өте келе тұйықтық басып, ешнәрсеге зауқы болмай, ашылып сөйлеспейтін болады. Туған туыстармен қатынасын үзе бастайды. Туыстары арасында мемлекеттік, құқық қорғау органдарында қызмет жасайтын болса олармен мүлде араласпайды. Соңында барлық әрекеттерін жасырып, өзі намаз оқып жүрсе де жалған сөйлей бастағанын байқайсыз. Компьютер, телефондарына кодтар қойып, рұқсатсыз тисеңіз қатты ашуланып дөрекі сөздер айтуға дейін баруы мүмкін. Бұл радикалданудың орта кезеңі болып табылады.
7. Джиһад: Ислам дінінің мәні, ең асыл мақсаты ол джиһад деген түсінікке жетеді. Оған ислам тек джиһаттан тұран болып көрінеді. Тек джиһад тақырыбы ғана қызықтырып, жүрген жерінде сол терминді издей беретін болады. Оның «Бұл өмірдің мәні жоқ», «Шынайы өмірге дайындалу керек» деген сөздерін байқайсыз. Бұл жастардың психологиялық ауытқуға түсуіне себеп болатын факторлардан бірі. Оның соңы суйцидпен аяқталуы мүмкін. Өйткені дәстүрлі дінді үйрету методикасында алғашқы дінге келген адамның жүйке жүйесінде ауытқулар болмас үшін О дүниені емес Бұ дүниенің мәні мен мағынасын түсінуді үйретеді.
8. Оқитын мәшһүр әдебиеттері мен тыңдайтын мәшһүр ұстаздары: Шартты түрде оқытылатын кітаптар төмендегідей: «Үш негіз», біздің елімізде тыйым салынған діни әдебиет, «Төрт қағида», «Күмәннан тазару», «Таухид кітабы» (авт. Мухаммад ибн Абдалуаһаб ат-Тамами), «Описание молитвы пророка», «Ислам ақидасы бойынша 200 сұрақ» (авт. Шейх Хафиз Ахмад әл-Хакәми.) Қосымша оқылатын әдебиеттер: Егер құран аудармасын оқыса тек Абдурахман ас-Саадидің тафсрі. Бухари және Муслим сахихтерін шархсыз (түсіндірмесісіз) немес өз ұстаздарының түсіндірмелерін оқиды. Мысалға Имам Науауидің «Сады праведных» атты ислам әлеміне танымал хадистер жинағы бар. Бірақ олар оның «Проверенный (с тахкиком) шейхам аль-Албани» деген түрін ғана оқиды.
Сондай-ақ, атақты тыңдайтын шейхтары: ал-Албани, ибн Баз, шейх Усаймин, шейх Фаузан т.с.с.
9. Ақпараттық алаңының өзгеру: Телевизор, радио, газет, журнал секілді ақпарат көздерін қарауды қояды. Тек интернет алдында өз ұстаздарының діни уағыздардын тыңдап, ислам әлеміндегі болып жатқан қарулы қақтығыстардың видеоларын қарап, оған қатысты жазылған пікірлерін оқумен күнін өткізеді. «Олар сендерді адастырады немесе жүректеріңе күмән салады» деген жалаумен басқа дәстүрлі бағыттағы ұстаздардан немесе дәстүрлі ақпарат көздерінен діни білім алуға тыйым салынады.
Жоғарыдағы тоғыз ерекшелік бойынан байқалған тұлғалардың отбасылық өмірде үлкен өзгеріс болды. Теледидар қарау, әуендер тыңдау және фильмдерді көру – харам, балабақшада өтетін ертеңгіліктерде сөйлеу – харам, неке жүзігін тағу – харам. Туған күн, жаңа жыл секілді мерекелерді тойлауға мүлдем қарсы. Тіпті балаларға ертегі айтылмауы керек. Оны күпірлер ойлап тапқан. Сырқаттанып ауырған балаларды емдеуге және емдетуге болмайды, оларды Алла қорғайды... Кешкі сағат алтыдан соң терезелерді ашуға болмайды, себебі бұл уақытта шайтандар ұшып жүреді (дінтанушы Т.Әбуов).
Бұл жоғарыда айтып кеткеніміздей мұсылман үмметін өз ішінен ыдыратуға арналған ұзақ мерзімді идеологиялық бағдарлама болып табылады. Негізгі мақсат, өскелең ұрпақты орта буынға қарсы қою арқылы қоғамда бейберекетсіздік орнату және бітпес талас-тартыс алаңына айналдыру.
Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін әуелі жастардың бойындағы мынадай негізгі құндылықтарды жоюға тырысады.
1. Өскелең ұрпақты ұлттық құндылығы мен сал-санасынан, тарихынан айыру;
2. Оның барлық құқықтық, әлеуметтік және діни сұранысын қанағаттандырып отырған мемлекетінен айыру және оны жоюға дейін мәжбүрлеу;
3. Ата-анасынан, туған туыстар мен оны қоршаған барлық ортадан айыру. Бұлар адам баласы өмірінде ерекше орын алатын үлкен үш құндылық болып табылады. Егер адамды бұл құндылықтарынан ажыратса ол зомбиге айналады. Мұндай адам үлкен күйзеліске ұшырап, төмендегідей халге келеді.
1. Ақиқат пен жалғанды, кімнің дос, кімнің қас екенін ажырата алмай қалады;
2. Бойына еш нәрсеге төзбеушіл, қырсықтық бір мінез қалыптастырады.
3. Ақиқатты иемденуші пазицияға өткізеді. Тек өзін ғана ақиқаттың иесіне айналдырып, тәкапар қылады.
4. Еркін ойлау қабілетін тоқтатады. Ақылды мүлде қолдандырмай тастайды. Өмірін тек нақылмен (Құран және хадис) байланыстырады. Бірақ араб тілі мен негізгі қайнарларды түсіну құралдарын білмегендіктен өзінің ұстаздарының айтқанына жүгінуге мәжбүр болады.
5. Дүниеде ең таза ислам ол арабияда деген ұғымды санасына сіңіру арқылы, балаға араб елдеріне кетуді аңсатады. Содан соң бала Қазақстанда өмір сүруді қорлық санайды. Оқу, сауда, қажылық секілді сылтаулармен шетелге шығудың амалдарын іздей бастайды. Бұл олар үшін өте қауіпті екенін сезбейді де. Шетелге шығып, содрлардың ортасына түскен кезде ғана алданып қалғандарын сезеді, бірақ өте кеш болады. Ол жерден қайтып оралу кезкелген адамға бұйырмайды.
Дін туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден іздеу көбінесе деструктивті діни ағым өкілдерінің тұзағына түсу арқылы ҚР кей заңнамаларын бұзуға алып барады.
Желі қолданушыларының деструктивті діни ағымдар қатарына кіріп кету факторларының бірі әлеуметтік желілердегі деструктивті қауымдастықтар мен топтарға жазылу болып табылады.
Жалпы, қай елге болмасын бөліну деген ешқашан береке әкелген емес. Оны тарихтың сарғайған парақтарынан білуге болады. Ал, бірліктің, бейбітшіліктің, татулықтың алмаған асуы жоқ. Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев Ұлытау төріндегі сұхбаты барысында халықты діни көзқарастары үшін бөлінбеуге шақырып, «Біздің халық ешқашан дінінен айырылып қол үзіп қалған жоқ. Ислам дін ғана емес ол біздің мәдениетіміз, біз дін жолына түсеміз деп жүріп, діннің теріс бетіне өтіп кетпеуіміз керек. Дін өз асыл құндылықтарын арттыратын, өзге адамдарға үлгі болатын жақсылықтарда бейнеленуі тиіс. Діннің басты мақсаты – адам баласының кемелденуін жүзеге асыру» - деп атап өткен еді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы экстремистік және террористік әрекеттермен күресеміз деп жүріп асыл дінімізбен күреске айналдырып алмауға, адасып жүрген азаматтарымызды даналықпен дәстүрлі бағытқа бейімдеу керектігін ескерткен болатын.
Тағы бір айта кететін жайт, қазіргі кезеңде мектеп оқушылары мен студент жастар жат пиғылды ағымдардың қармағына тез ілініп, соның әсерінен ата-ана, ұстаздары мен елінің ұстанымына, ұлтының салт-дәстүріне қарсы шығып жататыны белгілі жәйт. Сол үшін ата-ана балаға дін мәселесінде дұрыс бағыт көрсетіп, кім көрінгеннен діни сұрақтарына жауап сұрамай дәстүрлі дін өкілдерінен кеңес алғандары жөн. Сонда ғана бала ұлтының рухани тірегі, дінінің қорғаушысы болары ақиқат. Егер ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, оңды бағыт-бағдар көрсетпесе, жат ағым өкілдері оны өз мүддесіне пайдалануы әбден мүмкін. Тіптен кей ата-ана баласының осындай ағым жетегінде кеткенін кеш түсініп, бармақтарын тістеп қалуда. Демек, ата-ана «сақтансаң, сақтаймын» қағидасына берік болып, ұрпақ болашағына, ұлт келешегіне бүгіннен алаңдағаны жөн.
Біз үшін әрбір шаңырақтың түтінінің түзу ұшқаны маңызды. Қоғам мен ел алдындағы азаматтық һәм адамдық борышымызды өтеп, ел игілігіне қызмет ету. «Өткен күн тарих, келер күн жұмбақ, біз осы сәтте өмір сүріп жатқанымыз үшін бүгінгі күн қымбат» - деген екен Қорқыт бабамыз. Келер ұрпағымыздың болашағы мен жарқын келешегі үшін қоғамдағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды. Себебі, білім, ғылым, денсаулық, экономика бәрі-бәрі де тек бейбіт күнде ғана дамымақ. Біз барша қазақстандықтарды осы бағытта еңбек етуге шақырамыз.
Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықов
Жүктеп алу
+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru