Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлерімізді ұрпаққа жеткізу аға ұрпақтың парызы. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық код туралы айтып, оны сақтауды міндеттеді. Ұлттық код дегеніміз ұлттық құндылықтарымыз. Әрбір халықтың белгісі, этникалық мәдениеті болады. Сол мәдениетке халықтың тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы кіреді. Бұны ұлттық кодтың элементтері дейміз. Салт-дәстүр – адамзаттың ғасырлар бойы жинақталған құндылығы, мәдени мұрасы. Әдет-ғұрып дегеніміз адамдар арасында қалыптасқан қоғамдық тәртіп. Осы арқылы әрбір халық өзін-өзі тәрбиелеп отырады. Дәстүр кез-келген қоғамда, отбасында кездеседі. Дәстүрді бір қалыпқа қатып қалған құбылыс екен деп түсіну қате. Ол әр кезеңде өзгеріп отырады. Дегенмен ұлттық кодымызды сақтау үшін дәстүрдің озық үлгілерін насихаттап отыру керек. Бұл өз кезегінде ұрпақты адамгершілікке, отансүйгіштікке, имандылыққа тәрбиелейді.
Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекесіне орай «Жусан» операциясы нәтижесінде елге қайтарылған облыс тұрғындарына дәстүрлі құндылықтарды насихаттау мақсатында «Тарих пен таным» атты тақырыпта облыстық байқау ұйымдастырылды.
ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен, Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылған «Жусан» гуманитарлық операциясының нәтижесінде елімізге 600-ден астам отандастарымыз қайта оралған болатын. Соның ішінде 5 әйел мен 22 бала Түркістан облысының тұрғындары болып табылады. Аталмыш азаматшаларға мәдени-рухани қолдау білдіру, қолайлы орта қалыптастыру, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды саналарында қайта жаңғырту мақсатында төрт кезеңнен тұратын байқау ұйымдастырылды.
Іс-шара екі күнге жоспарланып, 26 мамыр күні әйелдер мен балалар Түркістан қаласының мәдени-рухани, тарихи туристік мекендермен, атап айтқанда Қ.А.Ясауи кесенесі, ҚР Тұңғыш Президенті саябағы, «Керуен-Сарай» ойын сауық орталығы және т.б. орындарға саяхат жасап мол мәлімет алуға, тынығуға жағдай жасалды.
Ал, 27-мамыр күні Шымкент қаласындағы «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында» байқау өткізілді. Бірінші кезеңде байқауға қатысушылар өздері туралы таныстыруды қазылар алқасына ұсынса, ІІ кезеңде суретке қарап мақал-мәтелді тап сайысы, ІІІ кезеңде Қазақ хандығының, Түркістан қаласының, Тәуелсіз Қазақстанның тарихы және ұлтымыздың салт-дәстүрлеріне қатысты билеттік жүйемен өткізілді. Ал қорытынды ІV кезеңде А.Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтып, мағынасын ашықтаудан байқау ұйымдастырады. Қатысушылардың өз еріктеріне сай музыкалық аспаппен сүйемелдеп ұл-қыздарымен бірге ұлттық киімде өнерлерін ортаға салды.
Байқау ашық әрі еркін форматта өткізіліп, осыған орай өзінің әділ төрелігін жасауға Түркістан облыстық Әжелер алқасының хатшысы Ф.Тілеубердиева, «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» МКҚК директорының орынбасары Г.Жақанқызы, мәдениеттанушы Ж.Әмірқұлова жұмылдырылды.
Қазылар алқасының мүшелері қатысушылардың әр кезеңдегі ұтымды тұстары мен шалыс басқан іс-әрекеттерін таразылап төрелігін білдіріп отырды. Байқау қорытындысы бойынша шағалалы Шардарадан келіп бабы мен бағы қатар шапқан Г.Байгазиева бас жүлдені, Д.Абдираманова І орынды қанжығасына байлады. Саялы Сарыағаштан келген Т.Камалова ІІ орынға лайық деп танылды. Құт дарып, кие қонған Қазығұрттан келген А.Нысанбаева мен Қаратау тәжі – Кентаудан келген Д.Сүлейменова жүлделі ІІІ орынға ие болды. Жүлдегерлерге байқауды ұйымдастырушы тарапынан арнайы қаржылай сыйлықтар, балаларына қазақтың қара домбырасы табысталды.
Тәлімі мен тағлымы мол байқауға қатысушылар осы іс-шараны ұйымдастырушы облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-не алғыстарын білдіріп, жақсы көңіл-күйде тарқасты.