Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды
Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды
22.12.2021
956
0

Азаматтар арасындағы келеңсіздіктер мен құқық бұзушылықтар көбінесе заңды білмегеннен орын алып жатады. Бірақ, бұл заң алдындағы жауапкершіліктен босатады деген сөз емес. Мысалы, кез келген азамат әлеуметтік желі арқылы тыйым салынған діни материалдарды тарататын болса, жаза айыппұл төлеуімен ғана шектелмейді. Бұның соның бас бостандығынан айыру жазасымен де аяқталуы мүмкін.

Кейбір сарапшылардың сөзіне сүйенсек Қазақстанда экстремизмінің даму қарқыны 2011 жылдан бастау алды деседі, экстремистердің іс-әрекеттері әсте терроризм әдістеріне көшуі, билікпен қарулы қарсыласу кезеңі деп атап өтіледі. «Білім» мәдени-оқыту орталығының директоры, сарапшы-саясаттанушы Р.Иржановтың мәлімітіне сүйенсек елімізде соңғы он жылдың көлемінде 14 террористік іс-әрекет орын алып, жалпы 90 адам қайтыс болған. Елімізде  экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жолында көптеген  экстремистік ұйымдардың қызметіне соттың шешімімен тыйым салынып, діни мазмұндағы әдебиеттерге, үнпарақтар мен аудио-бейне материалдарға, ғаламтор сайттарына дінтану сараптамасы жүргізіліп, алдын алу шаралары ретінде ақпараттақ-түсіндіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, осы бағытта елеулі қызметтер атқарылуда. Қазақстандық қоғамды терроризм және экстремизмді насихаттаудан қорғау мақсатында интернет кеңістігін  мониторингтеудің  автоматтандырылған жүйесі  іске қосылды. Жүйе әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентті айқындауға және артынша бұғаттауға мүмкіндік береді. Бұғаттау мәселесіне келсек Tengrinews.kz. хабарлауынша «...2018 жылы 28 қазанынан бастап елімізде төрт мемлекеттік органға әлеуметтік, табиғи немесе техногенді төтенше жағдайлар кезінде интернет және байланыс құралдарын бұғаттау құқығы берілді».

Интернетте және әлеуметтік желілерде терроризм мен экстремизмді насихаттау барысында  2015 жылы – 150 мың, 2016 жылы – 700 мың, 2019 жылы 14500 материал бұғатталды. Ауқымды және адрестік ақпараттық-ұйымдастырушылық іс-шаралармен 2,5 млн астам адам қамтылды. Оларды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.

2016 жылы ғаламтор желілерінде радикалды, экстремистік көзқарастағы бейнематериалдар мен жазбаларды таратқандығы үшін 100-ге жуық азамат бас бостандығынан айырылды.

2017 жылы еліміздің 20 азаматы әлеуметтік желіде терроризмді насихаттап, теракт жасауға шақырғаны үшін және әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру бойынша бас бостандығы шектелді.

2018 жылы 80-нен астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды және басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша құрықталды.

2019 жылы Қазақстан Республикасы заңнамасы негізінде терроризм және діни экстремизммен байланысты қылмыстары үшін 140 азамат сотталды.

2020 жылы 34 азамат әкімшілік жауапкершілікке және басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша  жауапкершілікке тартылды.

Қабылданған шаралар нәтижесінде бастапқы кезеңінде террористік актіні жасауға бағытталған 2014 жылдан бері 33 террористік акцияның дайындалу кезеңінде жолы кесілді және жүзеге асырылмады (2014 жылы – 3, 2015 жылы – 4, 2016 жылы 12, 2017 жылы – 11, 2019 жылы – 3). Сонымен қатар 7 радикалдық топтың және 34 жекелеген экстремистік қылмыстың әрекеттері бейтараптандырылды. Радикалды ортаға қарудың, оқ дәрілердің және жарылғыш заттардың түсуіне жол бермеудің қосымша алдын алу тетіктері еңгізілді. Нәтижесінде осындай 17 жағдайға жол бірілмеді.

Қазіргі таңда Қазақстанның  барлық облыстарында экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында арнайы орталықтар республика көлемінде қарқынды жұмыстар жүргізуде.  Қазақстан Республикасы бойынша радикалдық көзқарастан 907 адам қайтарылды. Бас бостандықтарынан айыру орындарында террористік және экстремистік қылмыс жасағандары үшін жазаға тартылған 162 сотталушы радикалсыздандырылды.

Жалпы, қай елде болмасын экстремизм мен терроризм деген ешқашан береке әкелген емес. Терроризм мен экстремизм өршіген елдерге тек соғыспен тоқырау әкелетінін білеміз. Зұлымдық пен жанкештікке тек діни сауаты жоқ адамдар барады, ал заңды білмеу жауапкершліктен босатпайтындығын естен шығармауымыз қажет. Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет.

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы              А.Дүйсен

0 пікір