Бүгінде әлемге жаһандану ықпалы күшейген сайын адам құқығы, адамзаттық ортақ құндылықтар мәселесі өзектілігін арттыра түсті. Жаһанданудың екінші кезеңіне түрткі болған әлемдегі алып империя Кеңес Одағының күйреуі құрамындағы елдердің атеизмнен бас тартып, өз сара жолын таңдауымен жалғасты. Этникалық ұстанымы ислам дінімен байланысты болса да еліміз алғашқы қадамын зайырлылық арқылы адам құндылығы, азаматтық құқық мәселелерін негізге алғаны белгілі. Сондықтан ел азаматтары жаңа бағыттың мәнін сіңіре алмай жатқан кезеңде, зайырлылықтың түп-тамырын бағдарлап қойған шетелдік түрлі діни ағымдар өз мақсаттарына кірісіп үлгерген. Дін мемлекеттен бөлек деп азаматтардың сенім-наным бостандығына еркіндік берілгенімен, оны жат діни ағымдардың өз пиғылдарына пайдаланып кетуі күшейе түсті. Ширек ғасыр зайырлылықтың Қазақстанға тән өз бағыты болу керектігін дәлелдеп үлгерді. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы жартысында ата дінімізге, салт-санамызға зиян тигізетін жат миссионерлер жайлы дабыл қақсақ, соңғы кезеңде олар ислам дінін жамылған жат ағымдардың ылаңының көлеңкесінде «назардан тыс». Бұған ислам діні төңірегінде түрлі руханиятқа қайшы пікірлердің қатар көтерілуі жиілеген әлемдік тенденция өз әсерін тигізгені рас.
Бүгінде зайырлылықты атеизммен астастырып, не болмаса ислам дініне қарсы құрылым деп шатасып жүргендер аз емес. Ал ислам діні тарихынан хабары бар адам Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) қадам-шешімінің зайырлылыққа негізделген тұстарының бар екенін бағалар еді. 622 жылы қабылданған «Мәдина конституциясында» бірнеше дін өкілдерінің бір мемлекетте қатар өмір сүріп, өзара құқықтық мәміле орнатып, Мәдина қаласының ішкі-сыртқы мәселелерін реттеуде ортақ міндеттер жүктеуге қол жеткізілген. Алғаш рет дінаралық диалогтың негіздемесі қалыптасқан бұл декларацияның ислам мемлекеттігінің пайда болуы мен қалыптасуында құқықтық рөлі ерекше.
Әр қоғамның даму заңдылығы – азаматтар санасының да жаңғыруымен байланысты. Бұл білім мен тарихтан тағылым алған тәжірибе арқылы жүзеге аспақ. Ендеше әуелі «зайырлылық дегеніміз не?» дегенге жауап іздесек.
Қалай дегенмен әр елдің өз тарихы, салт-санасы, әдет-ғұрпы, мәдениетіне, т.б. ерекшеліктеріне сай даму жолы болады. Бұл дін мәселесінде де өзекті. Олай болмағанда қоғамның дәстүрінен тыс радикалды, яғни бірбеткейлік әрекеттері бой көрсетіп, ел тұрақтылығы мен дамуына кедергі тудыратыны адамзат тарихынан белгілі. Қазір еліміздің азаматтары ұстану жағынан ең негізгі екі дін, яғни ислам мен христиандық бағыты болса, ресми өкілдердің соңғы есебінше, еліміздің 75 пайызы мұсылмандар. Ол этникалық жағынан 24 топқа бөлінгенімен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарихи негізге сүйеніп ханафи мәзһабын ұстанады.
Ал, ислам атын жамылған діни радикализмнің тенденциясы елімізде 2000 жылдан бастап күрт өскен. Яғни еліміздегі «терроризм» картасын айтуға болады. Терроризм «жиһадты» желеу еткен теріс түсініктегілер ислам дінінің мақсатын түбегейлі түсінбеуін меңзейді.
Шындығында дәстүрлі ислам дініміздің ақиқатын жат елден іздеушілердің өзі түрлі топқа бөлінеді. Бір анық – халқымыз Әбу Ханифа мәзһабында, имам Матуриди ақидасында сенімдерін бекітіп, ұлан ғайыр жерді сақтап, елімізді бізге аманат етті. Сенімдегі бірлігі мен мықтылығы, құлшылықтағы тақуалығының жемісі бүгінгі ұрпақ еншісіне тигенде, тарихи жолдан бас тартып ыдыраған елді «шаппай билеуге» әрекет етушілер онсыз да аз емес.
Қорыта айтқанда, тарихи үдеріске сүйенсек, кез келген қоғам дамудың жаңа сатысына негізгі капитал қоғам санасының өсуімен қол жеткізеді. Яғни қазіргі ел ішіндегі түрлі әлеуметтік түйткілдер, тіпті қыздардың мектеп қабырғасында жеңіл жүріске ұрынуы, тастанды бала, қария, бұзылған тағдыр – ең әуелі қоғамдық санадан басталады. Балалардың қауіпсіздігі, жастардың жасампаздығы, маманның біліктілігі, азаматтың ардақталып, қариялардың құрметтелуі – әрбіріміздің, адамның, қоғамның, болашақтың алдындағы мұсылман ретінде жауапкершілігін ұғындыратын ұлттық руханиятымызға негізделген классикалық тәрбие, білім арқылы уақытымен салтанат құрары сөзсіз.
Д. Аманов
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы
Зайырлылық – қоғамдық құндылық