Бүгінгі таңда әлемдегі жүз он үш ел өзін зайырлы мемлекет деп танытса, жетпіс бес мемлекет өз заңдарын діни ұстанымдарға негіздеген. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алған сәттен бастап, болашағының баянды болуы үшін, таңдау алдында әлемдік өркениетті елдердің тәжірибесіне көз жүгіртті. Мемлекеттің тұтастығын сақтау үшін зайырлылықты таңдады. Жалпы, зайырлылық дегеніміз – адамның немесе топтың діни ұстанымына қарамастан тең қарайтын мемлекет басқару қағидасы. Бұл мемлекет діни қатынастар саласында тек бақылау жүргізіп, діни топтардың жұмысына араласпайтын жағдайындағы ең оңтайлы бірден-бір жол. Мемлекет заңнамасының шегінен аспау қажет. Бұл жерде зайырлылықтың мәні – дінге немқұрайлы емес тең қарау дегенді білдіреді.
Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін елдігімізді қалыптастыру, егемендігімізді нығайту және келешек дамудың дұрыс бағытын табу жолында талай жетістіктерге қол жеткізді десек, артық айтқан емес. Халқымызға тән толеранттылық сипаты, ел басшылығының әділ саясаты арқасында Қазақстан саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда тығырыққа тірелуден аулақ болып, XXI ғасырға сәтті қадам тастады. Еліміз әлеуметтік-экономикалық және демократиялық жаңарулар бағытында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, осының барлығы да Қазақстанның көпқұрамды халқының қоғамдық бейбітшілік пен келісімді сақтап отырған мезгілінде іске асты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсанда жариялаған «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында еліміздің зайырлы мемлекет екендігі, біздің дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін қандай да бір ұстанымдар мен нормаларды түрлі жолдармен тықпалайтын әрекеттерге жол берілмейтіндігі атап көрсетілген болатын. Бұл – қоғамымызды зайырлылық қағидаттарына негіздей отырып дамыта түсу барысында басты назарға алатын мәселе. Діннің қоғамды жақсылыққа үндеудегі, ізгілікке шақырудағы рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен, қазіргі таңда біздің ұлттық салт-санамыз бен заңдарымызға кереғар келетін, үйлеспейтін діни көзқарастары өмірлік қағидалары мен өлшемдеріне айналған азаматтардың радикалды бағыттағы талғамсыз талап-тілектері ойландырмай қоймайды. Бұл жағдай мемлекет пен діннің қарым-қатынасын реттеуге, зайырлылық ұстанымдарын нақтылауға, оны терең ұғындыруға сергек қарауды талап етеді. Сондай-ақ діннің қоғам өміріндегі ықпалы барынша ескеріле отырып, мемлекеттің дін саласына қатысты ұстанымдарының басты ерекшеліктері қоғамдық санадан берік орын алуы қамтамасыз етілуі тиіс. Мұның барлығы сайып келгенде зайырлы мемлекеттегі діннің орнын белгілеуде өте маңызды.
Халықаралық қоғамдастықта зайырлылық ұғымына қатысты түрлі түсінік бар. Бұл өз кезегінде мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастың ортақ сипатын танытатын нақты үлгінің жоқтығын білдірсе керек. Десек те, кейбір елдерде «зайырлылық діни мемлекеттің қарама-қарсы пішімі» деген мазмұндағы ұғым қалыптасқан. Осы орайда «зайырлы» атауын түсінуде, зайырлы елдің болмысын сөз еткенде біртекті пікірдің орнықпағаны аңғарылады. Негізінде зайырлы мемлекеттер дінді мемлекеттен бөлу идеясын ұстанатыны белгілі. Бұл мәселеге қатысты сөз қозғағанда зайырлылық қағидаты бойынша діни догманы мемлекет заңдарынан алыстату көзделетініне, бірақ дінді қоғамнан бөліп тастау қарастырылмайтынына, оның діни бостандықты айқындайтынына мән берілуі тиіс. Дегенмен, кейбіреулер зайырлылықты атеизм бағыты деп түсінеді. Шын мәнінде атеизм дінге үзілді-кесілді тыйым салса, зайырлылық дінді ұстану, ұстанбауда таңдау құқығын беретінін ескерген абзал.
Дін қоғамды сауықтыруда, адами қарым-қатынастарды реттеуде, бейбітшілікке үндеуде, отбасылық құндылықтарды нығайтуда және басқа да мәселелерде негізгі идеологиялық құралдардың бірегейі. Сондықтан əрбір мемлекет өзінің дінмен қарым-қатынас орнатудың тиімді моделін құруға мүдделілік танытады. Мәселен, бірқатар мемлекеттер өздерінің қоғамында берік орныққан дəстүрлі дінінің мəртебесін конституцияларында атап көрсеткен.
Мемлекеттің дінге қатысты ұстанымын ең алдымен оның заңдарынан көруге болады. Елімізде діни ахуалды реттейтін Қазақстан Республикасының 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының преамбуласында ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың халық мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі танылатындығы атап көрсетілген. Бұл – ислам дінінің қазақ мемлекеттілігінің және халықтың рухани-мәдени құндылықтарының қалыптасуына негіз болғандығын, сондай-ақ соңғы үш ғасырлық тарихы қазақ елімен ортақ, әрі көптеген этностардың дәстүрлі діні саналатын православиелік христиандықтың Қазақстан халқының өміріндегі рухани-мәдени маңызын айғақтайды. Сонымен қатар, бұл Заң Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады.
Қазіргі таңда мемлекет пен дін арасындағы үйлесімді байланыс, орнықты қарым-қатынас қоғамымызда татулық пен тыныштықтың сақталуына, рухани және мәдени тұрғыда дамуымызға, радикализмнен қорғануымызға өзіндік оң ықпалын тигізіп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Бұл өз кезегінде мемлекетіміздің халық талабы негізінде азаматтардың ар-ождан бостандығын қорғай отырып, Конституциямызға сәйкес зайырлылық қағидаттарының оңтайлы үлгісін ұсына білгенін ұқтырады. Әйткенмен, зайырлылық қағидаттарын ұстану барысында кейбір қоғамдық салаларда түсініспеушіліктер орын алып отырғанын жасыра алмаймыз. Мәселен, Қазақстан Республикасының 2011 жылы қабылдаған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда мемлекеттік органдар, қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдар, сот және құқық қорғау органдары, білім беру, денсаулық сақтау, жазалау мекемелерінде діни салт-жораларды іске асыруға және құлшылық орындарын ашуға жол берілмейтіндігіне кейбір діндар азаматтар түсініспеушілік рай танытты. Тегінде, бұл құқықтық нормалар азаматтардың діни бостандығын шектеуді көздемейді. Әрбір мемлекеттік органның міндетті атқаратын өз функциясы бар. Діни рәсімдер осы мемлекеттің міндетті қызметтердің жүзеге асуына кедергі келтірмеуі тиіс.
Қорытындылай келе, Қазақстан зайырлы мемлекет болғанымен оны халқының басым көпшілігі мұсылман болғанына байланысты ол ислам әлемнің бір бөлігі болып саналады. Қоғамдық сананың жаңғыруы үшін азаматтардың заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық қоғамдардың алдында тұр. Барша қазақстандық жаңғыру идеясының маңызын терең түсіне білуі тиіс. Жаңа жағдайда жаңғыру дегеніміз Қазақстан дамуының ең басты қағидаты ‒ зайырлылық негізінде ғана жүзеге асатындығын ұмытпағанымыз абзал.
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы теолог маманы А. Жәлел
Зайырлылық қағидатты танып білу заман талабы