Зайырлылық – атеизм де, дінсіздік те емес. Ерекше діндарлық деп айтсақ болады. Зайырлылық Құдайға емес, қоғамға тікелей бағытталған. Бұл ешқандай бір дүниетаным емес, ол – азаматтық ұстаным деп айтсақ болады. Білгілі бір сенім емес, бірнеше қағидалардың жиынтығы. Мемлекеттің кез келген дінге және метафизикалық құбылыстарға қатысты бейтараптылығы. Атап айтқанда, діни бірлестіктердің мемлекеттен тәуелсіз болғаны секілді, діни бірлестіктерге тәуелді болмауы, ар-ождан және дін бостандығы, зерттеу мен сынай алу еркіндігі, кез-келген ресми діннің, ресми философияның болмауы және соның салдарынан әр адамның өзі қалаған дінін қабылдауға немесе қабылдамауға байланысты заңдылықтарды қамтиды. Зайырлылықтың мәнін үш сөзбен айтуға да болады: бейтараптылық (мемлекет пен мектептер), тәуелсіздік (мемлекеттің діни бірлестіктерден және керісінше), бостандық (ар-ождан мен дін).
Қазіргі таңда мемлекеттегі зайырлылық пен діндарлықтың өзара байланысы туралы қызу пікірталас жүріп жатыр. Елімізде діннің мемлекеттен бөлінуінің түбі мемлекеттің атеизациясына, ал бұл өз кезегінде қоғамдағы мораль мен имандылықтың төмендеуіне алып келеді деген пікірлер жиі айтылып келеді. Қоғамдағы барлық салаларына діннің араластырылудың дұрыс-бұрыстық мәселесі де белсенді талқылануда.
Осы орайда дін мен діни сенім бостандығы барлық демократиялық жүйелерде кепілдендірілген және адам құқықтарының халықаралық декларациясында бекітілген маңызды құқық болып табылатындығын атап өту маңызды. Зайырлы даму жолын таңдаған мемлекеттерде дін мемлекеттен оқшауланған, алайда бұл оның қоғамнан бөлінгендігін білдірмейді. Ұлттық және діни мұра халықтың рухани мәдениеті мен ділінің ажырамас бөлігі болып саналады. Тарихи тәжірибе көрсеткендей, тек бір-бірін толықтыратын зайырлы және діни құндылықтар ғана бүгінгі қиын сұрақтарға толық жауап береді.
Ислам дінінде зайырлылық бөтен бір ұғым емес, өйткені исламның негізгі қайнар көздері – Құран мен Сүннетте зайырлылық қағидаларын да байқауға болады. Мысалы, Бақара сүресінің 201-аятында: «және олардан кім: «Раббымыз! Бізге дүниеде де жақсылық бер әрі ақыретте де жақсылық бер. Тозақ отының азабынан сақта!», – дейді» – делінген. Бұл аятта адам өзінің осы дүние де тірлік істеу керектігі баяндалған. Сондай-ақ осы сүренің 256-аятындағы «Дінде зорлық жоқ...» сөзі – зайырлылықтың маңызды негізі. Осы аятқа сәйкес, басқаларға діни сенімдерді күштеп таңуға тыйым салынады. Алланың адамды Өзіне сенуге мәжбүр еткісі келмейді. Олай болса адамдар өзгелерді дінге сенуге мәжбүрлемеуі тиіс.
Сондай-ақ, Қасас сүресінің 77-аятында: «Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де дүниедегі несібеңді де ұмытпа...» делінген. Бұл аятты Мәуеренахрлық муфассир Әбу Лайс әс-Самарқанди: «Бұл дүниедегі шаруаларыңызды қалдырмаңыз, өйткені ол сізге ақыретте қызмет етеді» – деп түсіндірген болатын.
Ханафи-Матуриди дәстүрі бойынша, теократиялық мемлекеттілік пайғамбардан кейін қолайсыз болып саналады. Атақты ғалым Тафтазанидің «Шарх әл-ақаид ән-Насафия» еңбегінде жазылған сахих хадистерде Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардан кейін халифаттың бар-жоғы 30 жыл жалғасатындығы, содан кейін патшалар мен әмірлердің билік етуі туралы айтылады. Халифа Әлидің өлімі 30 жыл бойы созылған әділ халифалар дәуірін аяқтаған болатын. Ғылыми ортада Мұғауия мен одан кейін елді басқарғандар халифа емес патша мен әмірлер болып есептеледі.
Қорытындылай келе, мұсылман әлемінде демократиялық құндылықтары бар азаматтық қоғамның қалыптасуы әрқашан біркелкі дамымаған. Өйткені дінаралық пен зайырлылықтың байланысы туралы мәселе әрдайым туындап отырған. Сонымен қатар, мұсылмандардың діни санасын радикалдандыру және саясиландыру әрекеттері бүгін де бәсеңсіп жатқан жоқ.
Зайырлылық дінді жоққа шығармайды. Дін адамгершілік пен рухани тәрбие саласында маңызды рөл атқарады. Алайда дінді саяси мақсатта өз мүдделері үшін пайдалану тек зайырлылық қағидаларына ғана емес, сонымен бірге Ислам дінінің заңдылықтарына да қайшы келеді.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
маманы Б. Ботақараев
Зайырлылық принципі және тәуелсіздік