Діннің қоғамды жақсылыққа үндеудегі, ізгілікке шақырудағы рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен қазіргі таңда біздің ұлттық салт-санамыз бен заңдарымызға кереғар келетін, үйлеспейтін діни көзқарастары өмірлік қағидалары мен өлшемдеріне айналған азаматтардың радикалды бағыттағы талғамсыз талап-тілектері ойландырмай қоймайды. Бұл жағдай мемлекет пен діннің қарым-қатынасын реттеуге, зайырлылық ұстанымдарын нақтылауға, оны терең ұғындыруға сергек қарауды талап етеді. Сондай-ақ діннің қоғам өміріндегі ықпалы барынша ескеріле отырып, мемлекеттің дін саласына қатысты ұстанымдарының басты ерекшеліктері қоғамдық санадан берік орын алуы қамтамасыз етілуі тиіс.
Халықаралық қоғамдастықта зайырлылық ұғымына қатысты түрлі түсінік бар. Бұл өз кезегінде мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастың ортақ сипатын танытатын нақты үлгінің жоқтығын білдірсе керек. Десек те, кейбір елдерде «зайырлылық діни мемлекеттің қарама-қарсы пішімі» деген мазмұндағы ұғым қалыптасқан. Осы орайда «зайырлы» атауын түсінуде, зайырлы елдің болмысын сөз еткенде біртекті пікірдің орнықпағаны аңғарылады.
«Зайырлылық» сөзінің мәні мемлекеттің діннен, діннің мемлекеттен бейтараптылығы және ар-ождан бостандығы. Зайырлылық сипаты ізгілік пен қажеттілік. Өркениетті елдер зайырлылық дәстүрін таңдауда. Зайырлылық азаматтарға дін мәселесінде еркіндік береді.
Зайырлы мемлекет – азаматтардың дін ұстану еркіндігі мен діни мекемелердің мемлекеттен бөлінуін білдіреді. Дін мемлекеттік саясаттан тыс. Қазақ елінде мемлекеттік деңгейдегі ресми дін жоқ. Конституция бойынша діни партия құруға жол берілмеген. Мемлекеттік органдар Конституция негізінде салалық заңдарды басшылыққа алып жұмыс істейді. Қазақстанның әр азаматы ұждан бостандығын пайдаланады. Дін ұстану немесе атеист болу – әркімнің өз еркінде.
Біреулер зайырлылықты мемлекеттің діннен бөлінгенін, соған сай мемлекеттік қызмет пен білім берудің діни нышандар мен мазмұннан еркін екенін алға тартады. Басқалары зайырлықты азаматтардың конституциялық құқықтарын, соның ішінде діни бостандықтарын қамтамасыз ету ретінде бағалайды. Мемлекеттің зайырлы сипатын түсіндірудегі осындай алуан түрлілік зайырлық ұғымының сырт қарағандағы анықтылығының түптеп келгенде соншалықты күрделі екенін аңғартады. Біз зайырлылықтың күрделі ұғым екенін ескере отырып, оны бірнеше аспектіде қарастыруға болатынын алға тартамыз. Бірінші дүниетанымдық тұрғыдан, зайырлылық діни дүниетанымнан өзгеше принциптер мен ұстанымдарға негізделетін көзқарастар жүйесі. Бұл тұрғыда зайырлы дүниетанымның қалыптасуында ғылыми білімдер жүйесі маңызды рөл атқаруы мүмкін. Алайда, ғылыми таным зайырлы дүниетанымның маңызды элементі болғанымен, оның мазмұнын толық қамтымайды. Екіншіден, зайырлылық ерекше құндылықтар жүйесі ретінде де қарастылуы мүмкін. Үшінші саяси-құқықтық тұрғыдан, зайырлық мемлекеттік басқару мен əлеуметтік қатынастарды реттеудің діни құқық нормаларынан ажыратылғанын білдіреді. Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылғанымен ғана емес, сонымен қатар атеистік дүниетанымның жəне басқа да бір дүниетанымның басымдылығын мойындамайтынымен де сипатталады.
Зайырлылық – мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екендігін танытады. Зайырлылық – қоғамның кез келген мүшесіне, оның діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни, бұл ұстаным – адамның ар-ожданының, моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік беретін, мемлекет азаматтарының арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз ететін бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесінің ең басты тетігі. Зайырлы елде мемлекет дінге араласпайды деген сөз, діннің иман (сенім), құлшылық, діни оқу және оқыту істеріне кедергі болмайды, сонымен қатар белгілі бір діннің жетегінде де кетпейді дегенге саяды. Себебі діндер көп, ал Құдай түсінігі бір. Адамдардың Құдай түсінігі ортақ болғанмен, олардың Құдай туралы сенімі, танымы, сезімі, құлшылығы, оның мына әлеммен қатынасы, яғни дүниетанымы, ақырет туралы сенімдері де әртүрлі. Сондықтан мемлекет өзінің азаматтарының діни сенімдеріне араласпайды, құрметтейді, бейтарап ұстанымда болады және зайырлы мемлекет діни басшылыққа, яғни діни биліктен тәуелсіз. Оның себебі, республикалық, демократиялық саясатта діни басшылыққа тәуелді болу, мемлекеттегі тұрақтылық пен тыныштықты баянды етудің кепілі бола алмайды. Дін көп болған соң, діни басшылар да көбейеді және бір діннің ішінде де көптеген ағымдар мен топтар барын естен шығармағанда жөн. Мәселен біздің мемлекетте заңды тіркелген 18 конфессия болса, 24 экстремистік және террористік деп танылған діни ұйымдар бар. Сондай-ақ тыйым салынбаған саясиланған деструктивті діни ағымдар да жетерлік. Аталған ұйымдардың әрқайсысының басшылық туралы діни тұжырымдары әртүрлі және қарама-қайшылыққа толы. Егер де аталған ағымдардың бірі билік басына келетін болса, тек бір діннің үстемдігін орнатуға тырысатыны сөзсіз дүние. Осы себепті мемлекет кез келген теологиялық діни нормалардан азат болады. Себебі теологиялық діни нормалар қанша көп болса, сонша құқықтық ұстанымдар мен оның қызметтік нормалары да қайшылыққа түскен болар еді. Сондықтан мемлекет азаматтарының тыныштық пен татулықта, келісім мен бейбітшілікте бақытты болуы үшін зайырлылық прициптерін ұстанады. Мұраты-азаматтарының ары, намысы-сенімі, жаны және мүлкінің қауіпсіздігіне, амандығына т.б. құқықтарына кепілдік беруді көздейді. Дегенмен кейбір діни фанаттық және фундаменталистік көзқарастағы азаматтар зайырлылықты атеистік мемлекетпен шатастырып жатады. Шын мәнінде, зайырлылық – атеистік мемлекет дегенді білдірмейді. Себебі зайырлылық идеология емес, танымдық, болмыстық ағым да емес, құқықтық ұстаным. Ол мемлекеттік билік пен дін билігінің ажыратылуы. Зайырлылық ұстанымы бойынша мемлекет осы дүниедегі, қоғамдағы осы әлемдегі нақты құқықтық қатынастарды реттейтін басқару ұстанымы болып табылады.
Түркістан облысы «Дін мәселелер зерттеу орталығы» КММ
теолог маман Б.Абдрахман
Зайырлылық және зайырлы мемлекет
