«Зайырлылық» түсінігінің ауқымы кең. Қазіргі заманғы зайырлылық ең алдымен гуманистік құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруды қамтиды. Зайырлылық діни дүниетаным мен құндылықтарды мойындамауды немесе олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын кемсітуді білдірмейді. Зайырлылық пен мемлекеттің зайырлы сипаты дінді теріске шығармайды.
Зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау. Ал зайырлы мемлекет осы көптүрліліктер арасындағы қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді.
Зайырлылық қазіргі әлемдегі көптеген елдердің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасып, әрекет етуінің басты қағидаттарының бірі болып саналады.
Ал бүгінде тәуелсіздігімізге ширек ғасыр өтсе де қоғамдық сананың әлі қалыптасып үлгермеуі, тіпті бастауыш сынып оқушыларына орамал тағып қоғамды «ушықтыра» түсу кімге тиімді? Әр қоғамның даму заңдылығы – азаматтар санасының да жаңғыруымен байланысты. Бұл білім мен тарихтан тағылым алған тәжірибе арқылы жүзеге аспақ. Ендеше әуелі «зайырлылық дегеніміз не?» дегенге жауап іздесек.
«Зайырлы» сөзінің түбірі араб тіліндегі «заһирун» сөзімен байланысты, яғни «анық, айқын, ашық, сыртқы» деген мағына. Дегенмен қоғамда «зайырлылық» сөзін батыс елдерінен келген «лаицизм», «секуляризм», «светскость» терминдерінің баламасы ретінде қабылдау басым. Солардың арасында «лаицизм» сөзі жиі аталып, ол мемлекет пен діннің қарым қатынасын реттейтін ұстаным деп отандық ғалымдар анықтама берген.
Бүгінде әлемге жаһандану ықпалы күшейген сайын адам құқығы, адамзаттық ортақ құндылықтар мәселесі өзектілігін арттыра түсті. Жаһанданудың екінші кезеңіне түрткі болған әлемдегі алып империя Кеңес Одағының күйреуі құрамындағы елдердің атеизмнен бас тартып, өз сара жолын таңдауымен жалғасты. Этникалық ұстанымы ислам дінімен байланысты болса да еліміз алғашқы қадамын зайырлылық арқылы адам құндылығы, азаматтық құқық мәселелерін негізге алғаны белгілі. Сондықтан ел азаматтары жаңа бағыттың мәнін сіңіре алмай жатқан кезеңде, зайырлылықтың түп-тамырын бағдарлап қойған шетелдік түрлі діни ағымдар өз мақсаттарына кірісіп үлгерген. Дін мемлекеттен бөлек деп азаматтардың сенім-наным бостандығына еркіндік берілгенімен, оны жат діни ағымдардың өз пиғылдарына пайдаланып кетуі күшейе түсті. Ширек ғасыр зайырлылықтың Қазақстанға тән өз бағыты болу керектігін дәлелдеп үлгерді. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы жартысында ата дінімізге, салт-санамызға жат миссионерлер жайлы дабыл қақсақ, соңғы кезеңде олар ислам дінін жамылған жат ағымдардың ылаңының көлеңкесінде «назардан тыс». Бұған ислам діні төңірегінде түрлі руханиятқа қайшы пікірлердің қатар көтерілуі жиілеген әлемдік тенденция өз әсерін тигізгені рас.
Бүгінде зайырлылықты атеизммен астастырып, не болмаса ислам дініне қарсы құрылым деп шатасып жүргендер аз емес. Ал ислам діні тарихынан хабары бар адам Пайғамбардың әр қадам-шешімі зайырлылыққа негізделгенін бағалар еді. 622 жылы қабылданған «Мәдина конституциясында» бірнеше дін өкілдерінің бір мемлекетте қатар өмір сүріп, өзара құқықтық мәміле орнатып, Мәдина қаласының ішкі-сыртқы мәселелерін реттеуде ортақ міндеттер жүктеуге қол жеткізілген. Алғаш рет дінаралық диалогтың негіздемесі қалыптасқан бұл декларацияның ислам мемлекеттігінің пайда болуы мен қалыптасуында құқықтық рөлі ерекше.
Ислам шынайы өмірмен санасып отыратын дін. Тарихқа үңілсекте, ислам діні жеткен жерлердің халқы өз құндылықтарын ислам ұстанымдарымен сабақтастырған. Өкінішке орай, бүгінгі күні жат ағымның ықпалында жүріп, исламды дұрыс түсіне алмай, халқымыздың мәдениеті мен дәстүріне сескене қарайтын азаматтардың қатары күн санап өсуде. Ислам діні әрбір ұлттың болмысын Жаратушының әміріне қарсы болмайтын ерекшеліктерін оң қабылдап, толықтырады.
Қорытындылай келе, әр ұлттың өз ерекшелігі мен ұстанымы, ұлты мен нәсіліне қарай өзіндік қалыптасқан мәдениеті мен салт-дәстүрі болады. Бізде өз заманымызда шет елдерден келетін өзге мәдениет көріністеріне ақыл парасат тұрғысына қарау арқылы өз ұстанымызға тиімді үйлесетін жерлерін ғана алуымыз керек. Бабаларымыздың даналық қағидасынан жеткен «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген нақыл сөзін жадымыздан шығармағанымыз жөн.
Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті,
дінтану мамандығының 4 курс студенті Ибадулла Ысқақ
Зайырлылық исламнан