Зайырлылық ел дамуының негізі
Зайырлылық ел дамуының негізі
06.04.2022
801
0

         Зайырлылық ұғымы дінге шектеу қою емес, діннің қанат жайып, дамуына мүмкіндік беретін саяси-әлеуметтік құрал. Зайырлылық араб тіліндегі «сыртқы» деген мағынаға саятын «заһир» сөзінің түбрінен шығады. Ал қазақ тілінің лингвистикалық түсіндірме сөздігінде «зайыр» сөзі «анық» және «айқын» деген мағыналарымен айқындалады. Зайырлылық пен руханият бір-біріне қайшы келмейді.

         Мемлекет пен зайырлылық дін саласындағы байланысты, қатынасты анықтайтын ұстаным. Зайырлылық – мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуі, мемлекеттің әлеуметтік, саяси және құқықтық негізгі жүйесінің аз да болса діни қағидаларға сүйенбеуін білдіреді. Зайырлылық тікелей дінге емес, адамның құқықтық мүмкіндіктеріне кепілдік беретін демокротияның бір көрінісі. Қарапайым тілде айтқанда, кез-келген дінге, діни құбылыстарға бейтарап қарауында, әрине еліміздің бірлігіне, конституциялық құрылымына қайшы келмейтін тұстары болса.

         Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бос­тандықтары» делінген. Бұдан байқайтынымыз  азаматтарымыздың өзі қалаған дінді ұстануы, оның конституциялық құқығы болып табылатынын түсінеміз. Алайда, дінді ұстанушы тұлғалардың, сондай-ақ діни бірлестіктердің және діни топтардың іс-әрекеттері мемлекет заңдарына, саясатына, мүддесіне қайшы келмеуі тиіс. Егер діни бірлестіктер ел тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, кері әсерін тигізетін болса, онда олардың қызметі заң аясында тоқтатылады. Мұндай тыйым салулар Қазақстан тәжірибесінде аз кездескен жоқ. Мәселен, Қазақстанда бірқатар террористік, экстремистік, оккульттік-мистикалық деп танылған 24 діни ұйымның қызметіне тыйым салынған.

         Зайырлылық ұғымы дін саласында барынша ашықтықты, анық саясат ұстанатынын көрсетеді. Қазақстан Республикасы – өзін зайырлы мемлекет деп жариялаған. Көпұлтты, көпдінді мемлекет болғандықтан діннің, пікірдің, көзқарастың алуан түрі болатындығы сөзсіз. Әрине, әлемде 3000-нан аса ұлт болса, соның 130-дан астамы Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп, тіршілік кешіп жатыр. Міне, осыншама ұлт пен ұлыстың тілін тауып, діндеріне ерік беріп, бірлік пен ынтымақта өмір сұру көп мемлекеттердің қолынан келе бермейтін іс.

         Қоғам арасында қалыптасқан келеңсіз стреотиптерді жоюмыз қажет. Яғни зайырлылық ұғымын дінсіздік немесе атейстік көзқарас, адам мен дін арасындағы байланыстың үзілуі деген секілді құблыстар көптеп кездесіп жатады. Зайырлылық дінді терістеу емес, қайта дінді азаматтар арасында демократиялық жолпен қалыптастыру. Зайырлылық ұстанымы ешқандай дінге бөгет жасамайды, тек мемлекеттің дін саласына араласпауы және белгілі діни ұстанымға басымдық бермейтініне кепілдік беруі.   

         Зайырлылық қағидатына сәйкес, дін мен мемлекет бөлек дегенімізбен дінді қоғамнан, адамнан, жадтан бөліп алып немесе қарсы процесс ретінде қарастыра алмаймыз. Қандай заман болмасын адам жүрегінде, рухани ұстанымында, белгілі бір тылсым күштің бар екенін сезетін тетік бар.  Мысалы ретінде сонау 70 жылдан астам уақыт үстемдігін жүргізіген, қылышынан қан аққан, сөздері мен көзқарасынан жас тамған Кеңестік саяси-діни идеологиясын айтсақ болады. Ата-бабаларымыз аға-апаларымыз сол заманда өмір сүрген үлкен кісілер діни жоралғыларын еркін орындауына тыйым салынып, үйде жасырылған қасиетті Құран Кәрім, намаз құлшылығын орындағанда аса бір сақтықпен қарап, тіпті, Құдайдың бар екенін айтуға болмайтын заман болды.  Дәл осы уақытта саяси идеология дінсіз болса да, қоғам, халық, адам, рухани жады дінен ажыраған жоқ.

         Жоғарыда көрсетілген мысал мен қазіргі еліміздегі зайырлылық қағидаттарын бір-бірімен байланыстыру, теңестіру, ұқсастыру мүмкін емес. Ел азаматтары қандай дінді ұстанғысы келсе де, ғибадатханаларға барғысы келсе де өзінің қалауында. Қазіргі қоғамда ешқандай бір дінге қарсылық танытып, діни бостандықтарына шектеу қойып, адамның жеке құлшылық амалдарына араласып жатқан жоқ. Сондықтан да бүгінгі күні зайырлылық принциптері ел дамуының негізгі тетігі болып табылады.    

         Қорытындылай келе, еліміздің даму жолында зайырлылықтың алатын орны орасан зор. Зайырлылық қағидаттары мемлекеттің баяндылығына, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына қызмет ететін, еліміздің азаматтарының құқықтарын қорғайтын, діни бостандығына кепілдік беретін, заман талабына сәйкес жүйеленген – саяси институт.

 

 «Әдістемелік қамтамасыз ету»

бөлімі басшысы м.у.а.      А.Тағай

0 пікір