Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. «Зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діннің мемлекет саясатына араласпайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз» деп атап көрсетті
«Зайырлылық» сөзінің мәні мемлекеттің діннен, діннің мемлекеттен бейтараптылығы және ар-ождан бостандығы. Зайырлылық сипаты – ізгілік пен қажеттілік. Өркениетті елдер зайырлылық дәстүрін таңдауда. Зайырлылық азаматтарға дін мәселесінде еркіндік береді.
Зайырлы мемлекет – азаматтардың дін ұстану еркіндігі мен діни мекемелердің мемлекеттен бөлінуін білдіреді. Дін мемлекеттік саясаттан тыс. Қазақ елінде мемлекеттік деңгейдегі ресми дін жоқ. Конституция бойынша діни партия құруға жол берілмеген. Мемлекеттік органдар Конституция негізінде салалық заңдарды басшылыққа алып жұмыс істейді. Қазақстанның әр азаматы ұждан бостандығын пайдаланады.
Қазіргі Қазақстандағы діннің жағдайы авторитарлық, тоталитарлық және теократиялық басқару жүйесі бар мемлекеттердің түбірінен өзгеше. Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім көпұлтты, көп тілді және көпконфессиялы Қазақстан үшін күрделі мәселе.
Жалпы зайырлылық тарихына қысқаша тоқтала кететін болсақ, зайырлылықтың отаны Франция болып саналады. Дегенмен діннің мемлекеттен бөлінуі Ежелгі Антикада байқалған. Жалпы батыста зайырлылық ұғымы екі бағытта дамыды:
Түркиялық ғалым, доктор Дурмуш Ходжаоғлу: «Зайырлылық – батыс дүниесінің ұзақ қалыптасып, баяу орныққан тарихи және мәдени төлі», – дейді. Сонымен қатар зайырлылық – Түркияға Француз мәдениетімен, оның ішінде латын-католик тамырынан нәр алған, қатал түрінен кіргендігін айтады. Әрі секуляризмге қарағанда зайырлылық термині дінге қарсы қатал позиция ұстанып, атеизмге барынша жақындағандығын да атап өткен.
Дін мен мемлекет арасындағы зайырлылық ұстанымының аясы мен қызметтері, тарихи, болмыстық қатынасы, қолдану тетіктері ғылыми теориялық, практикалық жағынан көрініс табуы үшін Қазақстанның ешкімді қайталамайтын өзіндік зайырлылық концепциясы, діни білім беру жүйесі жаңғыртылып қайта қалыптастырылуы табиғи шарт.
Ислам шариғаты аясында да зайырлылыққа тән құндылықтар көрініс тапқаны мәлім. Оның ең маңыздысы – діни сенім бостандығы қағидасы. Ислам ілімін ең кемел, ең ақиқат сенім деп білу, өзге дінді ұстанушыларға шек қоймайды, зәбір көрсетпейді, қамқорлықсыз қалдырмайды. «Дінде зорлық жоқ» деген қағида Құран аяттарынан бастау алып, Мұхаммед пайғамбардың өнегесіне негізделіп, өзге дін өкілдеріне деген құрметке, исламның рухани-адамгершілік ұстанымдарына негіз болған. Дінаралық қатынас қағидаттарын, діни сенім мен ар-ождан бостандығын бекіткен алғашқы құжаттар «Мәдина келісімінде» көрініс тауып, өзге дін өкілдеріне қамқорлық жасаудан, мал-мүлкіне қол сұқпаудан, мұсылман мемлекетіндегі қоғам мүшелері болып табылатын өзге дін өкілдерімен бейбіт, тең көршілік қатынаста болу үлгісінен көрінді.
Қ. А. Ясауидің: «Сүннет екен, кәпір де болса, берме азар» деген ұстанымы қоғамдағы рухани тепе-теңдік пен келісімді сақтауға бағытталған. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абайдың діннің өзегін Хаққа махаббаттан, мейірімнен іздеуі бүгінде өзектілігін жоймаған ақиқат.
Бұл дәстүрді жаңғырту егемен еліміздің баяндылығы үшін жасалуы тиіс: саясиланған діннен сақтану үшін, дінді саясаттың құралына айналдырудан аулақ болу үшін қажет. Бірақ, діннің негізгі мәніне де, маңызына да баса назар аудара отырып, оны қоғамдағы жаңа заман талаптарына сай орынды пайдалана білуге ұмтылыс және оның дәстүрі қазақ қоғамында бұрында да бар еді. Мәселен, Алаш қозғалысының ірі реформаторы Б.Сыртанов 1911 жылы «Қазақ елі» уставын жазып шықты. Онда «Адам баласының құқы турасында» деп аталатын ІІ тарауының 10 бабында: «Қазақ елінде адам баласының бәрі тең құқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап, адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм Құдай алдында жауап береді» деп жазды.
«Алаш» партиясының 1917 жылғы бағдарламасының IV тарауында: «Дін ісі мемлекет ісінен айырылуы болуы. Дін біткенге тең құқық. Дін жаюға ерік. Кіру-шығу жағына бостандық. Муфтилік қазақта өз алдына болуы. Неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты істер моллада болуы, жесір дауы сотта қаралуы» деген құқықтық норма көрсетілді. Бағдарламадағы «Дін ісі мемлекет ісінен айырылуы болуы» деген норма зайырлылықтың негізгі ұстанымы екендігі белгілі.
Зайырлылық ұстанымын негізге алмайтын мемлекеттерде діни фанатизм немесе саяси лаңкестіктің билікке үстемдік ету мүмкіндігі жоғарылайды. Діни фанатизм – надан діндардың өз діни ақидаларын абсолюттік ақиқат ретінде қабылдатып, басқа діни танымдағылардың жолына «ширк» ретінде үкім шығарып, саяси билікті өз ықпалына алып, Алланың атынан сөйлеуге бейімделеді. Сондықтан дін еркіндігін діни және саяси фанатизмге қарсы қорғанудың бірден бір жолы зайырлылық ұстанымы және оның көпқырлы функциялары болу керек «Біз бұқара санасындағы діншілдіктің артуына әзір болуымыз керек, онда тұрған қатерлі ештеңе жоқ. Жалпы дін өздігінен өнегелі ақиқаттан бөтен ештеңе үйретпейді. Жалғыз-ақ, бізге қауіп төндіретіні: діни біліміміздің деңгейі онша жоғары болмай отырғаны» деп атап көрсетті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезінде сөйлеген сөзінде.
Сондықтан «дін мемлекеттен бөлінгендігі» биліктің дінге бейтарап қарауы емес, зайырлылықтың бұл ұстанымына сай – дін саясатқа құрал болмауы үшін мемлекеттік билік пен діни биліктің ажыратылуы. Біздің елімізге лайықты зайырлылық концепциясы қазақ халқының жүріп өткен тарихымен тығыз байланысты болуға тиісті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген өзекті мәселелер әлемдегі жаңа тарихи кезеңнің дүбірлі үдерістеріне көш түзеп, біртұтас ұлт ретінде қадам басуымызға бағыт сілтеген. Санадағы таптаурындардан арылу, жаһанданудың дауылына төтеп бере отырып, жаңғырудың жағымды жақтарын қолдана білу.
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелер зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы Б.Кашкинбаев