Қазақстан әлемге зайырлы мемлекет ретінде танылды. Елімізде әр түрлі дін өкілдері өзара бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Біздің басты мақсатымыз – жастарымыздың деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсуіне жол бермеу. Сондықтан, оларға мұны түсіндіріп, дұрыс бағдар көрсетуіміз керек.
«Зайырлылық» ұғымының ауқымы кең. Зайырлылық аясына гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін пайдалануы кіреді. Яғни зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы көптүрлілікті мойындау.
Қазір біздің қоғамда зайырлылықты атеизм ретінде танытып, мемлекетке, оның конституциялық құрылымына қарсы наразылық көрсеткісі келетіндер кездеседі. Себебі, зайырлылықты дінге (исламға) жат, не оған қарсы құбылыс ретінде таниды. Бірақ зайырлылық – дін де, идеология да, идея да емес, ол – ұстаным. Сондықтан «Ол қандай ұстаным, негізгі қызметі қандай, қоғам тұрақтылығына пайдасы қаншалықты?» деген сұрақтардың нақты жауабын біліп алған дұрыс.
Атеизм мен зайырлылықты теңестіруге болмайды. Қазақстан Республикасының Конституциясы діни сенім бостандығына кепілдік береді. Ел президенті «зайырлылық атеистік дегенді білдірмейді» деп анық айтты.
Әлемдік тәжірибеде зайырлылық діннен бас тарту деп танылмайды. Мысалы, АҚШ – зайырлы мемлекет болғанымен, шенеуніктері, әскери қызметкерлері, куәгерлер Библиямен ант етеді. Ұлыбритания басшысы – королева Англикандық протестанттық шіркеу басы болып табылады. Германияда шіркеу салығын мемлекеттік салық қызметі жинайды. Байқағанымыздай, зайырлылық дінді қоғам өмірінен шығарып тастамайды.
Зайырлылық – сенімге, дінге, идеологияларға қатысы жоқ ұстаным. Сондықтан Қазақстан – зайырлы ел, құрушысы – қазақ халқы, ал қазақ халқының мәдениетінде ислам діні жатыр.
Зайырлылық ұстанымы – қазақ елінің мемлекеттілігінің баяндылығының кепілі. Мемлекет қанша жерден діни, ұлттық, саяси жүйелерді құруға тыйым салғанымен, өзінің мәдениеті және өркениеттік негізінен ажырай алмайды. Сондықтан тарихи сана тұрғысынан мемлекет өзінің құрушы мәдениетінің барлық қабаттарын қорғауға, сақтауға, дамытуға мүдделі. Мұны Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан да көруге болады.
Қазір дін жаһандық саясаттың құралы болып кетті. Таяу Шығыста оның нақты көрінісі адамзаттың тарихында болмаған сахналармен көрініс беріп жатыр. Артында дінді қолданған саяси қабаттар бар. Сәлафизм сияқты радикалды ойдың жетегінде кетіп, тарихын да, ұлттық құндылықтарын да, елін де, жерін де тәрк етіп жатқан жастар бар. Сондықтан зайырлылық – осы мәселеге тұтастай қарауға мүмкіндік беретін тетік.
Дін – жүректің мәселесі. Яғни, тікелей адам мен Алла арасындағы сыр. Соңғы кезде жастарымызды жат діни ағымдар өз қатарына қысыммен, зорлықпен қаратуда. Бұл да исламға қайшы ұстаным. Ал исламның мәнінде зорлық жоқ. Құрандағы «Ла икраха фид дин» («Дінде зорлық жоқ») ұстанымы осының айғағы. Олай болмаған жағдайда дін саясат құралына айналып, адам еркі тапталады. Міне, осы құбылысты шектеп отыратын да зайырлылық ұстанымы. Құдайдың ақыреттегі үкіміне осы дүниеде араласып, бір-біріне күпірлікпен пәтуа беруді тоқтататын қадағалаушы күш осы зайырлылық ұстанымы екендігіне дау жоқ.
Ең бастысы, зайырлылықтың идеологиялық негізі жоқ, зайырлылық – дүниетанымдық бейтараптық пен басқару формасы. Егер де зайырлылықты дінге қыспақ жасау деп түсінсек, әлбетте зайырлылық пен руханият арасындағы байланысты түсінуде қиындықтар пайда болады.
Бір сөзбен айтқанда, мұсылманның қоғамдық келісімді сақтап, адамдар арасында бейбіт өмір сүруіне исламда қайшылық жоқ. Осылайша, Конституция діни сенім бостандығына кепілдік береді. Сонымен қатар, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР 2011 жылғы Заңы бойынша ханафи мазхабы Қазақстанда дәстүрлі ислам діни ұстанымы ретінде танылады.
Зайырлы, дін ұстанушы азаматтың бейнесі – ол ең алдымен заңға бағынған, өз халқының салт-дәстүріне құрмет көрсететін және діни радикалды деструктивті идеологияны қолдамайтын азамат адамдардың ақылмен шешім қабылдамай, олар арасында агрессия, төзімсіздік, қақтығысты тудыру – бұл, исламның таралуына тосқауыл қойып, адамдарды нәпсісіне ергізу арқылы басқаруды көздегендердің мақсаты.
«Ақпараттық түсіндіру-жұмыстарын
ұйымдастыру және үйлестіру»
бөлімінің маманы Бердуәлі Өтеген