Дін – қоғамның ең қажетті саласы. Дінді күнделікті өмірден бөліп қарау мүмкін емес. Себебі дін – имандылықтың кепілі.
Қазақстан – көп ұлтты сондай-ақ зайырлы мемлекет. Бүгінде қазақ жерінде 130-ға жуық ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Қазақстан Республикасы – әрбiр адамның наным-сенім бостандығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет. Ел азаматтары діни сеніміне қарамастан, тең құқылы. Олар Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін дiндердiң мәдени және тарихи құндылығы мен конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiк пен азаматтардың дiни нанымдарын құрметтейді. Конституциялық негіздегі «зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дін саласында ашық әрі айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Яғни зайырлылықты атеизм, дінсіздік немесе дінді терістеушілік деп емес, мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы деп түсіну қажет. Демек, зайырлы мемлекет діни сенім бостандығын құқықтық қамтамасыз етілетіндігімен құнды.
Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 3-бабының 5-тармағында «Азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді» деп атап көрсетілген. Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарастарына тәуелсіз экономикалық, саяси, әлеуметтiк және мәдени өмiрдiң барлық салаларында өзара тең. Азаматтарды дiнге көзқарасына шектеу немесе ұстанатын дініне қарай қандай да бiр артықшылықтар беру, азаматтардың діни сезiмдерiн жәбiрлеу, сондай-ақ дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке тартылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарасына қарамастан заң алдында бiрдей жауапты. Заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, ешкiмнiң де өз діни сенiмдерiн себеп етiп азаматтық мiндеттерiн атқарудан бас тартуға қақысы жоқ.
Еліміз конфессияаралық және конфессияаралық әртүрлілік бар әлемдегі санаулы елдердің бірі. Еліміздің дінаралық келісім мен үнқатысудағы құнды тәжірибесі әлем назарын өзіне аударып отыр. Олардың барлығын ортақ мүдделер мен келісімді нығайта түсетін мақсаттар біріктіреді. Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Бірінші жағдай діни фанатизмді туындатса, екінші жағдайда құқықтық нигилизм өріс алады. Зайырлылық ұғымы өзара ынтымақтастық пен түсіністікке, ал зайырлы мемлекет ұғымы заңдылық пен құқыққа негізделгенде ғана мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғыры қаланады.
Бүгінде қоғамдық-саяси өмірдегі діннің асыл рөлі артып келеді. Діни бірлестіктердің саны үнемі өсу үстінде. Дегенмен де, ел ішінде біздің өмірімізді сынап қоғамды оның ішінде жастарды адастыруға тырысатын кереғар діни ағымдар бар екендігі жасырын емес.
Мемлекеттің Ата Заңымен бекітілген зайырлылық сипаты – оның іргетасы, мемлекеттің ерекше тұсы болып табылады. Зайырлылық қағидасы –азаматтардың дүниетанымында, көзқарасы мен діни ұстанымында, күнделікті өмірінде ерекше орын алатын құбылыс. Ең бастысы еліміздегі конфессияаралық және этносаралық толеранттылық – ата-бабаларымыз салып кеткен жол. Себебі пейілі кең, жаны жомарт қазақ халқы көшпелі өмір салтын ұстанған ежелгі кезеңде де басқа халықтармен достық қарым-қатынас жасап, ауыр табиғи жағдайда өмір сүргеніне қарамастан, өз қандастарына ғана емес, басқа да өзге ұлттар мен ұлыстарға қонақжайлылық пейіл танытты. Бұл ата-бабамыздың діннің бойына сіңірген асыл құндылықтары, сонымен қатар діни тәрбиені атадан балаға мұра етіп қалдырған ең ізгі асыл мұрасы. Күні бүгінге дейін жалғасын тауып жатқан бұл тәрбие, дәстүрлі діни ұстаным келбеті. Еліміздегі діни ахуалдың жақсара түсуіне, зайырлы қоғамды қалаған ел азаматтарының әрқашан татулық пен достықты дәріптеп, ата-бабаларымыздың дәстүрін жалғастыратынына, оны келешек ұрпаққа аманаттайтынына сеніміміз мол.
Еліміздегі діни ұстаным қоғамның бойына зайырлылық пен зиялылықты, имандылық пен салауаттылықты, ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеп, оларды этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды құрметтеу мәдениетіне, дүниетанымдылық пен төзімділікке және этикалық әдетпілікке қалыптастырады.
Маржан Құрманбек
Теолог маман
Зайырлы мемлекеттегі діннің алатын орны