Зайырлы мемлекеттегі дін бостандығы
Зайырлы мемлекеттегі дін бостандығы
17.01.2024
811
0

Қазіргі посткеңестік елдердегі маңызды мәселелердің бірі – мемлекет және дін қатынасы. Өткен ғасырдың 90-жылдары өз тәуелсіздігін жариялаған ТМД мемлекеттерінің барлығы негізгі Заң – Конституцияларында мемлекеттің зайырлы сипатын бекітті. Қазіргі ТМД елдері – зайырлы мемлекеттері дін қатынастарына осы елдердің тарихы мен дәстүрі, әлеуметтік-саяси ахуалы ықпал етеді. Сонымен қатар осы елдердің жетпіс жылға жуық бір мемлекет құрамында, коммунистік идеология құрсауында болуы мемлекет пен дін қатынасында өз қолтаңбасын қалдырды.

Тәуелсіздігін жариялаған алғашқы сәттеріннен бастап еліміз адам құқықтарының, соның ішінде ар-ождан және діни наным-сенім бостандығы құқының мызғымастығын заңнамалық тұрғыдан кепілдендірді.Бұл Қазақстан Республикасының Конституциясында көрініс тапты. Елімізде дін саласына қатысты қабылданған заңдар мен ресми құжаттар діни қатынастарды жетілдіруге және осы саладағы келеңсіз құбылыстардың алдын алуға бағытталады.

     1992 жылы қабылданған «Діни наным-сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңы, азаматтардың діни наным-сенім және ар – ождан бостандығын бекітуге бағытталса. Ал 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы, діни қатынастарды реттеуге, жүйелеуге бағытталды. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сай дін мемлекеттен ажыратылғанымен, қоғамның рухани өмірінде үлкен орын алады. ҚР Конституциясында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше мән беріледі.

ҚР Конституциясы мен «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңы» тәуелсіз мемлекет пен дін арақатынасын реттейтін құқықтық негізді айқындады.Бұл қатынастар төмендегідей іргелі принциптерге сүйенеді:

а)дінге қатынасына қарамастан барлық азаматтардың тең құқықтылығы;

б) діни және зайырлы бірлестіктердің мемлекеттен ажыратылғандығы;

в) мемлекеттік білім беру жүйесінің зайырлы сипаты;

г) діни бірлестіктердің заң алдындағы теңдігі;

д) наным-сенім бостандығын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін арнайы заңдардың болуы және оларды бұзған жағдайда жауапкершілікке тартудың қарастырылуы.

ҚР азаматтарының ой еркіндігі мен дінді ұстану құқығы ҚР-ның Конституциясына, Азаматтық кодекске, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға, басқа да заң актілеріне және Қазақстан Республикасы мойындаған адам құқықтары мен бостандықтары туралы халықаралық актілерге негізделеді.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер» заңның 3-бабында: «Азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді.

Қазақстан Республикасының азаматтары Конституцияға және осы Заңға сәйкес жеке өзi, сол сияқты өзгелермен бірлесіп, діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға және таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы».

Аталған заңның үшінші бабына сай діни бірлестіктер мемлекеттен ажыратылған. Барлық діндер мен діни бірлестіктер заң алдында тең. Ешқандай дін мен діни бірлестіктердің бір-бірінен артықшылықтары жоқ. Ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді.

Діни бірлестіктер мемлекеттік функцияларды атқармайды және мемлекет егер заңға қарсы келмесе діни бірлестіктердің әрекетіне араласпайды.

Діни бірлестіктер мемлекеттік билік пен басқару органдарын сайлауға қатыспайды. Конституцияда көрініс тапқан діни негізде саяси партиялар құруға тиым салу қағидасын одан әрі дамыта Заң діни бірлестіктерге саяси партиялардың әрекетіне қатысуға және оларды қаржыландыруға тиым салады. Діни бірлестік қызметкерлері саяси өмірге тек өз атынан барлық азаматтармен қатар қатыса алады. Республикамызда діннің саясатқа араласуына тиым салынғанымен, дін қызметкерлерінің барлық саяси азаматтық құқықтар қорғалған.

Діни бірлестіктер заң мен құқықтық тәртіп талаптарын сақтауы тиіс. Мемлекет дінді ұстанатын және оны ұстанбайтын, сондай-ақ әр түрлі діни бірлестіктер арасында өзара төзімділік пен сыйластық қатынас орнатуға ықпал етеді. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес тіркеуден өтпеген діни бірлестіктердің әрекет етуіне жол берілмейді.

Мақсаты мен іс-қимылы мемлекетте бір діннің үстемдігін орнатуға бағытталған, діни алауыздық пен дұшпандықты қоздыруға, соның ішінде, күш көрсетумен немесе күш көрсетуге үндеумен байланысты діни бірлестіктер құруға тиым салынады.

Діни экстремизмге үндеуге, сондай-ақ конфессия аралық айырмашылықтарды саяси мақсаттарға пайдалануға бағытталған іс-қимылдарды іске асыруға тиым салынады. Елімізде эстремизмнің алдын алу мақсатында «Экстремизмге қарсы күрес туралы заң қабылданды». Бұл заң ұлттық, этникалық, діни араздық пен төзімсіздік қаупін тудыратын әрекеттерге тосқауыл қояды.

Аталған заңның үшінші бабының төртінші пунктіне сәйкес республикамыздағы мемлекеттік білім беру мен тәрбие жүйесі діннен ажыратылған және зайырлы сипатта. 

Ата-аналар немесе оларды алмастыратын тұлғалар өз балаларын өз сенімдеріне сай тәрбиелеуге құқықты, бірақ балаларды дінге мәжбүрлеуге жол берілмейді. Балаға діни тәрбие беру оның тәндік және психикалық денсаулығына, сондай-ақ адамгершілік дамуына нұқсан келтірмеуі керек. Сондай-ақ, «ешкімнің де өз діни нанымдарын себеп етіп, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ».

 Мемлекеттік конфессионалдық қатынастың аталған еуропалық үлгісі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңында» ескерілген. Заңның кіріспесінде «Қазақстан Республикасы азаматтарының дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, халықтың мәдениеті мен діни өмірін дамытуда ханафи бағытындағы ислам және православтық христиан діндерінің тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының діни мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады» деп атап көрсетілген.  

Қорыта келе мемлекеттегі әрбір азамат өзінің дәстүрлі дінін құрметтеп, салт-дәстүрі мен тарихын мәдениетін қалыптастырып, болашақ ұрпаққа өнеге ете алады. Өйткені бұл нәрсеге Ата Заңымызда барлық мүмкіндік берілген.

 

Жангелді Битанов   

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Сайрам ауданындағы дінтанушы маманы               

 

0 пікір