Зайырлы мемлекетте өмір сүрудың артықшылығы
Зайырлы мемлекетте өмір сүрудың артықшылығы
07.12.2023
752
0

Қазақстан – дінді басты бағдар етіп ұстанатын теократиялық мемлекет емес, зайырлы мемлекет. Бұл бағытты таңдаудағы негізгі себептердің бірі – еліміздің көп ұлтты, көп конфессиялылығы. Көп конфессиялы мемлекетте ел бірлігін, халықтың тұтастығын сақтау үшін зайырлылық қағидаттарына зәруміз. Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес  «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» делінген.

Зайырлылық ұғымы мемлекеттің барлық саласында, соның ішінде дін саласында ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді.

Дін дегеніміз – тек сенім жүйесі емес, өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі.

Зайырлылық – бұл дүниеге көзқарастың түрі емес, болғаны азаматтық ұстаным. Жалпы айтқанда зайырлылық дегеніміз мемлекеттің және мемлекеттік институттардың қандайда бір дінге не діни конфессияға басымдық берместен бейтарап позицияда тұруы. Сонымен қатар діни сенім бостандығының болуы мен мемлекеттің ресми ұстанатын дінінің болмауы, нәтижеде елдің әрбір азаматы қалаған діни бағытты таңдауына және ұстануына еркі болады.

Қысқаша зайырлылықты үш сөзбен айтуға болады:

1) Мемлекеттің бейтараптығы

2) Дін мен мемлекеттің бөлінуі

3) Діни сенім бостандығының болуы.

Жалпы әлемдік тәжірибеден біз зайырлылықтың үш түрлі үлгісін көреміз: Біріншісі зайырлылықтың атеистік сипаттағы түрі. Бұған кешегі Кеңес кезеңін мысал етуге болады. Екіншісі зайырлылықтың дінге еркіндік бере отырып, құқықтық қоғам қалыптастыруды көздейтін түрі. Бұл діни конфессиялардың мемлекеттен бөлінгендігін және заңнамада қандайда бір дінге немесе конфессияға ерекше құқық берілмейтінін білдіреді. Үшіншісі зайырлылықтың таңдамалы негіздегі үлгісі. Мұнда қоғам үшін ерекше құнды болып есептелетін, конституциялық деңгейде анықталатын діни басымдықтарды басты тірек етеді.

Зайырлы жүйенің ең бірінші және даусыз артықшылығы – дін бостандығы. Адам кез келген ресми тіркелген діни бірлестіктерге кіру арқылы өз дінін таңдай алады және қажетті рәсімдерді сақтай отырып, оны байсалды түрде қолдана алады.

Егер заңнамаға қайшы келмесе, мемлекет діни қызметке араласпайды. Оның үстіне заң адамдарға белгілі бір дінді таңуға емес, таңдау мүмкіндігін беруге бағытталған. Әрине, бұл Қазақстанда тыйым салынған радикалды қозғалыстарға қатысты емес. Басқа жағдайдың бәрі бейбіт түрде өтеді, егер діни бірлестіктің ресми тіркеуі болса, ол арнайы белгіленген жерлерде жиналыстар өткізе алады, дұғаларын оқып, дінінің тарихын зерттей алады және мерекелерді ұйымдастыра алады. Егер мемлекет тек исламдық болса, онда бұл мүмкін емес болатын еді, өйткені мұндай жүйе өз азаматтарынан имандылықты талап етеді.

Тағы бір артықшылық – міндетті орта білім және белгілі бір конфессияға жататынына қарамастан, жоғары білім алу мүмкіндігі. Сонымен қатар Қазақстан азаматы діни білімді, яғни христиандық немесе мұсылмандық оқу орнында оқи алады, оған ешқандай кедергі жоқ. Әрине, зайырлы мемлекетте әйелдерді кемсітудің болмауы да маңызды. Олар ер адамдармен тең дәрежеде оқиды, жоғары мемлекеттік лауазымдарды иелене алады және таңдау жасауында еш шектелмейді.

Зайырлы мемлекет тыйым салынбаған кез келген дінді ұстануға ғана емес, сонымен қатар оны ғылым тұрғысынан зерттеуге, маман болуға мүмкіндік береді.

Діни бірлестіктердің мемлекеттік істерге араласпауы. Қазақстанда діни сенімдерге негізделген саяси партиялар ұйымдастыруға тыйым салынады, яғни барлық мемлекеттік қызмет діннен толық бөлінген. Себебі зайырлы мемлекеттің принциптерінің бірі – ресми діннің жоқтығы болғандықтан, бұл ешбір діни бірлестік құқықтың қайнар көзі ретінде әрекет ете алмайды және заң актілерінің негізін белгілей алмайды дегенді білдіреді. Бұл азаматтың қандай да бір дінді ұстанып немесе ұстанбағанына қарамастан, заң алдындағы теңдігінің негізі. Олар құқық бұзушылықтар мен қылмыстар үшін бірдей деңгейде жауапты болады.

Әртүрлі халықтардың дәстүрлерін сақтау.  Зайырлылық – елімізде тұратын барлық этностардың дәстүрлерін, мәдениетін, тілі мен тарихын сақтауды қамтамасыз етеді.

Халқымыз ғасырлар бойы дінді руханияттың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Бабаларымыз ұстаған Исламдағы адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік сияқты асыл құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын.

Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткен тарихымыз, болашағымыздың кепілі.

 

Бердуәлі Өтеген

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

дінтанушы маманы                                                                       

0 пікір